Денсаулық

Бригада және сәбилер

Деректерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 15 миллионнан астам  бала ай-күні толмай өмірге келеді. Олардың ішінде шетінеп кететіндері көп. Дамыған елдер шала туған нәрестелердің 90 пайызын аман алып қалады екен. Біздің елімізде де  сәбилер өлімін азайтудың түрлі жолдары қарастырылған.

ШАЛА ТУҒАН СӘБИЛЕРДІҢ 96 ПАЙЫЗЫ ТІРІ ҚАЛАДЫ

1970 жылы бірқатар елдерде, оның ішінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания мемлекеттерінде  аса қауіпті жүктілік кезінде  перинаталдық көмек көрсетуді аймақтандыру жұмыстары жүргізілді. Перинаталдық көмекті аймақтандырудың басты мақсаты —  географиялық орналасуына қарамастан жаңа туған нәрестелерді аман алып қалу. Жалпы бұл — халықаралық тәжірибе.  2008 жылдың қаңтар айында Қазақстан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ұстанымға көшті. Ал бұдан аз уақыт бұрын, яғни 2007 жылдың желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі  перинаталдық көмекті аймақтандыру туралы бұйрық шығарған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста да атқарылды.

Облыстық перинаталдық орталықта сәбилердің өмірін сақтау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. 2014 жылы орталықта жаңа туған нәрестелерді тасымалдайтын консультативтік-транспорттық бригада құрылды. Бригаданың негізгі қызметі — қала және аудан перзентханаларындағы жаңа туған сәбилерге көмек көрсету, реанимациялық және емдеу-диагностикалық іс шараларын жүргізу,  шұғыл жағдайларда неонатологтардың көмегін ұсыну, сәбилерді мамандандырылған ауруханаларға жеткізу. Бұдан бөлек, аудан мен қаладағы дәрігерлерге консультативтік-әдістемелік көмек көрсетеді. Бригада дәрігері, бірінші дәрежелі неонатолог, реанимация және қарқынды емдеу бөлімінің меңгерушісі

Салтанат Асанованың айтуынша, жаңа туған сәбилерге көрсетілетін бұндай көмек нәресте өлімін азайтуға үлкен септігін тигізіп отыр. Қазіргі күні бригада құрамында анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер Наталья Елистратова, Альбина  Шегенбаева, медбикелер Жарқын Есенова мен Дайана Молданиязова және жүргізуші Бауыржан Сарпиков бар. Білікті мамандар шұғыл жағдайларда сәбилерді өлім ауызынан арашалап жүр. Жаңа туған нәрестелер «Hundai» маркалы реанимобиль көлігімен тасымалданады.  Көлік  транспорттық кувез, әртүрлі желдету режимдері бар  жасанды жолмен өкпеге ауа беру аппараты, медициналық аспиратор және барлық қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Мәселен, былтыр бригада 214 сәбиді орталыққа жеткізген. Оның ішінде аудандардан 114 сәби бар. Ал әуе транспортымен 41 сәби әкелінген. Тасымалданатын нәрестелердің 80 пайызының халі өте ауыр болады. Сондықтан олар респираторлық көмекке мұқтаж. Бұндай сәбилердің 96 пайызы тірі қалады екен.

1900,0 ГРАМДЫҚ СӘБИ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРЫЛДЫ?

Салтанат Асанованың айтуынша, жолдың нашарлығына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, көмекке мұқтаж жаңа туған сәбилерді құтқарудың барлық жолы қарастырылады. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2015 жылы желтоқсан айында Байғанин ауданында өмірге келген сәбиді бригада дәрігерлері қалай аман алып қалғаны әлі күнге дейін ұмытылмайды.

17 желтоқсан күні сағат 15.00 де Байғанин орталық ауруханасынан перинаталдық орталыққа қоңырау түседі. Аудан дәрігерлерінің айтуынша, әйел жүктіліктің 32 апталығында қан кетіп ауруханаға жатқызылған. Әйелге жедел түрде ота жасалады. Дүниеге салмағы 1900,0 грамм, бойы 44 см ер бала келеді. Сәби шала туылғандықтан тыныс алуы қиындап, жүрегі мен бүйрегінің жұмысы бұзылған. Аудан дәрігерлері қолдарынан келген көмектің барлығын жасағанымен нәтиже бермеген.  Сағат сайын сәбидің жағдайы нашарлай түскен. Ал қоңырау түскеннен кейін облыстық перинаталдық орталықтағы транспорттық бригада ауа райының қолайсыздығына байланысты 40 минуттан соң жолға шыққан. Ақтөбе мен Байғаниннің арасындағы тасжолдың нашарлығы өз алдына, сол күні күн бұлттанып,  қар аралас  жаңбыр жауып тұрады. Осының бәрі қозғалысты қиындатып, бригада Байғанинге түнгі  сағат 22.00-де жетеді. Дәрігерлер келген кезде сәби комаға түсіп кетіпті. Дәрігер Альбина Шегенбаева дереу реанимациялық көмекті бастайды.  Сәбиге жасанды тыныс алдырып, қарқынды емдеу шараларына кіріседі. Бірнеше сағаттың ішінде сәбидің жағдайы тұрақтанады. Бірақ сәбиді аудандық ауруханада қалдыруға болмайды. Сондықтан дәрігерлер жолға шығады. Өкінішке қарай, тыныс алу жүйесінің қарқынды жұмыс істеуіне байланысты оттегі қоры азайып қалады. Дәрігерлер орта жолда Шұбарқұдық пен Мұғалжар аудандық ауруханасына тоқтап, оттегі толтырып алады. Осылайша бригада Ақтөбеге таңғы сағат 8.00-де жетеді.

Перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімінде сәби бес күнде есін жияды. Жеті тәулікте жасанды тыныс алдыру аппаратының көмегінсіз демала бастайды. Осы кезде сәбидің анасы да орталыққа келеді. Ал он екі күннен кейін сәби күтімнің  екінші кезеңіне ауыстырылады. Анасымен бірге палатаға шығарылады. Шала туған нәрестені емізудің өзі үлкен қиындық тудырады. Бірақ дәрігерлердің көмегінің арқасында сәби 25 күнде 2380,0 грамм салмақпен үйіне шығарылады.

— Альбина Шегенбаева бастаған мамандардың арқасында нәресте осылайша орталыққа әкелініп, аман-есен ата-анасына табысталды. Қазіргі күні сәби 1 жас 6 айдан асты. Денсаулығы жақсы,  өзінің қылығымен  отбасын қуантып жүр, — дейді Салтанат Асанова.

Дәрігердің айтуынша, консультативтік-транспорттық бригада мамандары кез келген уақытта, кез келген жерде жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтау үшін барлық мүмкіндікті қарастырады. Өз өмірлерін қатерге тіге отыра, әр күн сайын батыл қадамдар жасайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button