БілімРухани жаңғыру

Бәсекелестікке бастайтын бағыт

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өткен жылы білім ордаларының ректорларын сайлау жөнінде алғаш рет ашық конкурстар өткізіп, Атырау, Жетісу, Павлодар, Қостанай тәрізді төрт облыстың жоғары оқу орындарының жаңа басшыларына тізгін ұстатқан болатын.

Биылғы көктемде дәл осындай конкурс арқылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне жаңа ректор келді. Ұстаздық қадамын мектеп мұғалімдігінен бастаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков 1996 жылы Семей мемлекеттік университетін бітіргеннен бері жоғары білім беру жүйесінің барлық сатыларынан өтті: аспирант, университет оқытушысы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор. Қазақ әдебиетінің тарихы, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, әдеби өлкетану мәселелеріне арналған 170-тен аса ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалар мен баяндамалардың, соның ішінде 2 монография, 1 оқулық, 6 оқу құралы, 2 оқу-әдістемелік құралдың авторы.

Әрине, екі жарым айдың ішінде жаңа басшы жеке қолтаңбасын танытып үлгеруі мүмкін де емес екендігі мәлім. Әйтсе де біраз істерді қолға алып, біршама жайларды ой елегінен өткізгені және даусыз. Сол себепті біздің сауалдарымыз да алғашқы айлардың төңірегін ғана қамтыды.

— Биылғы жылдың елеулі оқиғасы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы екені мәлім. Бұл мақала, әсіресе, жоғары оқу орындарының білім беру мен тәлімді жетіктіру тұрғысындағы талаптарын тағы бір терең сараптауға жетелеп отыр. Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Елбасымыз айтқан ұстанымның бірі: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс». Ал сананы қалай жаңғыртып отырамыз? Бұны, әрине, әркім өзінен бастауы тиіс екендігі белгілі. Мысалы, университет табалдырығын аттағаннан бастап әр студент ертең өзінің кім болмақтығын бағамдағаны жөн ғой. Өйткені түлектер өз басын ғана емес, белгілі бір аумақты немесе шағын ауылды ғана емес, тұтас қаланы, ұлан-ғайыр өңірді тәрбиелейтін ұрпақ болып қалыптасуы тиіс. Ал қалыптасудың алғашқы басқышы университет екені мәлім. Осыған байланысты арнаулы дәрістер ұйымдастырдық. «Ұлттық сананы жаңғыртудың тамыры төл тарихымыздан нәр алады»,  «Болашақ ұстаз болмысы», «Туған жер — ұрпақтың асыл қазынасы», «Ұлттық сана жаңғыруындағы тіл мен әдебиеттің орны», «Мәңгілік ел жастары — индустрияға!», «Ағылшын тілін үйрену — бүгінгі күннің талабы», «Экономикалық бәсекелестікті дамытудағы жастардың ролі» тәрізді дәрістерді тек теориялық ережелерге негізделген қасаң тәртіппен өткізбей, әр студенттің зердесін оятарлықтай ортақ әңгіме түрінде ұйымдастырдық.

— Осы тұсты таратыңқырап айтсаңыз…

— Байқасаңыз, көптеген үздіктер, мысалы, мектепті «Алтын белгімен» аяқтағандар Ресейге әйтпесе Астана мен Алматыға кетіп қалып жатады. Ал ол жақтарда да білімді терең игеріп, ғылым жолына түскендердің кейін, болып-толған соң өз өңірімізге қайтып оралуы екіталай. Сол себепті біз талапкерлерді материалдық жағынан көтермелеу арқылы өзімізге тартпақпыз. Ағылшын тілін IELTS, TOEFL деңгейінде меңгерген, академиялық үлгерімі жоғары, ғылыми жобалармен айналысатын студенттерді ынталандыру, Құдайберген Жұбанов атындағы шәкіртақы тағайындау, ағылшын тілінде сабақ беретін оқытушыларға қосымша жалақы төлеу тәрізді шараларды жүзеге асырсақ дейміз. Жалпы үш тілділік принциптері бойынша жүргізілетін білім беру бағдарламаларының үлесі университетімізде 2020 жылы 35 пайыздан кем болмауы керек.

— Бұлар қаржы арқылы шешілетін мәселелер екен, ал күнделікті оқыту барысында қиындықсыз шешілетін жайлар ше?

— Бұл ретте де абдыраудың қажеті жоқ қой деймін. Елбасымыз латын әліпбиіне көшу туралы нақты айтты. Өзіңіз білесіз, біздің жұртымызға латын әліпбиі тіпті де жат емес. Әріге кетсек, ХІІІ ғасырдағы «Қыпшақ тілінің сөздігі» («Кодекс куманикус») латын әліпбиінде жазылған ғой. Ал беріге келсек, өткен ғасырдың 30-40 жылдарында осы әліпбиді пайдаландық. Міне, сол кездегі газет-журналдар архивтерде тұр, еш жоғалған жоқ. Меніңше, студенттердің сол кезеңдердегі басылымдарда жарияланған маңызды мақала-еңбектерді оқуын ұйымдастырудың ешқандай қиындығы жоқ. Бір жағынан, көз үйрене береді, екіншіден, жаңа әліпби қабылданған уақытта бізден дәріс алған студенттердің жазудан да, оқудан да біршама тәжірибесі болады.

— Енді гуманитарлық міндеттерді тежей тұрып, технологиялық мақсаттарға ауыссақ…

— Елбасымыз жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болуымыз керектігін астын сызып айтты. Былайша қарағанда, бізде техникалық мамандықтарға оқытудан тапшылық жоқ сияқты. Бірақ, нәтижесі көңіл толтырарлықтай бола бермейтіні және рас. Айталық, Ақтөбе — агломерация орталығы, зауыттар мекені. Біз сол бағыттағы мамандықтарға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Бірақ, біздің студенттеріміздің практикалық тәжірибесі аз, қарым-қатынас жасайтын өндіріс ошақтарымыз санаулы. Міне, осылардың қатарын көбейтіп, жаңа келісімшарттар жасасып жатырмыз. Қысқарта айтқанда, университет өңірдегі кәсіпорындар мен түрлі ұйымдардың талаптарына сай айрықша білім беру бағдарламарын жасауы қажет. Біз 18 қытайлық компаниямен кездестік. Жуықта келісімге отырмақпыз.

— Осыны жүйелей айтсаңыз…

— Қытайлық компаниялар жергілікті мамандарды шеттететіні жайлы айтып жатамыз. Мұның да себептерін зерттедік. Қытайлықтар «жергілікті мамандар біздің қондырғылармен жұмыс істей алмайды» деп шырылдайды. Расында да қытайлық қондырғының іс-қозғалысына қанығу үшін маман қытай тілін білмесе болмайды екен. Маманның қажеттігі біліктілігіне ғана емес, тілге де тәуелді болатынын ұқтық. Біз енді сол компанияларға 2-3-курстардың студенттерін тәжірибе жинақтауға жібергелі отырмыз. Бұл орайда біз университеттегі Конфуций институтын  тиімді пайдалануымыз керек, ұлттық мүдде тұрғысында өзгерістер енгізбесек болмайды. Қытай тілінің іргетасы осында қалануы тиіс. Тағы бір жай, қытайлықтар бізге қазақ тілін үйрету жөнінде өтініш жасап отыр. Бұл тіпті қолайлы ұсыныс. Өйткені университетіміздің оқытушылары қазақ тілін үйрету арқылы қосымша жалақы көзін табады.

— Конфуций институты туралы айтып қалдыңыз, тағы да қандай ғылыми-зерттеу орталықтарын осындай ортақ іске жұмылдыруға болады?

— Бұны бір ауыз сөзбен сипаттап беру қиын. Себебі институттың немесе орталықтардың тек теориялық мәселелермен шұғылданғанына сырттай мәз болмай, оларды практикалық істерді ортақтасып шешуге жұмылдыруымыз қажет. Әлгінде латын әліпбиі туралы айттым, мұны да бір орталық жүйелі жүргізуі қажет. Орталықтар, міне, осындай бастамалардың нақ ортасында болуы керек қой. Президентіміздің мақаласында рухани қндылықтар туралы да нақты айтылды. Болашақта «Қазына» деп аталатын орталық құру ойымызда бар. Өйткені Ақтөбе өңірінің тарихи, мәдени, әдеби бай шежіресі толық зерттеліп болған жоқ қой. Мысалы, түркі жұрты тегіс білетін Едігенің зор тарихи тұлға екендігі туралы мәселе өз алдына, ал өмірден озған соң оның асыл сүйегі қайда жерленді, Едігенің сүйегі Ұлытауда жатқаны рас па, әлде көптеген шежірелерде, ресейлік ғалымдардың еңбектерінде көрсетілетіндей, осы біздің өңірде жатыр ма? Бұл туралы Тарих және этнология институтына ұсыныс жасап, өңіріміздегі «Едігенің жалы» деп аталатын тарихи орынға бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде пікір білдірдік. Бұған атсалысуға басқа елдердің де ғалымдарын шақыруға әзірміз.

— Жалпы алғанда әр орталықтың нақты айналысатын, тиімділігі көзге көрініп тұратын осындай бағдарламалары болуы керек дейсіз ғой?

— Осы жайды толығырақ айтып өтейінші. Әрине, біздің университеттің базасы мықты, орналасқан жері қолайлы — Батыс өңірінің орталығы, оның үстіне бәсекелестері де аз. Мысалы, мұнда оңтүстік өңірдегідей қаптаған жоғары оқу орындары жоқ. Бұл — жетістік. Ал кемшіліктердің бірі — институт пен университет біріккеннен кейін құрылым толықтай оңтайландырылмаған. Мұны Семейдегі университетте қызмет етіп жүргенімде өзіміз де басымыздан өткердік. Қосылудың бір қиыны — бұрынғы құрылымдарды қысқартып жіберудің жауапкершілігі ауыр. Әр қызметтің аржағында бір адамның тағдыры тұр. Бірақ олай отыра беруге тағы болмайды ғой. Университетте осылайша бүгінгі уақыт талабына сай келмейтін бөлімшелер, даярлайтын мамандықтары бір немесе ортақ, функциялары ұқсас кафедралар бар екен. Жинақтай айтсақ, алпыстан аса түрлі құрылымдық бөлімдер, яғни басқарма, департамент, институт, факультет, еш факультетке енбейтін жалпыуниверситеттік кафедралар шоғыры мен қырыққа жуық кафедра жұмыс істеп келіпті. Бұл — аймақтық университетте кемі жүзден аса түрлі дәрежедегі басшылар бар деген сөз. Бұған олардың екіден, үштен орынбасарлары болатынын және қосып көріңіз. Демек, қаржыны бекер шашпау үшін, амал жоқ, ықшамдалуға тура келді.

— Енді сол жаңа құрылым туралы айтсаңыз…

— Бұл құрылым төмендегіше сипатталады. Ашылған орталықтар: маркетинг орталығы, цифрлы технологиялар орталығы; халықаралық ынтымақтастық орталығы, біліктілікті көтеру институты, академиялық мәселелер және білім сапасын бағалау департаменті. Ал тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасы оңтайландырылып, жаңадан әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты бөлімдері болып қайта құрылды. Білім алушы студенттердің контингентіне байланысты бұрынғы 2 институт пен 7 факультеттің құрылымдық бөлімшелері оңтайландыру нәтижесінде жаңадан 10 факультет болып қайта құрылды: физика-математика факультеті, жаратылыстану факультеті, филология факультеті, техникалық факультет, тарих факультеті, шет тілдері факультеті, педагогика факультеті, экономика және құқық факультеті, кәсіптік-шығармашылық факультеті, сырттай оқу факультеті. Күзет қызметі жүйесін оңтайландыру арқылы 10 миллион теңге үнемделді.

— Бұлай жасаудың себебі неде?

— Орталықтар өз бетімен өмір сүрмей, қызметін кафедралар арқылы жүргізіп отыруы керек. Ал кафедралар факультеттермен бірге тыныстауы қажет. Ең бастысы, университеттегі әр құрылым бір-бірімен тығыз байланыста болмаса, ондай орталықтың тигізер пайдасы қане? Мысал ретінде жаңадан ашылған бір орталықтың қызметін талдап көрейік. Маркетинг орталығының міндеттері, құжат тілімен тізбелегенде былай баяндалады: университеттің білім өніміне тұтынушылық сұраныс динамикасын қалыптастыратын факторларды талдау, мектеп оқушылары мен түлектерінің мамандық таңдауына назар аудару, ата-аналармен, сынып жетекшілерімен жұмыс, ұлттық бірыңғай тестке даярлық, үздік түлектерді анықтау және оларды университетке тарту, университет түлектерін жұмысқа орналастыру, білім нарығын зерттеу, яғни кадрдың жетіспеушілігі, шағын қамтылған мектептер және оларға қызмет көрсететін қосарланған мамандықтарды ашу, білім беру сапасы тәрізді мәселелерді сараптау, «Түлектер» қауымдастығымен байланыс орнату, сол арқылы университеттің жағымды имиджінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, университетке қамқорлық жасайтын демеушілермен жұмыс жүргізу, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп әкімдік грантының бөлінуіне байланысты ұсыныстар жасау, университет сайтының толыққанды және қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Көрдіңіз бе, бұл орталықтың неге қажет екендігі осы міндеттерден-ақ анық байқалып тұр емес пе?!

— Енді студенттер игеретін мамандықтар туралы мәселеге ойыссақ…

— Біздің университеттің негізгі қаңқасын педагогикалық мамандықтар құрайтынын естен шығаруға болмайды, жалпы педагогикалық мамандықтардың барлығы дерлік даярланады. Дегенмен заман өзгерістеріне бейімделмеске тағы болмайды. Мысалы, қазір шағын қамтылған мектептерде әр пәнге бір мұғалім ұстау аса тиімді емес. Себебі бұлай еткенде мұғалімнің табатын жалақысы ойсырап тұрады. Сол себепті физика мен математиканы немесе химия мен биологияны қосарланған мамандық алған бір мұғалім де жүргізе алар еді. Қалай болғанда да мектеп оқушыларына сабақ беретін ұстаздың бір саланы терең зерттеген ғалым болуы шарт емес. Ал облыста шағын қамтылған мектептердің үлесі, деректерге жүгінсек, барлық мектептерге шаққанда 56 пайыз құрайды. Сондай-ақ бізде балабақша қызметкерлеріне тапшылық жоқ сияқты көрінетіні бар. Тіпті де олай емес. Бір ғана дерек, облыста мектепке даярлық топтарында жұмыс істейтін 442 маманның 136-сының ғана сәйкес білімі бар. Ал техникалық кәсіптер туралы жоғарыда аздап айтып та өттім. Оған кіші және орта бизнесте инженер, геолог, механик сияқты мамандар жетіспейтінін қосыңыз. Ақтөбе облысының 2016-2020 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасында қонақүй, мейрамхана, экскурсиялық қызмет көрсету мамандықтары сұранысқа ие екендігі көрсетілгені де бар. Тиянақтап айта кетсем, қазір университет 56 мамандық бойынша оқытады.

— Осы студенттерге білім беретін профессор-оқытушылар құрамы жеткілікті ме?

— Жеткілікті деп бір сөзбен жауап беру қиын. Себебі жекелеген кафедраларда ғылыми дәрежелі оқытушылар жетіспейді. Жалпы университет бойынша кадрлық әлеует 50 пайыздан жоғары болғанмен ғылым докторлары, PһD докторлары мен ғылым кандидаттары 15-16 мамандықтың аясына ғана топтасқан. Ал ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың жекелеген кафедраларда ғана шоғырлануы — білім берудің толыққанды әрі сапалы жүзеге асуына үлкен кедергі.

— Дегенмен университеттің студенттер саны жөнінде олқылық жоқ қой. Келгелі бері студенттермен де жүздесіп жатқаныңыз мәлім, қандай ой түйдіңіз?

— Университеттің басым тұстарының бірі — осы, студенттер санының жеткілікті болуы. Аймақтағы жоғары оқу орны үшін 10 мыңға жуық студент болуы көңіл тоғайтарлық көрсеткіш. Барлық факультеттердің студенттерімен жүздестім, белсенді студенттермен әңгімелестім, көптеген ұсыныстарын естідім. Мұның барлығын тарқатып айтсам, әңгімеміз созылып кетеді. Ең бастысы, жастар қазір өз болашақтары бәскелестік қабілетке байланысты екенін жақсы ұғынады. Біздің міндетіміз олардың сол жолда өз бағыттарын адаспай табуына жәрдемдесу болып қала бермек.

— Әңгімеңізге рақмет. Бұл алғашқы жалпылама сұхбатымыз кейін нақты тақырыптарға баратын жолдың бір тарауы деп есептелік.

 Әңгімелескен Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button