Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нәтижесі

Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нәтижесі

Ақтөбе қаласында Ойыл ауданының күндері өтеді. Ойыл — өзіндік тарихы, өсу-өркендеу жолы бар өңір.  Әсем табиғатымен баурайтын құтты мекеннің  бүгінгі дамуына қажыр қайратымен үлес қосып отырған еңбеккер қауым да жетерлік. Облыс орталығында өтетін ертеңгі шараға ойылдықтар толымды табыспен келді. Осы өңірдің үстіміздегі жылдың өткен бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы аудан әкімі Бұлбұл Күзембаевамен әңгімелескенімізде бұған анық көзіміз жетті.

Кәсіпкерлік өсіп, табыс ұлғайды

 Ауданның жергілікті бюджетінің орындалуы 130,4 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 119,4 пайызға, оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін  салықтардың  жоспары 21301,8 мың теңге артық түсіріліп, 119,5 пайызға орындалған.

Бюджеттің шығыс жоспарының атқарылуы 1224431,7    мың теңге болып, 99,9 пайызға игерілген.

Аудан экономикасының нақты секторында негізгі көрсеткіштердің орындалуына тоқталсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 465,4 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,1 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1003,2 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе артқан немесе  237,8 пайыз.

Бюджеттік көрсеткіштердің жақсаруы — кәсіпкерлік саланың нығаюымен байланысты. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілер саны 43 бірлікке  артып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,9 пайызға өсіп,  аудан бойынша 773 бірлікке жетіп  отыр.

Кейінгі жылдары аудан дәстүрлі емес кәсіпкерлік саласына ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда ауданда 4 құс шаруашылығы, 4 сүтті тұқымды ешкі өсіру шаруашылықтары жұмыс жасауда.  Өткен жылы жұмысын бастаған жеке кәсіпкер Ойыл орман шаруашылығы аумағынан бал арасын өсіру жұмыстарын жалғастыруда.

Балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі таңда 1 шаруа қожалығы, 1 жеке кәсіпкер айналысуда.

Ойылдық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана бастады. «Бизнестің жол картасы — 2020», бағдарламасы шеңберінде Саралжын ауылдық округінен бір шаруа қожалығына 120 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара  малдарын  алуы үшін 45,0 млн теңге несие алуға, сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында ұйымдастырылған байқауда  жүн-тері өңдеу  жобасы бойынша 1 жеке кәсіпкерге  1,5 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант алуына қолдау көрсетілді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 22 адамға шағын несие беруге 179000,0 мың теңге, кепілдік берілген шағын несие беруге 18757,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар басталуда.

Бүгінгі таңда «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқытылып, өз жобаларын қорғаған 51 адам шағын несие алу үшін жұмыстарын жүргізуде.

 Екі сала қатар өркендеуде

 Ауданның тіршілігі — ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Кейінгі жылдары байырғы мал шаруашылығымен бірге, егіншілік қатар өркендетуге айқын бағыт ұсталуда. Айталық, тек осы жылы егіс шаруашылығында 620 га арпа және 1005 га тары, 50 га мақсары дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда арпа 400 гектарға, тары 710 гектарға ұлғайды. Суармалы егіс  бойынша 95 га жерге картоп, 101 га көкөніс, 48 га бақша дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда суармалы егіс 36 гектарға өсті. Суармалы тары 55 гектардан 120 гектарға ұлғайтылды.

Жыл басынан 20 ауыл шаруашылығы субъектісіне 24631 га жер учаскесі табысталып, жыл басымен салыстырғанда пайдалануға берілген жер көлемі 562591 га жерді құрап, 21 пайызға өсті.

Әрине, Ойыл өңірінің негізгі шаруасы — мал өсіру. Бұл салада жақсы өсім бар.  2017 жылғы 5 айда мүйізді ірі қара 39049- ға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,9  пайызға,  қой-ешкі 178139-ға жетіп, 100,8 пайызға,  жылқы 8695-ке жетіп, 128,5 пайызға, түйе 77-ге жетіп, 104,1 пайызға, құс 29600-ға жетіп, 101,7 пайызға артты.

Ет өндіру өткен жылмен салыстырғанда 102,8 пайыз, сүт 102,8 пайыз, жұмыртқа 101,6 пайыз, жүн 101,0 пайызға артып, нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2178,2 млн теңгені құрады. Немесе өткен жылмен салыстырғанда 103,0 пайызға артты. Тек биылғы жылдың өзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалығы 49 мүйізді ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 50 қой сатып алды. Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру бағытында 213 мүйізді ірі қара, 101 асылтұқымды қой  сатып алынды.

Ауданда өткен жылы құрылған 12 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс жасауда, олардың 6-уы мал шаруашылығында, 6-уы аралас бағытта. Биыл 50,0 млн теңге инвестициялық жобаны құрайтын «Тәжібай-Агро» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі ет өңдеу бағытындағы ауыл шаруашылығы кешенін құру бағытында жұмысты қолға алды. Қазір құрылыстарын салып, инфрақұрылым жасақтауда;

«Көбек» шаруа қожалығы базасында асыл тұқымды мүйізді ірі қара репродуктивті шаруа қожалығын құру шаралары қабылдануда.

ҰБТ бойынша облыста үздік

Әлеуметтік салада жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерiне ерекше көңiл аударылуда.

Аудан білім саласында жоғары жетістікке жетіп отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл  — 90,6 балды құрап, өткен жылмен салыстырғанда  7,5 балаға артып, облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Аудан орталығында балабақшаға кезекті азайту мақсатында 50 орындық жеке балабақша ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларға Көптоғай ауылдық округінің Шұбарши елді мекенінде және Саралжын ауылдық округінің Ақкемер елді мекенінде 60 орындық мектептердің   құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық құрылыс басқармасы арқылы Бестамақ елді мекенінде 50 орындық мектеп құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.

Облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген  «Көкжар» жәрмеңкесінің 150 жылдық мерейтойын өткізуге арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бағытында облыстық басқармалармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, 4 ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Құрылыс саласы бойынша жұмыстардың көлемі, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 183,6 пайызға  артық  орындалса, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 1980 шаршы метрді құрап, 100,6 пайызға өсті.

Аудан орталығында 15 бір пәтерлік, 6 бір пәтерлік тұрғын үйлер  құрылысы жүргізілуде.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аудан орталығы көшелеріндегі жүргіншілер жүретін жол ағымдағы жөндеуден өткізілуде.

Аудан халқының 73,3 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылып отыр. Ағымдағы жылы Көптоғай ауылдық округінің Амангелді елді мекенінде ауызсу құбыры құрылысын бастау үшін 100,0 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталуда. Қайыңды ауылдық округ орталығы Ақжар және Берсиев ауылдық округінің Құмжарған елді мекендеріне ауызсу құбыры құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттары  дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.