Құқық

Былтыр жемқорлық салдарынан облыс 34,7 млн. теңге зардап шекті

Әлемді жайлаған «сыбайлас жемқорлық» деп аталатын дерттің біржола айықтыратын «емі» табылатын емес. Ұрған сайын семіретін борсық секілді, парақорлық та күрескен сайын көбейіп бара жатқандай.

Қоғамның ағзасына дендеп еніп, бойын тұтастай жайламауы қамында қызмет  жасап жатқан органдардың жұмысы да қым-қуыт секілді.

Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы Искендр Дентаевқа бірнеше сұрақ қойған едік.

—    «Сыбайлас жемқорлық» деген сөзді қалай түсінесіз және түсіндіресіз?

—    Сыбайлас жемқорлық дегеніміз —  қоғам мен мемлекеттің криминализациялануы сияқты өте қауіпті «дерт». Қауіптілігі сол, ол мемлекеттіліктің негізін әлсіретеді және тамыры тереңге жайылып кетсе, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлық — қазір бүкіләлемдік проблема болып отыр, ол өте ерте заманда пайда болған, содан бері жасап келе жатыр. Қазір де еліміздің саяси даму сатысына қарамастан, қоғамның барлық салаларында «өмір сүруін» жалғастырып келе жатқан күрделі әлеуметтік құбылыс.

«Сыбайлас жемқорлық» сөзінің этимологиялық түп-төркініне үңілсек, ол латынның «corruptio» , яғни «параға сатып алу», «пара» деген сөзінен шыққан. Ежелгі Римде «corrumpire» деген түсінік болған, ол  «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалған айту, параға сатып алу» деген мағына береді екен.
ҚР «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңында бұл сөзге мынадай анықтама береді. Ол: «…мемлекеттік міндеттерді орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, тікелей өзі немесе делдал арқылы өздерінің лауазымды құзыреттерін және онымен байланысты мүмкіншілікті немесе өз құзыреттерін басқаша пайдаланып мүліктік пайда алу үшін заңмен қарастырылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты қабылдау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу».

—  Ақтөбе облысында осы «дертке» қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр? Өткен жылдың нәтижесі қандай?

2009 жылы Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) қоғамдық рееніш туғызған жемқорлық қылмыстарды анықтау және жою мақсатында бірқатар кешенді шараларды іске асырды. Нәтижесінде 54 сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстық іс қозғалды. 52 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 50 сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстық істер айыптау қорытындысымен сотқа жолданды. Анықталған қылмыстар бойынша залал сомасы —  34,7 млн.теңге.  

—  Бұрнағы жылдармен салыстырғанда парақорлық қылмыстар саны азайып келе жатыр ма, әлде…

—  2009 жылы парақорлық 2008 жылмен салыстырғанда 40 %-ға өскен. 2008 жылы 6 қылмыс анықталса, 2009 жылы 11 қылмыс анықталды.

Статистика бойынша былтыр парақорлық фактілері бойынша барлығы 21 қылмыстық іс қозғалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8-ге көп. Соның ішінде пара алу бойынша 11 қылмыс анықталса, 2008 жылы 6 қылмыстық іс қозғалған.  2009 жылы пара беру фактілері көбейген: егер өткен жылы 9 қылмыс анықталған болса, 2008 жылы 6 қылмыстық іс өндірісте болған. Тек қана  парақорлыққа делдал болу фактісі бойынша өткен екі жылда 1 қылмыстық істен қозғалды.

— Қоғамның қай саласында парақорлық көп?

— Жасалған талдау білім саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары салаларында салыстырмалы түрде алғанда сыбайлас жемқорлық көп екендігін көрсетті. Біреулер баласын балабақшаға орналастыру үшін пара берсе, екіншісі біреудің атына жалған еңбекақы жазып, өз қалтасына салып отырған. Мысалы, былтыр қалалық білім бөлімінің бас маманы Ахетованың пара алғандығы анықталып, үш жылға мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органында қызметпен айналысу құқығынан, оған қоса үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жұмыс орнында отырып қаланың бір тұрғынынан баласын балабақшаға орналастыру үшін  20 мың теңге  пара алған.

Сонымен қатар тағы бір балабақша қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қаладағы № 23 «Балауса» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі Медетбаева мен ұйым есепшісі  Айжарықова қызмет бабын пайдаланып, жұмыс жасамайтын алты адамды «жұмыс жасайтын» қылып, айлықтарын өздері алып отырған. Осылайша олар ұйымға 878,7 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген. Сот үкімі бойынша екеуінің де мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айырылды.

Мұндай жағдай аудандарда да кездеседі. Мұғалжар ауданының Саға орта мектебінің директоры Қалиев лауазымдық қызметін пайдаланып, берілмеген оқу сағаттарын мұғалімдерге жаздырып, ақысын өзі иеленіп, ақырында мемлекетке 202,4 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірген. Оған шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

—  Бір жылдары еліміздегі бюджет саласындағы қылмыстарға қатысты жиі айтылып еді. Ақтөбедегі жағдай қалай?

— Сыбайлас жемқорлық мұнда да баршылық. Былтыр бюджеттік салада 110 қылмыстық іс қозғалса, оның көпшілігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына,  әлеуметтік қамтамасыз ету саласына тән болып шықты. Құрылыс саласы, жер қатынастары салаларында да сыбайлас жемқорлық жиі тіркеледі. Мысалы, Хромтау аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Бутпанов жол бойындағы сервис және дәмхана салу үшін «Самара-Шымкент» трассасы бойынан  көлемі 0,10 га жер телімін бөлу туралы мәселемен алдына келген кәсіпкерден 100,0 мың теңге пара талап еткен. Бутпанов пара алу үстінде ұсталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Мәртөк ауылдық округі әкімінің орынбасары Лобода екі адамға жылжымайтын мүлік пен жер учаскесі жоқтығы туралы тиісті құжатсыз жер учаскесін беру үшін 26 мың теңге ақшалай сыйақы алған. Ол сот үкімі бойынша шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Жалған құжаттарды дайындау арқылы бюджетке шығын келтірілген фактілер бойынша Қ.Шадырбай, А.Шандырбай, Т.Тойғанбек, Р.Хайдаров деген азаматтарға қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Олар ондаған Қытай мен Өзбекстан республикасының азаматтары атына Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, банктерде шоттар ашуға құқығын беретін жалған құжаттар жасап, нотариустың мөрлері мен қолдарын ұқсатып қойып жалған сенімхаттар жасаған. Алаяқтық және жалған құжаттарды қолдан жасағаны үшін олардың мүліктері тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мұндай жағдай Ақтөбе қалалық әділет басқармасында да кездесті. Басқарманың құжаттандыру және азаматтарды тіркеу бөлімінің бас маманы азаматша Жұмабаева Украина азаматтары Круцкевич пен Панинге артықшылықтар жасап, Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын алу арыздарына көрінеу жалған мәлiметтердi eнгізіп, олардың куәлік алуына ықпал еткен. Жұмабаева айыпты деп танылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

—    Адамдардың мемлекеттік қызметкерлерге шексіз алғысын білдірмек ниетте берген ақшалай сыйлықтары мен алғыс ретінде берген заттары параға жата ма?

—  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңында көрсетілгендей, «мемлекеттiк қызметшi — мемлекеттiк органда заңдарда белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттен қаржысынан ақы төленетiн қызметтi атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттiктi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы». Сондықтан мемлекеттік қызметкердің өзінің функционалдық міндетін атқарғаны үшін өзіне алған қандай да болсын сыйақысы пара болып табылады.  Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексінде нақты көрсетілген: егер сыйлықтың құны екi айлық есептiк көрсеткiштен немесе 2826 теңгеден аспаса, мемлекеттік қызметші тәртiптiк немесе әкімшілік жазаға тартылады. Ал егер сыйлықтың мөлшері екі айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, оны алған адам қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Алайда алған сыйлықтар жетi күн мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзiлсе, бұл қылмыс немесе құқық бұзушылық болып саналмайды. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша қаражатын арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады.

—  Кей жағдайда «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар құтылатын» жайттар кездесе ме? Мысалы, он мың теңге мен миллион теңге мөлшерінде пара алған адамның заң алдындағы жауапкершілігі бірдей ме?

— Пара алу және бұл қылмыс түрі үшін жауаптылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 311-бабында көрсетілген. Кодексте параның: пара, iрi мөлшердегi пара, аса ірі мөлшердегі пара болып бөлінетіндігі көрсетілген. Егер пара мөлшері 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, бұл iрi мөлшердегi пара, егер 2000 айлық есептік көрсеткіштен асса — аса ірі мөлшердегі пара. Осыған орай 10 мың теңге және миллион теңге алған адамның жауапкершіліктері әртүрлі болады.

Сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстар әртүрлі. Мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғалары жасайтын қылмыстарының көпшілігі қызмет өкiлеттігін терiс пайдалану, билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану, параны қорқытып алу,  қызметтiк жалғандық жасау түрінде кездеседі.

Мысалы, Ойыл орталық ауруханасының бас дәрігері Жабағиев лауазымды тұлға бола тұра, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып, шығынға жазылған ГАЗ-66-11 маркалы автомобилін Ойылдың бір тұрғынына 300,0 мың теңгеге сатып, ақшаны мекеме бухгалтериясына кіріс ретінде жазғызбай, мемлекетке материалдық шығын келтірген. Аталған факті бойынша Жабағиев айыпты деп танылып, шартты түрде бір жылға бас бостандығынан айырылды.

— Пара алып, қаржы полициясының нысанына кейбір «байланысы» мықты адамдардың жоғарыдан телефон соғуы арқылы ықпал етуі секілді жағдайлар тәжірибеңізде кездесті ме?

—    Мұндай жағдайлар кездессе де, олар қылмыстық істің қозғалуына немесе алдын-ала тергеуге еш әсерін тигізбейді, себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қағидасына сәйкес, барлық азаматтар заң алдында тең. Сондықтан жасаған қылмысы үшін барлық азаматтар қоғамдағы орнына, лауазымына қарамастан заң бойынша жауапқа тартылады.

—    Жемқорлық жасаған адам туралы, не соған жағдай туғызатын кісілер жөнінде хабарлағандар сыйақы алатынын білеміз. Біздің облыста ондай жағдайлар болды ма? Құпия болмаса, мұндай сыйақының мөлшері қанша? Бұл мақсатқа бюджеттен арнайы қаржы қарала ма?

—    Қылмыс немесе дайындалып жатқан қылмыс жөнінде хабарлағаны үшін сыйақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылмаған, сондықтан бюджеттен бұл мақсат үшін арнайы қаржы қаралмайды. Бірақ, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарлап, бұл хабарлама дәлелденсе, сыйақы төлеу тәжірибеге енгізілуі мүмкін. 

—    Биыл қандай мақсат-міндеттер тұрғандығын оқырмандармен бөліссеңіз.

— Елбасы тапсырмасын және заң міндеттеген жұмыстарды орындау мақсатында, қаржы полициясы органдарының жедел-қызмет әрекеті өткен жылы  «көлеңкелі» экономикаға қарсы әрекет етуге, мемлекет пен азаматтардың құқықтарын қорғауға, орта және шағын бизнес субъектілерін  қолдауға, келтірілген шығынды толық өндіруге, сыбайлас жемқорлықпен күрестің мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Қазіргі экономиканың даму жағдайында басты мәселе — бюджеттің кіріс бөлігін төмендететін «көлеңкелі» экономикаға тойтарыс беру. Бүгін капиталды «көлеңкеге» шығарудың кең тараған тәсілі — салық төлеуден жалтару, кейін қылмыстық жолмен алынған табысты жалған кәсіпкерлік арқылы заңдастыру.

Өткен жылды 2008 жылмен салыстырғанда жалған кәсіпкерлік фактілері өскен. 2008 жылы 13 қылмыстық іс тіркелсе, 2009 жылы 79 қылмыс анықталды. Мысалы, былтыр департамент азамат Утегеновке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ол мемлекетке сомасы 1,3 млрд. теңге болатын ірі материалдық залал келтірді. Ол бұл қылмысы үшін заң алдында жауап береді.

«Көлеңкелі» экономикаға қатысты істермен айналысқаны үшін тағы бес азамат сотталды. Олар 20 жалған кәсіпорынның есепшоттары арқылы тауарсыз операциялар жүргізген. Бұл қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде бюджетке 2 млрд.теңгеден астам салық төленбеген.

Алдағы уақытта экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың және құқық бұзушылықтың себептері мен шарттарын жою арқылы азаматтар, мемлекет пен кәсіпкерліктің мүдделерін тиімді қорғау,  экономикалық және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарын жою міндеттері тұр.

Департамент тарапынан азаматтарды қабылдауға, олардың арыздары мен хабарламаларын қарауға, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғауға, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтасуға, БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізуге және сенім телефонының жұмысына басты назар аударылады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button