БілімРухани жаңғыру

Жұбанов дәрісханасы ашылды

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті ғалым, профессор Құдайберген Жұбанов атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара барысында «Рухани жаңғыру: Профессор Қ.Жұбанов мұрасын зерделеудің заманауи бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.  

Құдайберген Жұбанов — аталған оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының негізін қалаған тұлға.

Шараға ҚР Ұлттық Ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары мен Алматы  қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, ізденушілер, докторанттар және арнайы шақыртумен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен жұбановтанушы ғалым Мұхтар Миров қатысты. Ол бұл шарада «Қ.Жұбановтың лингвистикалық таным көкжиегі» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар Жұбановтар әулетінен шыққан белгілі ғалымдар — Ажар Жұбанова, Құдайберген Жұбановтың ұлы, танымал ғалым, әке ісін жалғастырушы Асқар Жұбанов қатысып, сөз сөйледі.

Дәрісхананың ашылу салтанатында оқу орнының бірінші проректоры, профессор М.Ермағанбетов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, Филология және көптілді білім беру институтының директоры  Б.Әбдіғазиұлы сөз сөйледі. Дөңгелек үстел барысында  Ф.Оразбаева, Б.Хасанұлы, Ж.Манкеева, Т.Ермекова сынды танымал ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Арнайы кабинеттен профессор Қ.Жұбановтың мұраларына қатысты деректер, ғылыми-танымдық материалдарды көруге болады. Жұбановтар әулеті туралы, олардың қазақ мәдениетіндегі, ғылымдағы алатын орны жан-жақты көрсетілген.

А.НҰРБАЕВА.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button