АуылБасты жаңалықтар

Жомарт өлке — Қарғалы

Аудан күні

 

Табыс жалғаса береді

Қарғалы ауданының тұрғындары өз өлкелерін мақтаныш тұтады. Расында да, бұл өңірге келгенде Табиғат-ана мейлінше жомарттық танытқандай. Таулы, жазықты шұрайлы жерлері өте көп. Мемлекеттің көмегімен, өздерінің күш-қайратымен қарғалылықтар осы әсем өлкені түлету үстінде. Әрине, оның негізі аға ұрпақтың маңдай терімен бұған дейін қаланғаны да белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі даму қарқыны хақында аудан әкімі Рахат Сыдықов әңгімелеп берді.

— Осы жылдарда аймақты дамытуға байланысты өте көп жұмыстар жасалды. Оның ауқымының қандай екенін үстіміздегі жылдың төрт айының қорытындысынан да көруге болады. Мәселен, осы кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 645,5 миллион теңгеге жетті. Тек «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  ірі өңдеу шаруашылықтарының цехтары арқылы 153,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. Таяу уақытта қиыршық тас шығаратын жаңа зауыт өз жұмысын бастайды. Сол арқылы 30 жұмыс орны қосылады. Аудан көгілдір отынды пайдаланады. Көшелерді жарықтандыру, электр қуатымен жабдықтау мәселелері шешілген. Ауылдардың басым бөлігі бір орталықтан берілетін ауызсумен қамтамасыз етілген, — дейді әкім.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы да жақсы өркендеуде. Ағымдағы жылдың төрт айында бұл саланың жалпы өнімі ауданда 2 миллиард теңгеге жуықтаған. Ауданда мал саны өсіп келеді. Қазір бұл өңірде 15 мыңнан артық ірі қара, осыған жуық қой-ешкі, 2 300-дей жылқы, 2 мыңға шамаласатын шошқа бар. Әсіресе,  бұл ауданда ауыл шаруашылығының  дәстүрлі емес салаларын дамытуға мүмкіндік көп. Және осы мүмкіндіктер тиімді пайдаланыла бастады. Соңғы жылдары құс өсіру жедел өріс алды. Ауданда табысты салалардың жұмысының дұрыс жолға қойылуының нәтижесінде бюджетке түсетін салық, өзге де төлемдер жақсарды.

Өңір экономикасының тірегі — шағын және орта бизнес екені даусыз. Биылғы жылы ол мың бірлікке жақындады. Өткен жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес иелерінің өндірген өнімдерінің көлемі 115 пайызға өсті.

Қарғалы — облыстағы мол егіс салатын төрт ауданның бірі. Қырлық егіспен бірге, мұнда суармалы жерлердің көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. Мал және егіншілік ісімен ауданда 160 шаруа қожалығы айналысады.

Аудан әкімі өңірде құрылысқа кең өріс ашылып отырғанын айтады.  Айталық, тек осы жылы 34 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүрген. Жалпы көлемі мың шаршы метрден асатын 7 тұрғын үй қазірдің өзінде пайдалануға берілген.

Жері бай, өндірісі мен кәсіпшілігі дамыған өлкеде жұмыссыздық санаулы ғана. Мысалы, осы жылы жұмыссыздық ретімен 124 адам тіркелген. Егер ауданда жылдың төрт айы ішінде 133 жаңа жұмыс орны ашылғанын ескерсек, оларға да жұмыс табылады деуге болады.

Аудан әлеуметтік мәселелерді шешуімен де ілгері. Емханамен біріктірілген орталық аудандық аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория және 12 медпункт халыққа қызмет көрсетуде.

Ал білім беру саласы бойынша аудан облыста алдыңғы орындарда. Қазір мұнда жалпы орта білім беретін 17 мектеп жұмыс істейді. Оларда 2 238 шәкірт білім алады. Өңірде 6 балабақша болса, 17 мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме бала тәрбиесімен шұғылданады.

Қарғалы бойы таланттарға да бай. Мәдениет үйлері мен клубтар соларға, жаңа өнерпаздарды тәрбиелеуге қызмет етуде. Бұл ауданның өнерпаздары халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық конкурстардың жеңімпазы атанып жүр. Өнерлерімен танылған Нұрсұлтан Бекмұратовтың, Нұрдәулет Қуандықұлының, Венера Идиятованың, Роман Жуковтың есімдерін жерлестері мақтаныш етеді.  Осындай театр мен кино өнерінің жүйріктері бұл өңірде баршылық.

Шежірелі өлкенің  бай тарихы мен небір асыл жәдігерлері аудандық музейге жинақталған. Оның жәдігерлері музейдің 6 залын алып тұр.

Бұл өңір туралы айтқанда, ауданның намысын қорғап, жеңіске жетіп жүрген спортшыларды ұмытуға болмайды. Себебі, мұнда дене тәрбиесі мен спорттың дамуына мүмкіндік мол. Тек осы ауданда 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 16 спорт залы, 20 футбол алаңы, 5 хоккей корты жұмыс жасайды. Жастардың спортпен шұғылдануына 48 оқытушы, 15 спорт нұсқаушы көмектеседі.

Аудан әкімінің айтқанындай, шағын және орта бизнес саны үздіксіз артуда. Алайда ауданның экономикасын нығайтуға олармен бірге жеке тұрғындар да үлес қосып отыр. Әр тұрғын жеке шарбағында ондап сиыр, жүздеп қой,  құс өсіреді. Бұған біз ауданды аралап, ауылдардың өмірімен танысқан кезде көз жеткіздік.

Берекелі ауылдар

Ащылысай ауылдық округіне Ащылысай, Бозтөбе, Ақкөл, Преображеновка ауылдары кіреді. Осы ауылдарда 11 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Округтің халқының саны 1431 тұрғынды құрайды.

Ащылысай ауылында су құбыры  бар. Енді Ақкөл ауылына ауызсу жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жалпы округте 3 мектеп бар, оның екеуінде шағын балабақша жұмыс істейді. Ащылысай ауылында үлкен балабақша, ауылдық округтің орталығы Бозтөбеде дәрігерлік емхана қызмет көрсетеді.

Тек осы ауылдық округте 22 шаруа қожалығы, 4 ауыл шаруашылығы  саласымен шұғылданатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Округтегі тұрғындардың  жалпы санының 51 пайызы жеке кәсіпкер болып есептеледі.

— Бізде жұмыссыз  адам жоқ. Ресми түрде бизнесі болмағанмен, әр тұрғын өз бетімен жұмыс істейді. Ірілі-ұсақты мал ұстайды. Құс өсіреді.  Сөйтіп, күнкөрісіне жететін табыс табады. Әр шарбақта көкөніс, бау-бақша өсіріледі. Кемінде иелігінде 10 сотық жері болады.

Мемлекет ауылда жұмыс істеймін дегенге, қамқорлығын, қолдау-көмегін аяп отырған жоқ. Кәсіп ашуына барлық жағдайды жасауда. Осы бағытта түрлі бағдарламалар жұмыс жасайды. Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша ауылдық тұрғын несие алып, сүт өңдейтін автокөлік алуына болады. Қазір тұрғындар ауылдан шықпай-ақ, сүттерін өткізе алады. Осы бағдарламаның аясында округтің 22 тұрғыны өзінің жеке кәсібін ашты.

Көпшілік шаруа қожалықтары «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларын тиімді пайдаланып, шаруаларын нығайтты. Ащылысай ауылында ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оның құрамына екі шаруа қожалығы, 100-ден астам тұрғын бірікті.

Қалада ұзақ жыл тұрғандардың талайы осы өлкеге келіп бизнес ашып, кәсіп табуда.  Соның бірі — үлкен отбасының иесі Серік Оразымбетов. Ол Ащылысайдан жарты миллион теңгеге үй сатып алып, көшіп келіп, отбасымен бірге наубайхана ашты.

— Бұрын ауылға нан аудан орталығынан аптасына екі күн ғана жеткізілетін. Қазір жаңа піскен нанды сол сәтінде ала алады. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша біз 3 миллион теңге алдық. Соған ғимаратқа тиісті жөндеу жүргізіп, жабдықтар сатып алдық, — дейді кәсіпкер.

Қазір Оразымбетов ашқан отбасылық наубайхана тәулігіне 200 бөлке нан шығарады.  Нанның өзге де түрін көбейтуде. Болашақта Серік өзінің ауласында шағын дәмхана ашпақ. Ол тұрғындардың бос уақытында мәдениетті демалуына жағдай жасайды, шағын мерейтойлар өткізуге мүмкіндік береді.

Әрине, бұл кәсіпкердің шаруасы еш кедергісіз жүріп жатыр деген сөз емес. Айтып отырса, проблемалар да бар. Электр қуаты қымбат.  Егер газ болса, мұндай қымбатшылыққа ұрынбас та еді.

Осы ауылдың тұрғыны Азамат Досов та табысты жеке шарбағындағы шаруашылығын жолға қою арқылы тапты. Орскінің құс фабрикасынан 500 қаздың балапанын сатып алды. Қазір соны өсіріп, бағып отыр. Күзге дейін оның әрқайсысының салмағын 8 келіге дейін жеткізуді мақсат етуде.

Жемді базардан сатып алады. Егер күзге дейін шығынсыз өсіріп, мақсатын орындаса, Ақтөбе базарына өткізу арқылы пайдаға шығатынына сенімді.

Ауылдық жерде өз бетімен кәсіп ашып, тіршілік жасап жатқандардың қатары аз емес. Алайда көпшілік кәсіпкерлер бұл жолдың көп пайда әкеле бермейтінін түсінген. Мемлекеттің қолдауын пайдалану үшін кооперативтерге бірігудің тиімділігін білген. Сондықтан олар қазір осы жолды таңдауда. Кооперативтің мүшесі болған жағдайда мемлекеттен субсидия алуға мүмкіндік болады.

Мәдинаның кәсібі

Бұл өңірде көпшілікке танымал байырғы кәсіпкерлер де жеткілікті. Мәселен, Мәдина Ысқақова тәуелсіздіктің бастауында кәсіп ашып, жеке шаруамен айналысқан еді. Аудан орталығы Бадамшада туып-өскен Мәдина кәсіпкерлік қызметін осы жерде 1993 жылы бастады.

Ілкі кезде тігін цехын ашып, бұйымдарын базарларға шығарып сатты. Өзі де іс тікті. Жылдар бойы кәсібінің аясын  кеңейте берді. Қазір оның отбасы екі дүкенге ие.

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаның бірін пайдаланып, аудан орталығынан шаштараз ашты.

Шағын және орта бизнестің дамуы ауылдардың көркеюуіне ықпал етуде. Жылдан-жылға тұрғындардың тұрмысы түзелумен бірге, ауылдардың да көркі жақсарып келеді. Жаңа сәнді тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар молаюда.

Қарғалылықтар  көп қиындықтардың артта қалғанын, өңірде экономикада да, әлеуметтік дамуда да жаңғыру, жаңару жүріп жатқанын бек сезініп отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button