БілімЖаңалықтар

Шетелдегі қазақ балалары бақ сынап жатыр

Жаңақоныс ауылындағы жаңа мектептің конференц-залында «Қазақстан — атажұртым, қасиетім-ана тілім» атты XІY Халықаралық олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.

Осы шараның мәдени-танымдық бағдарламасына сәйкес олимпиада қатысушылары Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық мұражайына барып, Әлияның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ана тіліміздің мерейін асқақтатуға, мәртебесін көтеруге әрі қазақ тілі мен әдебиеті бойынша  шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына арналған олимпиада бұған дейін  Қазақстанның түрлі қалаларында өткізіліп жүр. Биыл Ақтөбе қаласына кезек келіп жетті.

Оған 43 шетелдік оқушы қатысуда.

Олимпиаданың ашылу салтанатында Иран, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей елдерінен келген қатысушылар сахнаға жетекшілерімен бірге  шығып, атажұртына деген ақжарма  тілектерін айтты. Ақтөбелік оқушылар да қандас бауырларынан өз өнерлерін аяп қалған жоқ.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев олимпиада қатысушыларын құттықтап сөз сөйледі:

— Қадірлі қазақ тілінің жанашырлары! Атажұртын аңсап келген қазақ балалары! Олимпиадаға қош келдіңіздер! Қазір елімізді әлемге танытатын халықаралық  ЭКСПО көрмесі  өтіп жатыр. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздік алған бойда алыстағы қандастарымызды атажұртқа шақырып, олардың елге оралуына жағдай жасады. Елбасы айтқан ұлттық код дегеніміз — ол тілді сақтау. Шетелде жүріп өзінің тілін, салт-дәстүрін таныстырып жүрген сіздерге алғыс айтамын, — дей келіп, осы Олимпиаданы Ақтөбеде өткізуге сенім білдірген «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Ақашқызына ризалығын білдірді.

Олимпиаданың қазылар алқасының құрамында  Қ.Яссауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, сол университеттің түркология ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айткүл Досыбаева, танымал ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жанат Айтмұхамбеттер бар.

Ресейдің Самара облысынан келген Мейрамгүл Мұхамбетованы сөзге тарттық:

  • Бұл олимпиадаға осымен төртінші рет қатысып отырмын. Биыл 11-сыныпты бітірдім. Қазақ ауылында тұрамын, бірақ қазақ мектебі жоқ. Сондықтан ана тілімізді ұмытпау үшін ата-анам үйде үйретіп отырады. Олимпиаданың бізге берері көп, қазақ тілін тереңірек игеруге көмегі тиеді, болашақта Қазақстанда жоғары білім алып, отбасымда қазақ тілінде сөйлесіп отырсақ деп армандаймын, — дейді.

Ал Моңғолиядан келген Ақжарқын Күнтуған:

— Моңғолияның Байөлке қаласынан келдім. ХІІ Олимпиада — Қызылорда, ХІІІ Олимпиада Алматы қалаларында өтті, екеуіне қатысып, екеуінде де екінші орынды жеңіп алдым. Қазақстандағы додаға қатысу үшін Моңғолияда наурыз айында өтетін үлкен олимпиададан жеңіске  жетуің керек. Менің жеңіске жетуіме жетекші ұстазым Еркегүл Есенгелді апайдың еңбегі зор, — дей келіп, Ақтөбедегі олимпиаданың жақсы өтіп жатқанын, ұйымдастырушыларға алғысын, биылғы үміті Қазақстанның оқу орындарының біріне грант ұтып алу  екенін жеткізді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button