Басты бет » Жастар » Қолғап шығаратын цех ашты

Қолғап шығаратын цех ашты

Жас кәсіпкер

Кейінгі жылдары Ақтөбеде жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, кәсібін бастаған жастардың қатары мол. Солардың бірі — Арман Мұрзабаев.

Жасы отызға толмаған Арман биыл қаңтар айында «Даму» қоры арқылы  «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион 254 мың теңге несие алып, жұмыс қолғабын шығаратын цех ашты.

— Бұған дейін қаладағы ірі құрылыс мекемесінде жұмыс істедім. Кейін өзім жеке кәсіппен айналысқым келді. Ойлана келе тұрмысқа қажетті қолғаптар шығармаққа бекіндім. Достарым «Даму» қорына барсаң, қаржылай көмек берілетінін айтты. Бұл жердегі мамандардан кеңес алдым. Үш күндік оқудан өттім. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тегін бизнес жоспар құрып берді. Осылайша барлық құжаттарым реттелген соң, «Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы арқылы 19 пайыз үстемеақымен несие алдым. Оның 7 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайды.

Қаржы қолға тигеннен кейін бірден істі бастап кеттім. Қарағанды қаласындағы жеке кәсіпкерден қолғап тоқитын 5 станок және мата торлағыш машина сатып алдым. Әрқайсысының құны 450 мың теңге тұрады. Қарағандылық кәсіпкер бұл жабдықтарды Қытайдан тасиды екен. Қолғапқа қажетті мақтаны да осы кәсіпкерден алып отырмын, — дейді Арман.

Жас кәсіпкер барлық жабдықтары дайын болған соң, бір ғимаратты жалға алып істі бастайды. Бір адамды жұмысқа алады. Күніне 600 жұп қолғап шығарады. Арманның айтуынша, қолғап таза мақтадан тігілген соң, қолды терлетіп, аллергия тудырмайды. Бір рет қана қолдануға арналғандықтан бағасы да арзан. Бір жұбы 50 теңге тұрады. Ал базарда бұндай қолғаптың бағасы — 65 теңге. Бұл  қолғапты ірі мекемеден бастап бау-бақша  ұжымдарына дейін қолдануға болады. Күрек немесе басқа да құралдарды ұстағанда қолды сүйелденуден, жарақаттардан сақтайды. Кәсіпкер қазір өнімді өткізудің жолын қарастырып жатыр. Қаладағы құрылыс фирмаларымен келісім жасауда. Бүгінде тұрақты тұтынушылары да пайда болыпты. Арманның айтуынша, сапасына сын айтып жатқандар жоқ. Құрамына синтетика қосылмағандықтан қолғап қолда жақсы тұрады.

Жақында кәсіпкер цехты үйінің жанындағы сарайға көшіріпті.

Істі жаңадан бастаған соң әзірге пайда жоқ. Сондықтан ғимаратты жалға алу құны қиындық тудырды. Отбасыммен ақылдаса келе, үйдің жанындағы ескі сарайға көшіруді жөн санадым. Қазір ішін жөндеп, станоктарды орнатып қойдым,— дейді Арман Мұрзабаев.

Кәсіпкердің алға қойған жоспары көп. Егер шаруасы дөңгеленіп кетсе, дәнекерлеу, балқыту, пісіру секілді құрылыс жұмыстарына киетін, мал терісінен тігілген қолғаптарды шығармақ. Арнайы жұмыс киімдерін де тігу ойында бар. Арманның айтуынша, қазір Ақтөбедегі мекемелер бұндай өнімдерді негізінен Ресейден алдырады.

 Бизнес және бағдарлама

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының бас менеджері Әліби Сабырдың айтуынша,  жыл басынан бері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, бизнестің түрлі салалары бойынша кеңес алған жастар көп. Көпшілігі несие алып, кәсіп бастағысы келеді.

— Қор  мамандары оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Аймақтағы мемлекеттік бағдарламалармен таныстырады. Мәселен, биыл  облыстағы «Қазақстан Халық Банкі» және  «АТФ Банк» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалына «Ақтөбе ЖасСтарт-2», «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша  1 миллиард теңге салынады. Қазірдің өзінде екі банккке 500 миллион түсіп отыр. Кәсіп ашамын деген жастар банк арқылы несие алады, — дейді Әліби Сабыр.

Сондай-ақ маусым айының  8-інен бастап аудандар мен шалғай жатқан елді мекендерге «Даму» қорының кәсіпкерлікті дамыту мобильді орталығы барады. Кәсіпкерлер қор бағдарламалары туралы кеңінен мәлімет алады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.