Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Мемлекеттік баж алымынан босатылатыным рас па?

Мен — жасым 75-ке келген көп балалы анамын. Кеңес Одағы тұсында берілген «Ардақты Ана» төсбелгім бар. Мемлекеттік немесе жеке меншік нотариустарға нотариалдық іс-әрекеттер жасатуым үшін маған қандай жеңілдіктер қарастырылған? Естуімше, кез келген нотариалдық іс-әрекеттер жасалғаны үшін төленетін мемлекеттік баж алымынан босатылатыным рас па? Газет арқылы жауап берсеңіздер екен.

Cания НҰРСАҒИЕВА,

Ардақты Ана.

ҚР Салық кодексiнің 502-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдар, I және II топтағы мүгедектер, оралмандар (Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты), «Ардақты Ана» атағы берiлген, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар барлық нотариаттық iс-әрекеттер бойынша мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.

Жұмысынан айырылуына байланысты  қызметкерлерге берілетін өтемақы төлемдері қандай?

Жұмыс берушi мынадай жағдайларда:

1) жұмыс берушi — заңды тұлға таратылған не жұмыс берушi — жеке тұлға қызметiн тоқтатқан жағдайда жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда;

2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқарған жағдайда жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге жұмысынан айырылуына байланысты айлық орташа жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлемiн жүргiзедi.

Еңбек шартын жасасу кезiнде жұмыс берушi еңбек жағдайлары туралы дәйексiз ақпарат берген не жұмыс берушi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын бұзған жағдайда қызметкердiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс берушi қызметкерге жұмысынан айырылуына байланысты үш айға орташа жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлемiн жүргiзедi.

Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемiнiң неғұрлым жоғары мөлшерi көзделуi мүмкiн (ҚР Еңбек кодексінің 157-бабы).

Қандай жағдайларда тараптардың, оның ішінде қызметкердің еркінен тыс  мән-жайлар бойынша еңбек шарты тоқтатылады Еңбек шарты тараптардың еркiнен тыс мына мән-жайлар бойынша:

1) қызметкер әскери қызметке шақырылған (кiрген) кезде қызметкер тиiстi құжатты ұсынған күннен бастап үш күн мерзiмнен кешiктiрiлмей;

2) қызметкер не жұмыс берушi-жеке тұлға еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкiндiгiн болғызбайтын жазамен сотталған сот үкiмi заңды күшiне енген кезде;

3) қызметкер не жұмыс берушi-жеке тұлға қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкердi не жұмыс берушi – жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кеттi деп таныған жағдайда;

4) сот қызметкердi әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған, соның салдарынан қызметкердiң бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкiндiгi болмайтын жағдайда;

5) бұрын осы жұмысты атқарған қызметкер жұмысына қайта алынған жағдайда тоқтатылуға тиiс.

2. Сот үкiмiнiң, шешiмiнiң заңды күшiне енген күнi немесе қызметкердiң қайтыс болған күнi еңбек шартының тоқтатылған күнi болып табылады (ҚР ЕК 58-бабы).

Жалақының мөлшерi қандай негіздермен белгіленеді?

Қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi қызметкердiң бiлiктiлiгiне, орындалатын жұмыстың күрделiлiгiне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгiленедi. Белгiленген жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын (еңбек мiндеттерiн) орындаған қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңында белгiленген айлық жалақының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға тиiс (ҚР ЕК 121-бабы) .

Жалақының ең төменгi мөлшерi қалай белгiленеді?

Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы ҚР заңымен жыл сайын белгiленетiн айлық жалақының ең төменгi мөлшерi ең төмен күнкөрiс деңгейiнен кем болмауға тиiс және ол қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдерi мен әлеуметтiк төлемдердi, сыйлықақылар мен басқа да ынталандыратын төлемдердi қамтымайды және жұмыс iстелген уақытқа барабар төленедi. Еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi стандарты тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы ҚР заңында белгiленген айлық жалақының ең төменгi мөлшерiн және салалық келiсiмдерде анықталып, ҚР Үкiметi бекiтетiн салалық арттырушы коэффиценттердi есептеуден айқындалады. Өз еңбек мiндеттерiн (еңбек нормаларын) орындаған қызметкердiң сағаттық жалақысының ең төменгi мөлшерi тиiстi күнтiзбелiк жылдағы жұмыс уақыты балансына сәйкес орташа айлық жұмыс сағатының санына бөлiнген айлық жалақының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға тиiс.

Бiрiншi разрядты қызметкердiң еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарында және жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген айлық жалақысының ең төменгi мөлшерi немесе айлық тарифтiк ставкасының мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы ҚР заңында белгiленген айлық жалақының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлер үшiн – еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi стандартынан кем болмауға тиiс (ҚР ЕК 122-бабы).

Жұмыс берушімен  еңбек шартын жасамастан  ауызша келісім бойынша жұмыс жасаған қызметкердің  құқығы заңмен қорғала ма?

Еңбек шартының қолданылуы оған тараптардың қолы қойылған күннен не шартта белгiленген күннен басталады. Яғни, қызметкердi жұмысқа нақты жiберу еңбек шартына тараптардың қолы қойылғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады.

Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек шарты болмаған немесе тиiстi үлгiде ресiмделмеген жағдайда, ол ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кiрiскен күннен бастап туындады деп есептеледi  (ҚР ЕК 38-бабы).

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

8 (7132) 51-04-13, 8-702-318-04-13.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button