БілімРухани жаңғыру

Бір жылдағы жетістік

Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан мақаласы ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек.

ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтарының бірі — білім. Осыған орай бүгінде жастары­мызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім ошақтарынан тереңдетілген білім алып, халқымыздың игілігіне жұмыс істеуге баулу жолында еңбек етудеміз. Қазіргі таңда мектебімізде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта биылғы оқу жылында 47 түлектің 13-і «Алтын белгі», 15-і «Ерекше аттестат» иегерлері атанып, өз білімдерін Ұлттық бірыңғай тестілеуде дәлелдеп шықты.  Орташа көрсеткіш — 109,9 балл, мектеп-интернат облыста бірінші орынды иеленді. Ең жоғары балл — 136 балл. Жоғары ұпайды ерекше куәлік иесі Жанат Жүсіп алды.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың 80 пайызы физика-математика және химия-биология бағытын таңдап, тест тапсырған 46 оқушының 36-сы 100 балдан жоғары ұпай жинады. Шахматтан әлемдік жетістіктерге қол жеткізіп жүрген оқушымыз Болатбек Мыңбаев мектеп қабырғасында жүріп Чехияның «Бизнес мектебінің» студенті атанса,  Жандос Барсай физика пәнінен республикалық олимпиада жүлдегері болғандықтан, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің грантына ие болды. Халықаралық және республикалық ғылым додаларында биік шыңдарды бағындырып жүрген «Алтын белгі» иегерлері облыс әкімінің қатысуымен өткен «Жас түлек» салтанатты шарасында  «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесіне жолдама алды.

Көптеген елдерде жасалған зерттеулерге сүйенсек, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарын басқарудағы бәріне ортақ қасиет, ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден-бір факторы — педагогтерді дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» — деп тұжырым жасалған. Мұндай жетістіктер оқушыларды мектепке қабылдау кезіндегі  мектеп тарапынан қойылатын талаптар мен әлеуеті жоғары ұстаздардың құзіреттілігі мен жаңашыл ұстанымдарының нәтижесінен деп білеміз.

Осыған орай оқушыларды жаңа оқу жылының 5-сыныбына қабылдау кезеңі де сәтті аяқталды. Қабылдау емтиханының жүргізілу барысына тәуелсіз бақылаушылар облыстық білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі Гүлжан Дулатбай және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің консультанты Динара Базарғалиева қатысты.

Алдағы оқу жылына жалпы саны 215 оқушы өтініш білдірді, оның 78-сі — ауыл балалары. Осы оқушылардың 48-і қабылдау сынағынан сүрінбей өтті. Жалпы қорытынды бойынша қабылдау кезінде ауыл балаларына басымдық беріліп, 1 сынып комплектісі толығымен жасақталды. Қабылданған оқушылар мен олардың ата-аналарына алдағы уақыттағы ескерілетін мәселелер таныстырылып, жазғы тапсырмалар берілді. Ата-аналар өз тараптарынан қабылдау кезіндегі ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына үлкен ризашылықтарын білдірді.

С.НҰРАЛИНА,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button