Білім

Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен облыстағы Қытай инвестициялық компаниялары арасында білім, ғылым және өндіріс салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

Келісімге қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков атап өткендей, қытайлық компаниялармен ынтымақтастық арқылы мұнай ісі, т.б. мамандықтар бойынша дуальды оқыту жүйесін енгізу, яғни студенттердің өндірісте тәжірибе жинауына жол ашу, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысындағы әріптестіктер, бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар, байқаулар ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, білім алмасу аясында студенттер Қытай университеттеріне барып оқып қайтса, өз кезегінде, қытайлық компаниялар мамандары Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде біліктіліктерін көтеретін болады.

Қол қою рәсіміне университет басшылары мен оқытушылары, бірқатар облыстық басқармалар өкілдері және облыста жұмыс істеп жатқан 27 қытайлық компанияның өкілдері қатысты. Жиында облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы да сөз сөйледі.

Ынтымақтастық жөніндегі келісім Конфуций институтының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button