Білім

Ғ.Нұрышевқа арналған республикалық конференция өтті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғырту аясында педагог кадрларды даярлау» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Басқосу 2004-2012 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышевтің 60 жылдығына арналды.

Аталған шара 1983-1995 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған  профессор Мұхтар Арын және Ғалымжан Нұрышев атындағы кабинеттердің ашылу рәсімімен басталды.

Конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Елеусінова, Білім және ғылым министрлігі департамент директорының орынбасары Г.Көбенова, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры С.Өмірбаев, Еуразия гуманитарлық институтының проректоры  Қ.Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Қылышбай Сүндетұлы, Ғалымжан Нұрышевтің қарындасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Нұрышева мен өзге туыстары, балалары қатысты.

Конференцияны университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков ашып, жүргізді.

Жиын барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің лебізін министрлік өкілі Гүлзат Көбенова жеткізді.

Бұдан кейін білім беруді жаңғыртудың психологиялық-педагогикалық мәселелері,  ел экономикасын инновациялық дамытудың негізгі бағыттары мен басымдықтары туралы баяндамалар тыңдалды.

Г.Көбенова өз баяндамасында Ғалымжан Нұрышев үш тілде сабақ беретін мамандарды даярлау ісін педагогикалық институт құрылған бастапқы жылдардан бастап-ақ қолға алынғанын, сол кездерде институттағы математика, физика,  информатика мамандықтарының студенттерінің үш тілді еркін меңгеріп шығуына мүмкіндік жасалғанын айтты. Соған байланысты Ғалымжан Нұрышев басқарған Ақтөбе педагогикалық институты 2007 жылы үш тілде маман даярлауда еліміздегі базалық жоғары оқу орны болып саналыпты. С.Өмірбаев өз баяндамасында Ғ.Нұрышев туралы құнды естеліктер айтып, педагог мамандарды даярлаудың жауапкершілігін тілге тиек етті.

Жиыннан соң конференция қонақтары университеттегі мұражайды тамашалады. Одан кейін Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданға барып,  Ғалымжан Нұрышев тұрған үйдің жанындағы естелік тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button