Ауыл

Ауылдық округке жедел жәрдем көлігі берілді

Жарлы — бір кездері шаруасы дүрілдеген Байғанин кеңшарының орталығы. Мұнда 2615 тұрғын бар. Ел еңбегімен өз тіршілігін көруде.

Теміржол мен тасжол бойындағы елді мекенді толғандыратын басты мәселе  — көгілдір отын. Көлтабан ауылдық округінің әкімі Сүлеймен Бітімбаевтың айтуынша, ауылға көгілдір отын құбырын тарту үшін бұдан бұрын бір рет сметалық жоба жасалған, бірақ ешқандай нәтиже болмапты. Сондықтан аудан орталығынан отыз шақырымдай қашықтықта тұрған Жарлы ауылы тұрғындарының билікке айтары көп.

Бүгінде Жарлыдағы балабақша ғимараты да ескі. Білім беру ғимаратының іргетасы 1986 жылы салынған. Бұл мәселе де қазір ауылдықтар үшін өзекті болып тұр.

Қазір ауыл маңында жайылымдық жердің жоқтығы да жергілікті тұрғындардың мал басын өсіруге кедергі келтіріп тұр. Бүгінде ауыл маңындағы 69 мың гектар алқапты «Еділбай-Байғанин» серіктестігі меншіктеп алған. Бұдан басқа да жекенің иелігіндегі көп жер пайдаланылмай, бос жатыр. Тағы бір мәселе — жайылымда су көзі тапшы. Сондықтан өрістегі мал түсте су ішу үшін ауылға ағылады.

Бүгінде жарлылықтарға медициналық көмек те мардымды деңгейде көрсетілмейді. Ауылдағы фельдшерлік акушерлік пункт меңгерушісі Бектемір Әбибуллин амбулатория Көлтабан мен Ноғайты ауылдық округіндегі 4 мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсететінін, алайда тозығы жеткен жедел жәрдем көлігі көп мәселенің туындауына себеп болып отырғанын айтты.

Жедел жәрдем көлігі ескі. 2005 жылдан бері пайдаланып келеміз. Екі округке қатынап, тозығы жетті. Жолда бұзылып, тұрып қалатын кездеріміз көп болады. Сондықтан жаңа медициналық көлік бөлінсе, жақсы болар еді.  Шақыртуларға округ әкімінің көлігін сұрап жүргеніміз, — дейді Б.Әбибуллин.

***

Қазір Көлтабан ауылдық округінде 38 шаруа қожалығы, 42 кәсіпкер тіркелген. Солардың ішіндегі көшбасшысы, жасы 80-ге таяған — Жексенбай Сабытай. Ол «Қостемір» шаруа қожалығын 1993 жылы құрған. Бүгінде қожалықта жүзден астам ірі қара, 43 жылқы және қой-ешкі өсірілуде. Қожалық қымыз өндіреді. Өнімді аудан орталығы мен көршілес Атырау облысына сатуға шығарады. Шаруашылық иелігіндегі 3 МТЗ-82 маркалы трактормен шөп шауып, тұрғындарға жеткізіп беруді жыл сайынғы міндетіне алған. Тәуекелшіл шаруа мемлекеттен төрт рет несие алыпты. Келер жылы несие қаражатын толығымен жабатынына сенімді.

***

Байғанин аудандық ішкі істер бөлімінде 50 полицей қызмет етеді. Полиция подполковнигі Бауыржан Бақтығалиев елді мекендерде түрлі қылмыстың алдын алу үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл осы кезеңге дейін пәтер тонау қылмысы  10 пайыздан 4 пайызға кеміген көрінеді. Сол секілді ауданда бұзақылық көрсеткіші азайған. Орталықта бірнеше жерге бейнекамера қойылыпты. Бұл өз кезегінде бұзақылықтың бетін ашуға көмектеседі. Б.Бақтығалиевтің айтуынша, қазір екі мал ұрлығы дерегінің беті ашылмай тұр.

Ол тұрғындардың көп жағдайда  жоғалған мал туралы екі-үш айдан соң арызданатынын айтады. Оның үстіне, ауылдық жерлерде мал өріске бақташысыз жіберілетін көрінеді. Сондықтан да құзырлы орган өкілдері мал ұрлығын болдырмау, ұрлықтың бетін ашу ісін тездету үшін жекенің малына таңба, сырға салуды жүзеге асыруды қатаң бақылауға алған.

Құқық қорғау қызметкерлері ел өмірінен жан-жақты хабардар болуға тиіс. Сондықтан бөлімдегі 50 полицей облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін екінші жартыжылдыққа жаздырып алмақ, — деген Б.Бақтығалиев аудандағы осы саланың 30 ардагеріне қос басылымға жазылуға мүмкіндік жасалатынын айтып сендірді.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандағы Көлтабан, Ноғайты ауылдық округтері тұрғындарына қызмет ететін бір жедел жәрдем көлігі бөлінді.

 Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button