Денсаулық

Сақтандыру жүйесінің кәсіпкерге пайдасы қандай?

Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйенің ережесін халыққа түсіндіру үшін ақпараттық жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Алайда тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев көпшілік көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап береді. 

— Жаңа жүйенің енгізілетінінен жұртшылық хабардар. Бірақ түсінбейтін тұсымыз көп. Неліктен  жұмыс беруші  сақтандыру жүйесіне қатысуы керек?

—  Жаңа жүйе үш жақтың —  мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың жауапкершілігін қарастырады. Жұмыс берушілер сондай-ақ өз жұмыскерлерінің денсаулығы туралы ойлауы керек. Өйткені денсаулық пен өнімді еңбек ресурстары —  кез келген кәсіпорынның табыс кепілі. Сондықтан сақтандыру жүйесі бар  барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлейді. Олардың көлемі еңбекке ақы төлеу қорының 3 пайызын  құрайды.

— Медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс берушіге не береді?

— Қызметкерлердің уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты өндірістегі шығын азаяды. Жыл сайын 2,6 миллионнан астам қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдейді. Егер күн сайын орта есеппен әрбір қызметкер 12,6 мың теңгеге өнім шығаратын болса, онда жұмыс берушілердің жыл сайынғы шығыны шамамен 370 миллиард теңге болады.

Ең жақсы клиникаларда уақтылы профилактикалық тексеруден өту, сапалы ем және қымбат тұратын арнайы көмек қабылдау жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын сақтауға, олардың уақытша еңбекке жарамсыздық күндерін қысқартуға және жұмыс берушінің шығындарын  азайтуға мүмкіндік береді.

Жарналар корпоративтік салыққа кіре ме?

— Әрбір жұмыс беруші өз жұмыскерлері үшін қорға  кезең бойынша жарна төлейді. Аударым сомалары корпоративтік табыс салығының шегерімдеріне жатады.  Мысалы, егер сіздің табысыңыз сақтандыру жүйесі  енгізгенге дейін 100 мың теңге, ал шығыстарыңыз 80 мың теңгені құраса (оның ішінде еңбекке ақы төлеу қорына 40 мың теңге), онда сіздің салық төлеміңіз 4 мың теңгені құрайтын еді. Ал сақтандыру  жағдайында салық төлемі 3,8 мың теңгені құрайды, өйткені жарналар жұмыс берушінің шығысына қатысты болады.

— Мен жұмыс беруші ретінде өз қызметкерлеріме медициналық ұйымды таңдай аламын ба?

— Жоқ, таңдай алмайсыз. Жаңа жүйеде медициналық қызметтерді алу үшін жұмысшы медициналық ұйымды өзі таңдайды.

Жұмыс берушінің медициналық ұйымдарды таңдауы ерікті медициналық сақтандыру кезінде жүзеге асырылады.

— Жұмыс беруші өзінің сақтандыру жүйесіндегі жарналарына бақылау жасай ала ма?

— Иә, бақылау жасай алады. Ай сайын қор жұмыскерлердің пайдасына түсетін жұмыс берушінің жарналары туралы үзінді көшірмелерді ұсынады. Бұл «Е-Gov» электронды  порталы арқылы жүзеге асады.  Одан басқа, жұмыс беруші қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде  қызметтің айқындылығын қамтамасыз етуге ықпал ете алады.

— Медициналық сақтандыру жүйесіне төленетін жарналардың көлемі қандай?

— Егер сіз жұмыс беруші болсаңыз, онда сіз ай сайын қорға 2017 жылдан бастап сіздің қызметкерлеріңіздің еңбекақы қорынан  1% төлейсіз.  2022 жылға дейін жарна көлемі 3% өседі. Қайта үйлестіру сомалары корпоративтік табыс салығынан шегеріледі. Сонымен бірге, ай сайын қызметкердің нақты еңбекақысынан 2019 жылы —1%, ал 2020 жылы 2% ұстап қалып, қорға аудару қажет. Қайта үйлестіру сомалары жеке табыс салығынан шегеріледі.

— Жеке кәсіпкерлер қай уақыттан бастап жарна төлейді? Көлемі қанша болады? Және кәсіпкер сол жарна құнын жұмыс берушілерден өндіріп алмай ма?

— Жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап  қорға жарна төлейді. Жарнаның  көлемі кіріске байланысты. Әлгі айтқандай, жарнаның көлемі 2020 жылға дейін сатылап өсіп, 3 пайызға жетеді.  Егер кәсіпкердің кірісі аз болса, ол да жарнаның құнына әсер етеді. Ал жұмысшылар 2019 жылдан бастап жарна төлейді. Жарнаның көлемі 1 пайыздан басталады. Бұл жерде жұмыс беруші жұмысшыға «биылдан бастап жарна төле» деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Заң бойынша жұмысшылар келер жылдан бастап төлеуі тиіс. Әрбір жұмысшы өз құқығының сақталуын қадағалауы керек. Және жеке кәсіпкер өзі төлейтін жарнаны қарамағындағы қызметкерлерден өндіріп алуы заңсыздық болып есептеледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button