БілімБасты жаңалықтар

Мектеп бітірушілердің кеші өтті

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Еркін сахна» атты мерекелік шара өтті. Ақтөбе қаласындағы мектеп түлектерінің мектеп бітіру кеші осындай жаңа әрі қызықты форматта алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Кеш барысында түлектер өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Жарасымды әзіл айтып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, мектеп бітірушілер ата-аналарға, мұғалімдерге және сыныптастарына ыстық ықылас, жылы лебіздерін білдірді. Осының барлығы үлкен LED-экрандарда онлайн режимінде көрсетілді.

Жас түлектердің мерекелік шарасына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева қатысты. Жалпы орталық саябаққа Ақтөбе қаласындағы 71 мектептің түлегі жиналды. Биыл облыс орталығындағы мектептерді 2688 түлек бітірді. Барлық түлек қорытынды аттестаттауды сәтті тапсырған. Олардың бәріне бір күнде — маусымның 10-ы күні мектеп бітіру аттестаттары табыс етілді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанованың айтуынша, мектепте өткен қорытынды аттестаттауда «Алтын белгіге» үміткер 158  түлектің 158-і де білімдерін дәлелдепті. Сондай-ақ, «Үздік аттестаттан» үміткер болған 91 оқушы да үмітті ақтаған.

Түлектер қазір ҰБТ-ға қызу дайындалып жатыр. Жоғары оқу орнына қабылдану үшін ұйымдастырылатын ҰБТ-ның жаңа форматы Ақтөбе қаласында маусымның 21-24-і күндері үш пунктте өтеді. Аталған сынаққа қатысуға Ақтөбе қаласындағы түлектердің 2300-ге жуығы (88 пайыз) ниет білдіріпті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button