МәдениетРухани жаңғыру

«Мен қазақпын»

Елімізде  бастау  алған  «Мен  қазақпын»  мега  жобасының ұйымдастырушылары Ақтөбе өңіріне  келді. 

Бұл  жобаның  мақсаты  —  ұлттық  болмысымызды таныту. Елбасы мақаласынан кейін рухани жаңғыруға қолдау білдіру мақсатында тележобаны «Қазақстан»  РТРК АҚ Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесе ұсынды. Бұған еліміз бойынша термешілер, күйшілер, дәстүрлі әншілер үн қосты. Алтай қазақтары, Моңғолия, Қытай, Ресейдегі қандастар да байқауға қатыспақ.  Кейін телевизиялық  жоба  «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы көрсетіледі. Жобаның Ақтөбедегі іріктеу кезеңіне 18 өнерпаз қатысты.

«Мен  қазақпын» телевизиялық жобасының ұйымдастырушылары, «Қазақстан»  ұлттық арнасының түсірілім тобы алдымен Ақтөбе мен Батыс Қазақстан  облыстарының шекарасындағы батырлар мекені Қобда ауданына ат басын тіреді. Қонақтарды 100 қобдалық қыз  Қобда ауданының  орталығындағы стадионда қара жорға билеп  қарсы алды. Әжелер ансамблі халық әндерін  шырқады.

—  Қобда  ауданы — ерліктің  өнегесі  болған  Қобыланды  батырдың  қорымын  сақтаған өлке. Бұл жерде  Әлия  Молдағұлова  сынды  қазақтың  батыр  қызы  туған. Сондықтан біз  «Мен  қазақпын»  мега  жобасының  Ақтөбеде  өтуін  осы  жерден  бастадық. Бұл  рухты мекен  бәрімізді  қолдайды  деген  ойдамын, —  деді  «Мен  қазақпын» мега жобасының жүргізушісі Аллажар  Қайбар.

¤«Мен  қазақпын» жобасы аясында Ақтөбедегі сауда  орталықтарының  бірінің  алдында  «Домбыра  пати» өтті. 50 күйші бір мезетте 50 домбыраға  тіл  бітірді.  Мұны  шара  қонақтарымен бірге ақтөбеліктер де тамашалады. Батыстың  күй  мектебін көрсететін бірнеше туындылар орындалды. Оның  ішінде  шоқтығы  биік  Құрманғазы,  Қазанғап, Тәттімбеттердің күйлері айналаны дүр сілкіндірді Қазақ музыкасын зерттеуші, ғалым Ахмет Жұбановтың есімі Ақтөбемен қатар айтылады. «Мен қазақпын» мега жобасының ұйымдастырушылары мен «Қазақстан» ұлттық арнасының түсірілім тобы, жоба қатысушылары әйгілі композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

— Телевизиялық жобаларды соңғы уақытта көптеп көріп жүрміз. Бірақ, шынын айту керек, ұлттық болмысымызды боямасыз көрсететін,  ұлттық рухымызды  көтеретін мұндай кең ауқымды халықаралық жоба бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Және оның «Қазақстан» ұлттық арнасының идеясы негізінде қолға алынғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл жоба әрбір қазақтың санасына сәуле түсірері анық. Әсіресе, сыртта жүрген қандастарымыздың үн қосып жатқаны қуантады, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

«Мен қазақпын» мега жобасының ұйымдастырушылары Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақтағы қызықты шараларға қатысты. Жоба жүргізушісі Аллажар Қайбар автокөлікті қолымен сүйреді. Алып дөңгелектерді итеріп, күш сынады. Ал домбырашы балалардың өнеріне көпшілік тәнті болды.

«Мен қазақпын» мега жобасының іріктеу кезеңін Ақтөбеде өткізу үшін келген «Қазақстан» ұлттық арнасының түсірілім тобының қыз-жігіттері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен суретке түсті. Өңір басшысы рухани жаңғыртуға үлес қосатын жобаға сәттілік тіледі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button