АуылРухани жаңғыруӘлеумет

Туған жерге туыңды тік

Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Н.НАЗАРБАЕВ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

 

Мал қалғанша, тал қалсын…

Бұл — бабаларымыздың кейінгі ұрпағына қалдырған өсиеті. Бір қарыс жер үшін күресіп, қанын төгіп, керек болса жанын да құрбан еткен батырлар Байғанин топырағында баршылық. Сондықтан да Ақтөбе қаласында тұратын төрт азамат кездесіп қалғанда қатар ағып жатқан Жем, Сағыз өзендері бойындағы ауылдарға барып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді еске алып, шалғайдағы жерге тал егуді ойластырғанбыз.

Сонымен облыстың бас педиатры, ғылым кандидаты Аманжол Тұяқбаев, кәсіпкер Серік Әбілжанов, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы филиалының директоры Ізімғали Көбенов және осы жолдардың авторы Байғанин ауданына аттандық. Мақсат — «Туған жерге тағзым» акциясына өз үлесімізді қосу. Тал егу, баһадүр Бөкенбай батыр жатқан қорым мен «Ақбұлақ» әнінің авторы ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың шағын мемориалдық кешенін көркейту. Жол жүрер алдында «Сірә, ауданға барамыз ғой, орталықтағы әруақты батыр Бармақ Алдасайұлының ескерткішін аттап кетпелік, рухы риза болсын» деген ниет білдіріп ем, сапарластарым өте дұрыс деп қоштады. Ақтөбедегі базардан барып мамыргүл түптерін алдық.

Қарауылкелдінің бас көшелерінің біріне Бармақ батырдың есімі берілген. 2015 жылы Бармаққа ескерткіш тұрғызылды. Көліктен түсіп жақындағанда, ескерткіш қақпасы байланған жуан сым темірді көріп, тұрып қалдық. Сонда бұл тұлғаға ешкім келмейді де, тіпті көңіл де бөлінбейді-ау деген ой келді. Жүргізушілердің бірі темір кесетін қысқашты алып келіп, сым темірді шаққа бұрап, қақпаны ашып кіруге мүмкіндік жасады. Көз алдымызда дәл ескерткіш түбіне қатарластыра қойған отырғыштар мен әр жерде енді ғана бүршік жара бастаған ағаштар ғана бар. Ескерткіш жанынан он метрдей жерде су құбыры жүріп жатыр, дәл сол жерде Бармақтың ұрпақтары тұрады. Олардан да бір жанашырлық болмағаны ма деген ой санамыздан кетпеді. Жақында Алматыдан арнайы келіп кеткен баба ұрпағы Құттыбай деген азамат та қайтар шағында телефон шалып мұңын шаққан-ды. Елім, жерім дейтін азамат Ізімғали Қарауылкелдіге арнайы көршілес облыстан екі жүзден аса тал дарағын алдырып бергендігін айтып, ішкі саясат бөлімі қызметкерлеріне аманат етті.

Кейін хабарласқанымызда оны аудандық аурухана ұжымы алып егіп жатқандығын жеткізді. Ескерткіш қақпасына тағы да жуан сым темір байланды. Көлденең жүрген мал кіріп кетпесін дейтін шығар. Бір ауданнан бір қара құлып табылмағаны ма, өзіміз-ақ әкелетін едік қой деп сапарласымыздың бірі өз ойын айтты. Ескерткішке гүл шоғын егіп, көркейтер күш жоқ па, аудан орталығындағы колледж, орта мектеп дәл іргесінде тұр. Ашығы, жанашырлық жоқ. Батыр атындағы көше тұрғындарын неге ұйымдастырмасқа? Бұл сауалға іспен жауап беруді аудан, селолық округ басшыларына аманаттадық, содан соң ауданның бұрынғы орталығына бағыт алдық.

Жарқамысқа сапар

Қарауылкелдіден шығып, Жарқамыстың жолына түсе бергенде сапарластарыма бұл жерде аспаннан қайсы бір заманда түскен метеорит бар деуім мұң екен, Серік «бұл бір ғажап сапар болғалы тұр, көрелікші» деп қызығушылық танытты. Талай рет газетке жазылып, суретке түскен, көктен келіп жерден мекен тапқан Үйтас алыстан қарағанда қараша үй секілді. Метеорит бірнеше бөлікке бөлініп түскен. Аспаннан жанып келіп осы жерге құлаған. Қаратастың қызудан балқығаны түсінен байқалады. Қай ғасырда түскені белгісіз, тасқа қына да шыға бастаған. Үйтасты бір ойға шомылдырып, қара жолға түстік. Бір кездері асфальттанған жолдың берекесі кеткен. Жүру мүмкін емес. Мұнайшылардың алып машиналарының доңғалақтары көктемде ойып із қалдырған. Амалсыздан жол жиегімен жүріп отырдық. Осы жүз он шақырым жолды жөндеудің реті келмей-ақ қойды. Кешкі бесінде ертеңгі жұмыстарымызды жоспарлау үшін Бөкенбай батыр қорымы мен Бәкірдің Ақбұлағы басына бардық. Өткен жылы біршама жұмыстар атқарылғаны байқалады. Баһадүр батыр мен ақын рухына тағзым етіп, жеті шақырымдай жердегі Жарқамыс аулына ат басын тіредік.

«Бұл — тарихи жер. 1928 жылы аудан құрылғанда Жарқамыс орталығы болған. Кешегі заманда күніне Ақтөбеден екі рет ұшақ ұшып келіп кететін. Жолаушысы да, тіпті Алматыдан шығатын газеттер де сол күні Жарқамысқа жететін». Ертеңіне Жарқамыс селолық округінің әкімі Руслан Обаевты кеңседен кездестірдік. Жарқамыс орта мектебіне кіріп шыққан соң, жоспарлы жұмыстарымызға кірістік. Біз егер тал түптеріне шұңқырлар қазғанша, су толтырған бөшкелер мен көңдерін тіркемеге салып, жергілікті әкім де қосшыларымен келе қалды. Биік төбе басындағы жерден аймақтың көлемі жан-жақтан мен мұндалап тұр. Рухы асқақ Бөкенбайға осы жерден топырақ бұйырған. Елге жау тиді дегенде бөрікті түрікпеннің бес мың жәумітіне бес жүз сарбазбен қарсы шыққан батыр. Жау жағадан алғанда жасы сексеннен асса да ерлікпен күресіп, шәйіт болған. «Сол шайқастан соң түрікпеннің бір батыры «ай, ағайындар, баһадүр Бөкенбайды өлтіріп алғанбыз ғой» деп өкінген екен» дейді қариялар.

Ел азаматтарының қорымға қойған тас ескерткішінде баһадүр Бөкенбайдың ерлігі жазылған. Бұл төбе — ұрпаққа мәңгілік ескерткіш, тағзым етер қасиетті орын. Өткен жылдары отырғызылған тал түптерінің бірсыпырасы бүршік жарған. Суарылмағандықтан бірқатары солып қалған. Сондықтан қураған ағаш түптерін алып, орнына жаңасын ектік. Төбе басы құмайт деп қапшықпен әкелінген көңді шұңқырларға салуды ескерткен округ әкімі ауылдастарына шұғыл қимылдауды талап етіп, суаруды міндетіне алып, іске кірісіп кетті. Әттең, бір үлкен су құятын бес-алты тонналық ыдыс болса деп тіл қатты. Бұрын  сондай ыдыстар баршылық еді, бәрін металға тапсырып жіберген.

Бәкірдің Ақбұлағы

Бөкенбай батыр қорымының солтүстік жанындағы сайда ақын Бәкір Тәжібаевтың әнге айналған, бірнеше құрлықтағы бауырларымызға әсем әнімен танылған мөлдірей ағып жатқан әйгілі Ақбұлақ бар. 2012 жылы облыста «Көркейе бер, туған жер» акциясы бастау алғанда сол жылдары аудан әкімінің орынбасары болып қызметке кіріскен Шара Қуанышқызымен Ақбұлақ басына келіп, бұны былай қалдыруға болмайтындығы туралы ой салғанбыз. Ой жүзеге асты. Ақбұлаққа ақын Бәкірдің суреті салынып, өлең жолдары жазылып қойылды. Осыдан бірер жыл бұрын Бәкір Тәжібаевтың тоқсан жылдығына орай, Астанадан Ақбұлақ жайлы телехабар түсіру туралы тапсырма келді. Сазгер шығармашылығына орай зерттеу жүргізген Орал Байсеңгір, тағы да басқа азаматтардан естеліктерді бейнелі көріністерге жазып алып, ал енді Ақбұлақты түсіру керек дегенімізде сол кездегі аудан әкімі Мамырғали Аққағазов «Ойпырмай, қалай болар екен, бір жоспарымды жүзеге асырайыншы, Ақбұлақты ел көретіндей етейін» деп тоқтау салған-ды.

2016 жылы көп жұмыс атқарылды. Ақбұлақтың басы қоршалды. Темір стелла орнына қара граниттен ескерткіш белгі қойылды. Бұлақтан ескерткішке өтер жолға шағын көпір салынды. Тал егілді, бұлақтың көздеріне суағарлар орнатылды. Ауданда Бәкір әндерінің күндері өткізілді. Ел де бір мерейленіп қалды. Ақбұлақтың бір шетінде Бөкенбай сайы бар. Батыр атамыз осы жерде он мыңдай жылқы түлігін ұстаған. Жауға шабар кезде сарбаздар осы жылқыларға мінген. Үйір-үйір жылқыны Ақбұлақтың суынан суарған дейді көне көздер. Бұлақтың суын бөгеп, Бөкенбай сайына жіберген. Сонда батыр жылқы бұлақтың көзінен су ішер болса көміліп қалатындығын ескерген екен. Бұл — қоршаған ортаны қорғаудың сол заманғы іс-әрекеті. Осындай тарихтан қалған әңгімелерді айтып жүріп, Ақбұлақтағы қоршау ішіне тал ектік. Сылдырап ағып жатқан бұлақтан шелектеп су әкеліп суардық.

«Осы еңбегіміз тағы да құр босқа кетпес екен» деп мазаланғанымызда, сөзге құлақ тұрған Руслан өз бақылауына алатындығына сендірді. Аптасына бір рет келіп тұрамыз деп уәде берді. Ашық сөйлейтін елгезек жас әкімге үлкен үміт арттық. Батыр мен сазгердің қасиетті орындарын көркейтуге бұрын осы Жарқамыста әкім болған Дербіс Сәндібайдың көп үлес қосқанын айту абзал. Халықты ұйымдастырып, жұмыс жасаған.

Жарқамыста тоқсан жылдық тарихы бар мектеп бар. Аурухана, кітапхана, клуб секілді мекемелер де қызмет көрсетеді. Ел іргесіндегі екі ескерткішті есінен шығармай, бақылауға алынса деген пікірімізді білдірдік. Алайда округ әкімі мектеп ұжымының сенбілікке шығу турасындағы ісіне көңілі толмайтындығын айтты. Мектептің ауласынан шықпайды. Бұйрық бар дейді. Ел ортақ, жер ортақ. Ұстаздардың қол ұшын беріп, шәкірттерді еңбекке баулуға қарсы кім бұйрық берген? Ойланатын шаруа.

Тағы бір айтар нәрсе, Байғанин ауданында неге орман шаруашылығы мекемесін ашпасқа? Шөлейт аймаққа кім тал түбін береді екен деп отырмай, осы өңірде орман мекемесін ашса, барлық округтер үшін тиімді болар еді. Ашылып жатса тұрғындарға да жұмыс орны табылмақ. Қарағаш емес, жеміс беретін тал түрлерін өсірсе, ел алма, алмұрт, тағы басқаларына қарық болар еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, туған жерді көркейту, абаттандыру — көп болып жұмылар үлкен шаруа.

* * *

Ауылдағы мектептердің ескерткіштер маңын көгалдандыру ісіне қатысуы, қамқорлық жасауына байланысты пікірін білгіміз келіп, облыстық білім басқармасына хабарласқанбыз. Басқарма басшысының орынбасары Р.Бегімбетовтен: «… аталған ескерткіштер мектеп жанынан қашықтықта (ең жақыны 8 шақырым) орналасқан, көпшілігінің қасында немесе жақын маңда су жоқ. Сондықтан күнде қатынауға, күнделікті суарып, баптап-күтуге мүмкіндік болмай отыр» — деген жауап келді.

Ал түсініп көріңіз!

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Байғанин ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button