Құқық

Ойыннан от шықты

Ақтөбе қалалық сотында қазіргі күнгі үлкен шаһарға тән мәселелердің біріне қатысты азаматтық іс қаралып аяқталды. Бұл даулы жағдайдың орын алуына 2008 жылғы наурыз айындағы қаламыздың теміржол вокзалы маңындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен шыққан өрт кінәлі еді. Бұлай дейтініміз, Асқар М. мен Мариям Ж. есімді екі жас, мойнына қарғы сияқты етіп, сөзін тағып алған жандардың бірінен бір бөлмелі пәтерді жалға алады. Бір тәуліктік жалға алу ақысы 5 000 теңгесіне жеке төлқұжатын қосып беріп, сол пәтерде көңіл көтермекші болады. Содан соң арағын ішіп, шылымын шегіп таң атқанша «демалады». Ұзын сөздің қысқасы, араққа тойып алған екі жас ұйқыға басып, шегілген шылым қалдығынан өрт шығады. Жалпы көлемі 25 шаршы метрді жалмаған тілсіз жаудан өз үйін жалға беріп пайда таппақшы болған пәтер иесіне бір миллион теңгеден астам шығын келген.

Өрт шыққан пәтерді жалға алған екі жас қашып құтылмақшы болған кезде қолға түсті.  Шырт ұйқыны шарт бұзған оқиға кезінде көп пәтерлі үйдің тұрғындары жан басын аман сақтау үшін біреулері екінші қабаттағы пәтер терезесінен секірсе, енді біреулері ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізілген. Осы үйдің 4-ші қабатындағы пәтер тұрғыны Жамал апай болса, өрт шыққан кезде жүрегі ауырып, бес күн бойы ес-түссіз күйінде ауруханада жатып, дәрігерлердің арқасында жан сақтаған. Содан соң осындай жағдайға душар еткен пәтер иесінен моральдық шығынды өтеу үшін 10 млн. теңге көлемінде қаржы талап етіп, сотқа шағымданған. Талапкердің пікірінше, Ғалия С. пәтер иесі ретінде жауап беріп, оған келген моральдық шығынды өтеуі қажет. Талапкердің сотқа ұсынған құжаттары негізінде оның 18 күн бойы ауруханада жатып, қолының, бетінің, демалу жолдарының күйгендігі, өрттен шыққан газбен уланғандығы белгілі болып отыр.

Сот  шешімімен бұл талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Іс барысында анықталған жайттарды негізге ала отыра, сот жауапкерден моральдық шығын ретінде 100 000 теңге көлеміндегі соманы өндіру туралы шешім шығарды. Ең бастысы, бұл шешімге екі тараптың да көңілі толып, сот бұл дау бойынша соңғы нүктені қойды.

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық соттың

баспасөз қызметінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button