ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Ақтөбенің атынан кімдер өнер көрсететіні анықталды

Ақтөбеде «Мен — қазақпын» халықаралық телевизиялық мега жобасының облыстық кезеңі қорытындыланды. Байқауда дәстүрлі ән, күй және терме, яғни үш бағыт бойынша 20 өнерпаз бақ сынады.

«Мен — қазақпын» — өңірлерде ұлттық өнерді насихаттап жүрген таланттарды үлкен сахнаға шығару, олардың шығармашылығына серпін беру арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына үн қосу мақсатында ұйымдастырылған жоба. Оны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасы бірлесе қолға алып отыр. Бұл жобаға қатысатын талант иелерін іріктеу тек облыстарда ғана емес, сондай-ақ, Ресей, Моңғолия мен Қытайдың қазақтар шоғырланған аймақтарында да жүріп жатыр.

Кеше Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткен байқауға Ақтөбе қаласы мен аудандардағы бұған дейінгі іріктеу шараларында озып шыққан өнерпаздар қатысты. Қазылар алқасына ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының оқытушысы Ерболат Шалдыбеков төрағалық етті. Қазылар алқасы құрамында, сондай-ақ, күйші, қазанғаптанушы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Жайлау Асылханов және термеші, республикалық байқаулардың лауреаты Қоянбай Тобағабылов болды.

Байқауды күй орындаушылар бастады. Айта кетелік, сахнада дәстүрлі ән және терме жанрларының әрқайсысы бойынша алты-алты адамнан өнер көрсетсе, күй орындаушылардың саны сәл көптеу — сегіз адам болды және олардың термешілер мен әншілерден тек сан жағынан емес, шеберлік деңгейі жағынан да басым екені байқалып тұрды. Ардақ Елеусіз, Құрманғазы Асылханов, Асылбек Кенегесов сынды жастардың өнері Қазанғап бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлы көштің лайықты ізбасарлары барына көзімізді жеткізді. Күңірентіп қобыз тартқан Алтынгүл Қазихан мен сыбызғышы Әлібек Ынтағали да жұртшылықты риза етті. Күй жанры бойынша, негізінен, Қазанғап мен Құрманғазының, батыс өңір күйшілік мектептерінің басқа да өкілдерінің шығармалары орындалды. Ал Дастан Қабылов, Динара Шынарбаева, Құралай Әленова, басқа да термешілер Әбубәкір Кердері, Наурызбек пен Нұртуған жыраудың терме-толғауларын төгілтті.

Әншілер арасындағы байқауды Сәуле Жанпейісованың шәкірті Мәншүк Мұқанова ашып, халық әні «Ақеркені» әуелетті. Көпшілік Әділет Күзенбаев пен Ғазиза Әбдірованың, т.б. әншілердің орындауында Сары Батақұлы, Әлима мен Нұрпейіс Байғаниннің шығармаларын тыңдады.

Байқау талабына сай, әр жанр бойынша ең үздік өнерпаздар іріктеліп, республикалық байқауға үш жолдама табысталуы тиіс. Қазылар алқасына, әсіресе, күй орындаушылар арасынан үздікті анықтау қиынға түсті. Қазылардың Асылбек Кенегесов, Ардақ Елеусіз, Құрманғазы Асылхановтарды сахнаға екінші мәрте шақырып, олардың өнерлерін тағы бір саралап көрулеріне тура келді.

Байқау қорытындысы жарияланар сәтте сөз алған қазылар алқасының төрағасы Ерболат Шалдыбеков те ақтөбелік жас күйшілердің деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Сахнаға екінші рет шақырылған орындаушылар туралы ол: «Үшеуі де — болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты жастар, бірінен бірі өте өнер көрсетіп тұр. Үшеуін де «Мен — қазақпын» жобасында әрі қарай өнер көрсетуге лайық санағанымызбен, өкінішке қарай, жолдама біреу ғана…» — деп, жылы лебізін білдірді.

Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша, Ардақ Елеусіз — ең үздік күй орындаушы, Дастан Қабылов — ең үздік термеші, ал Ғазиза Әбдірова ең үздік әнші атанып, біздің өңір атынан республикалық байқауда өнер көрсететін болды. Басқа қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Біз жеңімпаздарымыз жобаны әрі қарай да сәтті жалғастырады деп сенеміз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button