Мәдениет

Аудан театры таңғалдырды

Темір ауданының күндерінде Н.Байғанин атындағы Мәдениет үйі жанындағы әуесқой театр белгілі драматург С.Балғабаевтың «Құдағилар хикаясы» спектаклімен ақтөбеліктерді күлкіге кенелтті.

Қойылымның режиссері —  аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Батырбек Аманқұлов. Т.Ахтанов атындағы драма театрдың режиссері Елтай Кемал кәсіби маман ретінде ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеген.

Спектакльдің ұзын-ырғасы былай: Алматыда оқып жатқан екі жас өзара тіл табысып, ата-анадан рұхсат сұрап жатпай-ақ, екеуі үйленіп алады. Жігіт әке-шешесіне ескертпестен, үйіне аяқ астынан келін алып келеді. Әлгінде ғана ауылдағы тірліктің тауқыметінен шаршаған алты баланың анасы Гүлрайхан күйеуінің миын жеп отыр еді: «Үйде келін болмағасын…» деп. Айтып ауыздарын жиғанша келіп қалған келінді көргенде, естерінен тана жаздайды.  Ит өлген жерге қоржынын арқалап, құдалардан кешірім сұрап бару, той жасау сияқты шаруаларға кірісіп кетеді.

Спектакль оқиғасы бастан-аяқ тойда айтылатын  әнмен, бимен қоса өріліп отырады.  Ұлдың әкесі Баймұраттың (Батырбек Аманқұлов), оның зайыбы Гүлрайханның (аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Әсел Бейісова), ескі құдасы Сайлаубайдың (Жанболат Аяпов), құдағиы Зайдаштың (Жарқынай Есберген) рөлдерін келістіріп сомдайды. Ұл мен келін кейпінде көрінген Тимур Еңсеген мен Таңшолпан Зейнолла да өз рөлдерін нанымды шығарды.

Әсіресе, жас келін Жаннаның анасы, кәсіпкер ханым, жаңа құдағидың рөлін сомдаған Ақкенже Нұрекееваның құдаларын үйіне кіргізбей қуып жіберіп,  қызын алып кетем деп келіп, кедей құдаларының үйінің астан-кестенін шығаратын адуын мінезі, ерсі қылығы бір жағынан күлкіге тиек болса, бір жағынан көрерменіне ой салады. Алдында құдаларды құрдай жорғалатқан кесір құдағи ақырында Гүлрайханмен бір ауылда өскен Нәзипа болып шығады. Бала күнгі құрбылар ақырында құшақтасып тіл табысып, арты жақсылыққа ұласады.

Бұл қойылымды ұйымдастырылғанына бір жыл ғана болған әуесқой театрдың табысы деуге әбден лайық. Мәдениет үйінде түрлі қызметтерді атқаратын қатысушылардың өнері кәсіби актерлерден кем түспеді. Батырбек Аманқұлов пен Жанболат Аяпов құдалықта, тойларда ішімдікке тойып алып, үлкен отыр, кіші отыр демей, барылдап ән айтып, секеңдеп билейтін кейбір құдалардың дарақылығын да айнытпай келтіреді. Кеуделеріне нан піскен кейбір байшікештердің де астамшылдығын сынға алынады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button