Ауыл

Қыстаққа электр желісі тартылды

Мемлекеттік бағдарлама

Шаруасын уақыт көшінен қалдырмай отырған жігіттің бірі — Әлібек Өмірғалиев. Өзі осы Көптоғай өңірінде туып-өсті. Әскерге барып, оқығанда болмаса елден табан аударған жоқ. 2006 жылы қолда бар азын-аулақ малымен «Досым» шаруа қожалығын құрып, кәсібін бастады. Он жылда орайлы шаруа жемісін беріп, бір отар қой болып, ірі қара 100-ге жетті, үйірлі жылқысы тағы бар. Ауылдан дүкен ашып алды. Шаруасы дөңгеленіп, бір әулеттің — бес отбасының тіршілігіне тірек болар іргелі ұжымға айналды.

…Ауылдың қай шаруасы да оған таңсық емес еді. Әрине, өзі бір уығына жараған шаруашылықтың көз алдында құлдырағанын көргенде іші удай ашыды. Жекешелендірудің желеуімен талай дүниенің талан-таражға түсуіне араша тұра алмағанына қатты налығаны да рас. Әсіресе, алып шаруашылықтың тұсында әр қыстақтарға тартылған электр желілерді айтпағанда, бағаналарының да бір түнде жоғалып кеткенін көрді. Қашанда аузынан тәубесі түспейтін жігіт келешекке сеніммен қарап, жақсылық күтті. Сол күн көп күттірмей туды. Бірақ, кешегі бүлінген істі қалпына келтіру оңай болмады. «Әжәйіп» қыстағына іргесінен өтіп жатқан электр желісін тартуды көп ойластырып, біраз жұмыстанды. Шындап қолға алып, сұрастырып көрсе, тіпті шамалы адамның шамасы жетететін қаржы емес екен. Сосын жолдарын іздеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды дамыту» талабымен іс-қимылға кірісті. Алайда 2014 жылы дереу іске кірісіп, құжаттарын жинақтауды қолға алғанымен, кешігіп қалды. Әйтсе де үміт үзілуге қалғанда аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен осы бағдарламаға қаражат бөлдіріп, өткен күзде бұл іс қолға алынды. Соның арқасында малшы ауылға жарық келді. Іргеден өтіп жатқан жоғары кернеулі желіден 145 метр желі тартылып, электр қуатын реттегіш трансформатор қойылды. Сол трансформатордан пәтерге дейінгі аралық та біраз жер. Бірақ, бірнеше жыл жүріп күткен игілікті көруге асыққан Әлібек екі араның бар шығынын өзі көтерді. Әрине, бұған дейін де жарықсыз отырған жоқ. Жанар маймен жүретін электр қуатын өндіретін Қытайдан шыққан шағын моторларды пайдаланды. Олардың талайы жанып кетіп, шығынға да батты. Шағын дүние бір үйдің қажетін үздіксіз өтеуге шыдамайды екен. Қазір «көзіміз ашылды» дейді қыстақ басындағы шаруалар.

Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың біреуі ғана. Әлібек шаруалардың мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлі де біраз игіліктерді пайдалана алмай отырғанын мойындайды. Құжат жинаудың машақаты көп. Кепілдікке қоятын ауылда мүлік жағы қиын.

Әлібек Өмірғалиевтің қыстағына электр қуаты желісінің тартылуы — мемлекеттік бағдарламаның игілігі. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының  екінші бағыты аясында жергілікті бюджеттен 10,0 млн теңге қаржы бөлініп, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі өткен жылғы қыркүйек айында электр қуатын өндіретін жел-күн электр стансаларын сатып алуға ашық конкурс  өткізді. Соның нәтижесінде қараша айында әрқайсысы 2000 Вт электр энергиясын өндіретін жел-күн электр стансалары «Исимова Б» мен «Нұргүл», «Дәулет», «Бек-Нұр» және «Дәурен-С» шаруа қожалықтарының қыстақтарына орнатылды.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button