Білім

«Өрлеудің» баспалдақтары

Мерей

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 5 жылдығына орай аймақтағы облыстағы педагогикалық мұражайдың салтанатты ашылуы өтті.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының құрылғанына бес жыл толды. Айтулы датаға орай Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында облыстағы педагогикалық мұражайдың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Мерекелік шарада институт директоры Нұргүл Әбішева жиналғандарды мерейтоймен әрі институт жанынан ашылып жатқан алғашқы мұражайдың ашылуымен құттықтады.

— Облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ел аймақтарындағы 17 институттың бірі болып 2012 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» акционерлік қоғамының филиалы ретінде өз мәртебесін өзгертті.  Міне, содан бері 

«Өрлеу» бес жылда жоғары белестерді игерді. Ең бастысы —  педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жүйесі толықтай өзгерді, — деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Нұргүл Әбішева.

Н.Әбішеваның айтуынша, мереке қарсаңында орталықта бірқатар шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, үштілділік, педагогикалық қызметті критериалды бағалау бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы бойынша семинар, сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің «Өрлеу» курс тыңдаушыларымен кездесуі өткен. Сонымен қатар,  Челябинск, Орынбор, Финляндия, Беларусь педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттарымен, Қазақстанның және ТМД елдерінің  жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылған.

Бес жылдық мерекеге орай орталықтың алғашқы педагогикалық мұражайы Ақтөбеде ашылды. Мұражайдың салтанатты ашылу рәсімінде облыстық білім және  тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері, институттың бұрынғы директорлары М.Балябина мен Н.Абдоллаев, сондай-ақ, еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, мұражай қорын толықтыруға өз үлестерін қосты. Салтанатты шарада екі экскурсовод — институттың кітапхана меңгерушісі Нұргүл Ермекбаева мен кафедраның аға оқытушысы Әділет Қайдасов қонақтарды  мұражай экспонаттарымен таныстырды. Әзірге педагогикалық мұражайға біліктілікті арттыру институтының тарихы мен қызметі туралы мәліметтер, фотосуреттер, орталық жұмысына қатысты, жетістіктерге толы баспасөз мақалалары мен орталық жанынан шығарылатын ғылыми-әдістемелік құралдар топтастырылып қойылған.

Алдағы уақытта педагогикалық мұражайда тарих сабақтары мен кездесулер өткізіліп, курс тыңдаушылары үшін саяхат орны болмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button