Ауыл

«Өрлеу» бағдарламасымен өрледі

«Өрлеу» бағдарламасы бойынша облыс көлемінде Мәртөк ауданы алғашқылардың бірі боп қамтылды. Соның нәтижесінде аудан көлемінде біраз отбасылар қаржылай көмек алды. Солардың бірі — Вознесеновка ауылының тұрғыны Александр Вышебаба. Ол — 3 баланың әкесі, өмірдің қиын жағдайына тап болған азамат, біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Ал қазір Александр өзінің сол қиындықтан қалай шыққанын былай сипаттайды.

— Аталмыш жоба туралы естігенім бар еді. Ауыл әкімдігінде жобаның жай-жапсарымен таныстырып, қатысуға ұсыныс жасады. Мен тілек білдіріп, іске кірістім.  150 мың теңгені екі бөліп берді. Алғашқысына бес торай әкелдім, екінші жартысына 40 тауықтың балапанын және 3 қоян алдық. Ескі қора-қопсыны ретке келтіріп, жөндедім, қояндарға арнайы тор жасадым. Балапанды үлкен қызым күтеді. Өзімді ауыл әкімдігі жанына ақылы қоғамдық жұмысқа қабылдады. Менің айтайын дегенім, «Өрлеу» жақсы бағдарлама екен. Ол өмірге деген құлшынысымды оятып,  ілгері басуыма жағдай жасады, — дейді ауыл шаруасы.

Александр Вышебаба осы кәсібінің арқасында күзде балаларын мектепке дайындай алатынына сенімді. Осы арқылы  қысқы азығын қамдап, отын-су жинап алуға да мүмкіндік туып отырғанын айтады.

— Күзге қарай бір аналық шошқаны алып қаламын да, келесі жылы көбейтемін. Сол сияқты тез көбейетін қояннан да тұқым қалдырмақпын. Сөйтіп, әрі қарай шаруашылығымды дамытамын, — дейді Александр бізбен алдағы мақсаттары туралы ой бөлісіп.

А.ҚАЗЕКЕНОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button