ЖаңалықтарРухани жаңғыру

«МЕН — ҚАЗАҚПЫН» жобасы ұлттық өнерді насихаттайды

Брифинг

Жексенбі күні Ақтөбеде «Мен қазақпын» халықаралық телевизиялық

мега жобасының іріктеу туры өтеді. Жеңімпаздар біздің облыстың атынан республикалық конкурсқа қатысуға жолдама алады.

Бұл жөнінде сәрсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«Мен қазақпын» халықаралық мегажобасын «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырып отыр.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» — деп атап көрсетілген. Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат — шалғай ауылдарда ұлттық өнерді насихаттап жүрген таланттарды үлкен сахнаға шығару, — дейді «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Бибігүл Биманова.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, бүгінге дейін іріктеу турлары барлық аудандарда өтіп, облыстық кезеңге 18 адам жолдама алыпты. Олардың 13-і — Ақтөбе қаласынан, қалған өнерпаздар Әйтеке би, Хромтау, Байғанин, Шалқар және Мәртөк аудандары атынан қатысады. Өнерпаздар үш бағыт бойынша іріктеуден өтеді: дәстүрлі ән, терме және күй. Осы үш бағыт бойынша ең үздік танылған үш адам республикалық деңгейдегі конкурсқа жолдама алмақ. Іріктеу кезеңдері еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатыр. Сондай-ақ, мега жобаға Қытай, Моңғолия, Ресейде тұрып жатқан қандастарымыз да қатысады.

—11 маусымда Ақтөбеде өтетін шараны үлкен мереке түрінде ұйымдастырмақпыз. Облыстық драма театрының артистері театрландырылған көріністер әзірлейді. Қазылар алқасы құрамында Жайлау Асылханов, Қоянбай Тобағабылов және Ерболат Шалдыбеков болады. Қатысушылардың әрқайсысы екі нөмірден орындайды: біріншісі жергілікті ақын-композиторлардың туындысы болуы тиіс, ал екінші шығарманы өз қалаулары бойынша таңдайды, — деді Маржан Қорғанбаева.

Жоба аясындағы іріктеу турлары еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқанын айттық. «Қазақстан» ұлттық арнасының түсірілім тобы Ақтөбеге Батыс Қазақстан облысынан келеді. Ақтөбеліктер оларды Қобда жерінде салтанатпен қарсы алмақ. Бұл үшін ұлттық киім киген 100 биші қыздың қатысуымен флэшмоб өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, Ақтөбеде домбыра-пати ұйымдастырылатын болады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. керемет екен! істеріңіз жемісті болсын))) мен қазақстанның быраз қалаларында болыдым, Ақтөбеде гипермарект пен супер маркет Қазақ тілінде))) көп қалаларда не орысша, Көбінде Ағылшынша ат қойылып жатады. қайда барсамда қазақ тіліндегі атаулар жарқырап тұрса кенен)))) қазақылық, қазақы дәстүр деген соң, тақырыптан ауытқысамда, жұрттар қарайды ғой деп жазып жатырмын))))
    енді осындай шаралар ұйымдастырылса керемет ғой)) тек алға)))

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button