Ауыл

Мәртөк ауданында тегін балабақша ашылмақ

40 орындық балабақша 6 шілде  — Астана күнінде  пайдалануға берілмек. Бұл туралы «Мәртөк тынысы» газетінің тілшісі Аманат Қалпиева хабарлайды.

Аққұдық округіне қарасты Достық (Веренка) елді мекенінде ақтөбелік «Аслан-Али» ЖШС  бес бөлмелі үйді жалға алып, жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен.

Әзірге сыртқы әрлеуге көп мән беріп жатырмыз. Шарбағы ауыстырылып, талдар қиылды. Ішкі шкаф, орындық, кереует сияқты жиһаздарға тапсырыс беріп қойдық. Ғимарат ішінде асхана, ойнайтын бөлме, екі жатын бөлме және медбике бұрышына арналған бөлме болады. Жергілікті жердің адамдарын жұмыспен қамтитын боламыз. Балабақша  меңгерушісі, тәрбиешілер мен олардың  көмекшілері,  күзетші де осы ауылдан болмақ. Бала саны өскен жағдайда ғимараттың арт жағынан бөлме қосуға мүмкіндік қалдырып отырмыз, — дейді серіктестік менеджері Саят Оңайбаев.

Ең бастысы, бұл балабақша бүлдіршіндерді ақысыз қабылдайды. Мұндай жаңалық ауылдықтарды қуантып тастады.

— Ауылымызда 40-қа жуық мектеп жасына дейінгі бала бар. Бір үйден екі немесе үш бала баруы мүмкін болғандықтан ақысын төлеу де оңайға тимесі анық. Өйткені мұнда жұмыс жоқ. Көбі малмен жан бағып отырғандар. Ал тегін бақша ашу арқылы болашақ иелерінің емен-жарқын білім мен тәрбие алуына жағдай жасап отырған кәсіпкерге алғысымыз зор. Тек қыс айларында ата-аналар отын жағынан көмектерін берсе болғаны, — дейді бақша меңгерушісі  Әлия Битурина.

ЖШС басшылығы да балаларды қуантуға асығып отыр.

                                                                                          Әзірлеген Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button