БілімБасты жаңалықтар

Ақ жол саған, жас түлек!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған 200 түлекті құттықтады.

«Жерұйық» мейрамханасында өткен салтанатты шарада облыс әкімі түлектерді құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

—  Сіздер 11 жыл оқыған мектептеріңмен және білім берген ұстаздарыңмен қоштасып, үлкен өмірге қадам бастыңдар. Сіздердің ендігі мақсаттарыңыз — жақсы білім алып, ел дамуына үлес қосу. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында адам капиталына үлкен көңіл бөлді. Әрбір мемлекеттің болашағы, оның дамуы  — дені сау, білімді азаматтарына байланысты. Сіздер Тәуелсіз елдің ұрпағысыздар. Сіздер 25 жылда еліміздің қалай дамығанына куә болдыңыздар.  Биыл еліміз үшін тарихи жыл. Қазақтың тарихын­да тұңғыш рет «ЭКСПО­-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрменің ашылу салтанатына алып мемлекет басшыла­ры, шетелдіктер қатысты. Еліміздің алдында тұрған жоспар әлі де көп. Сіздер соларды жалғастырасыздар, — деген облыс басшысы түлектерге ақ жол тіледі.

Сондай-ақ халықаралық және республикалық жарыстарда жүлдегер атанып, облыс намысын қорғаған түлектерге Алғыс хат және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билет, ақшалай сыйлық берді. Кеш қонағы ардагер ұстаз Гүлжан Дулатбай жаңа өмір бастағалы тұрған түлектерге ақыл-кеңесін айтты. Білікті маман атанып, Қазақстанның гүлденуі үшін аянбай еңбек етуге шақырды. М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы Гүлнафис Тыныштыққызы жыр шумақтарын оқыды. «Алтын белгіге» ие болған Гүлнафис болашақта тіс дәрігері болғысы келеді.

— Санжар Асф­ендияров атындағы Қа­зақ Ұлттық медицина  университ­етінің стоматология мамандығы бойынша бі­лім алғым келеді. Жақсы оқып, елімнің дамуына үлес қоссам деймін. Мен үйдің кенжесімін, еркелеп өстім, бірақ ақылдымын. Ата-анам­ның еңбегін ақтауға тырысамын­, — деген Гүлнафис қатарластарына ақ жол тіледі.

Марапатқа ие болған түлектердің ішінде аудандардан да келген жастар бар. Шалқар қаласындағы  №6 мектептің түлегі Айкен Нұрпейісов  «Алтын белгі» алғанын, болашақта М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түскісі келетінін айтты. Физика пәнін жақсы көретін Айкен бірнеше халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған.

Салтанатты шарада жас түлектер вальс биледі. Қаламыздың өнерлі жастары театрландырылған қойылым қойды. «Мың бала» хоры өнер көрсетіп, балдырғандар би биледі.

Жалпы биыл облыс бойынша 6 мың 582 түлек мектеп бітірген. Оның ішінде  467 бала «Алтын белгі» алса, 301 оқушы «Үздік аттестат» иеленген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button