Спорт

Бесінші белес

Алға балалар үйінде балалар мен жасөспірімдер арасында бокстан дәстүрлі бесінші турнир өтті. Қатысушылардың көптігі мен географиясының кеңдігін ескерген облыстың спорт және туризм басқармасы бұл турнирді спорттық шаралардың  облыстың күнтізбесіне қосты.

Биылғы дәстүрлі турнир Ақтау, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Арал, Құлсары, Қандыағаш, Бадамша, Ембі, Хромтау, Алға мен Ақтөбеден келген 200-ге жуық жас боксшылардың басын қосты.

Турнирдің аты кеңге жайылғаны соншалықты, былтыр оған 500 жас боксшы қатысып, жекпе-жектер түн ортасы ауғанша созылыпты. Сондай жағдай қайталанбауы үшін, балалар үйінің директоры К.Байғазиннің айтуынша, ұйымдастырушылар әр командада ең көп дегенде алты адам ғана болуын талап етіпті.

Биылғы турнирге ресейліктерге де келген — жарысқа Дондағы Ростовтан екі спортшы білек сыбана кірісіпті. Оларды Алғада туған спортшы, 1990 жылы кәсіби боксшылар арасында Кеңес Одағының чемпионы болған, қазір Ростов қаласындағы бокс федерациясының вице-президенті, КСРО спорт шебері Марат Темірханов алып келген. «Жарыс керемет ұйымдастырылған. Деңгей жоғары. Алдағы уақытта құрамымызды кеңейтіп келеміз деп  ойлаймын», — дейді ол. Айта кету керек, 52 кг. салмақта жекпе-жекке шыққан Темірхановтың ұлы бірінші орын алды.  Ростовтық спортшылардың Алғаға келуіне  осы қаладағы ақтөбелік диаспораның жетекшісі Вячеслав Денисов қолдау көрсеткен.

Маңғыстау облысы жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерік Балжанов та жыл сайын турнирге өзінің тәрбиеленушілерін алып келеді. Бұл жарыстың жоғары деңгейде өткенін ол да атап көрсетті.

Турнир үш күнге созылды, соңғы қорытынды жасайтын күні 32 жекпе-жек болды.

Жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Мир БАЛМҰХАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button