Басты бет » Әлеумет » Назгүлдің жеті түрлі ірімшігі

Назгүлдің жеті түрлі ірімшігі

Бұрынғыдай емес, адамдардың өзінің денсаулығына жіті мән беруінен бе, әлде дүниежүзіндегі экологиялық жағдайдың өзгеруінен болар, қазіргі таңда кез келген тағам түрін талғап жейтіндердің қатары артқан. Ас-ауқаттың құрамына һәм құнарлығына көз жеткізіп барып, дәм тататындарды көрсек, таңғалмайтын болдық. Бұл түсінікті де, ауру көбіне-көп астан келіп жатады…

Осы орайда ақтөбелік Назгүл Әліпова қолмен жасалған, табиғи өнімдермен дайындалған тағамдарға ештеңе жетпейтінін, оның денсаулыққа да пайдасы зор екенін айтады. Кейіпкеріміз сиырдың сүтінен ірімшіктің 7 түрін дайындап, соны кәсіп көзіне айналдырып отыр.

— Өзім Ойыл ауданының қызымын. Ауылда көпбалалы отбасында туып-өстім. Мектептің 4-5-сыныбында оқып жүрген кезімнен барлық қыздар секілді анама үй шаруашылығына көмектесіп, асүйге жақын болдым. Нан пісіріп, шай жасап, басқа да әйел затына тән жұмыстармен кішкентайымнан айналыстым. Бойымдағы аспаздықтың алғашқы белгілері сол уақыттан байқалса керек. Бірақ, соның жолын қумадым, басқа сала бойынша білім алдым. Мамандығым — педагог.

Тұрмыс құрып, балалы болған соң да әдетімнен айнығаным жоқ. Ұл-қыздарыма тәтті тағамдарды, торттарды жасап, әрдайым қуантатынмын. Әсіресе, мен қолдан дайындаған ірімшікті үйге келген қонақтар ылғи мақтап, осы іске мамандансам, мұны табыс көзіне айналдыруға болатынын айтатын. Сөйтіп, осы идеяны жүзеге асыруға бекіндім, — дейді ол.

Осы жылдың басында сол мақсатта Астана қаласына барып, арнаулы курстан өткен Назгүл бұл саладағы таным-түсінігін кеңейтіп, сол жақтан жаңа технология бойынша ірімшіктің 7 түрін дайындауды үйреніп келгенін айтады. Артынша көктем айларынан жасаған өнімін саудалай бастаған…

— Әрине, алғашында дайындаған ірімшігім өте ме, жоқ па деген ой болды. Қанша айтқанмен, жұртшылықтың көбі дүкеннен дайын өнімді сатып алуға құштар ғой. Сол себепті, әуелі тума-туыстарым мен құрбы-құрдастарымның дәм татуын, кейін әділ бағасын беруін сұрадым. Олардың бәрі бірауыздан ұнағанын, мұны болашақта енді сатып алуға да әзір екенін жеткізді. Қуанып қалдым. Қысқасы, кәсібімді осылай дөңгелеттім. Бүгінде қалыптасқан, көзтаныс «клиенттерім» бар, — деп сөз арасында келтірді әңгімелесушіміз.

Брынза, фета, моцарелла, халлуми, сулугуни, рикотта… Бұл Назгүл дайындайтын ірімшіктің түрлері. Өзінің айтуынша, табиғи өнім — сүттен дайындалатын ірімшігінде шетелдерден тасымалданатын өнімдердегідей жасанды қоспалар атымен жоқ. Сонысымен олар әлдеқайда пайдалы. «Жасыратын несі бар, шетелдік алпауыт компаниялар шығарған ірімшікте консерванттар шектен тыс көп. Олар сол арқылы тауардың түрін сақтап, жарамдылық мерзімін ұзартуды көздейді де, оны тұтынатын халықтың жағдайын ойламайды. Ең бастысы, өздерінің өнімінің өткенін қалайды. Ал оның денсаулыққа қандай зиян екенін білесіз бе? Онсыз да ауамыз да, суымыз да бұрынғыдай емес… Бұны жақсы түсінген адамдар бүгінде тамақтанарда табиғи, қолдан жасалған өнімдерге, ауылдың дәміне  басымдық беріп жүр. Осының бәрін ескере келгенде, алдағы уақытта өзімізде, жоғары технологиялық әдіс-тәсілдерсіз жасалған өнімдерге сұраныстың артатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде халық жасандылықтан шаршады, оның ағзаға берері аз екенін біледі. Шүкір, тапсырыстар соншалықты көп болмаса да, құр қол отырмаймын. Адамдардан естіп, болмаса ғаламтор арқылы қызығушылық танытып жатқандар бар», — деп ағынан жарылады Назгүл.

Бұл ретте үй жағдайында жасалатын ірімшіктің бағасы жөнінде іскер әйелден сұрағанымызда, оның түріне қарай құны әрқилы болатынын білдік. Дей тұрғанмен, Назгүлдің өзі ірімшігінің бір келісі 2200 теңгеден басталатынын баян етті. Нарық заманындағылар келілеп алмай, әр түрінен аз-аздап, грамға бөліп саудалайды екен. Өйткені тағамның өзі аз уақыттың ішінде талғажау етуге арналған. Оның табиғи құндылығы — бөлек әңгіме…

— Сүтті тұрақты түрде қала сыртындағы шаруа қожалығының бірінен сатып аламын. Ол кісінің дәрігерлік анықтамасы, барлық құжаттары бар. Бір алғанда 30-40 литр ағарғанды саудалаймын.

Қолдан жасалған ірімшік ең әуелі денсаулығында дімкәсі барлар, санаторийлерде демалып жатқандар, сондай-ақ, жаңа босанған келіншектердің қолына тисе, нұр үстіне нұр болар еді. Келешекте еліміздегі сондай демалыс орталықтарымен әріптестік орнатып, шаһардағы сауда үйлерінің бірінен шағын дүкенімді ашуды армандаймын. Әзірге бұл — менің қосымша табыс көзім, — деп алдағы ой-жоспарымен бөліседі кейіпкеріміз.

Осы істі үйренсем, ірімшік жасасам дегендерге шеберлік сағатын өткізуді де қолға алған Назгүл бүгінге дейін біраз ақтөбелік қыз-келіншекті бұған баулыған. Хабарландыру арқылы ниеттілерді жинайтын ол айналасы 6 сағаттың ішінде ірімшіктің 7 түрін дайындауды үйретіп, әр адамнан белгілі бір ақы алады. Жақсыны білмекке ұмтылушылар да жер аяғы кеңейіп, күн жылынған сайын көбейіп келе жатқан көрінеді…

— Кәдімгі шайдың өзін дұрыс қайнатпасаң, дәмі басқа болады ғой. Оның қасында ірімшік әзірлегенде де ерекше ептілік, тәжірибе қажет-ақ. Бұл да өзінше бір өнер дер едім. Айталық, сүтті қатты жылытып жіберсең, жасаған ірімшігің ойыңдағыдай шықпайды. Демек, оның дәмі де айтарлықтай болмайды деген сөз. Сондықтан замандастарымның тілегімен оларды жинап, шеберлік сағатын өткізіп жүрмін. Бұл кәсіптің өзіне тән «ньюанстарымен» бөлісемін. Болашақта да бұны жалғастырарым сөзсіз, — дейді Назгүл.

Тапсырыс түссе, торттың да түр-түрін дайындайтын Назгүл асүйде өзін суда жүзген балықтай сезінетінін бізге осылай ұғындырғандай болды. Мемлекеттік қызметті де қоса алып жүрген еті тірі әңгімелесушіміздің пікірінше, шынымен талаптанған, табыс тапқысы келетін әйелдің қолынан келмейтіні жоқ.

Соңғы уақытта кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруді мақсат тұтқан Назгүл Алматыда өтетін «Бизнес бастау» деген екі айлық семинар-тренингке қатысып жатқанын білдірді. Оның ойынша, бір істің кәнігі маманы болу үшін талант және тәжірибе қажет-ақ, бірақ білім де артықтық етпейді…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.