ДенсаулықЖаңалықтар

Бас сүйегінен жарақат алып көз жұмған жігіттің бүйрегі екі науқасқа салынды

Облыстық көпсалалы ауруханада бас сүйегінен жарақат алып көз жұмған жігіттің екі бүйрегі екі науқасқа салынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, 27 мамыр күні 1994 жылы туған жігіт бас сүйек және ми жарақатымен Байғанин аудандық ауруханасына түседі. Жігіттің жағдайы ауыр болғандықтан дәрігерлер 1 маусым күні Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына алып келеді. Алайда көрсетілген медициналық көмектің барлығы нәтижесін бермейді. Үшінші  маусым күні жігітке «ми өлімі» диагнозы қойылады. Осы сәтте дереу іске кіріскен хирургтер бүйрек кезегінде тұрған жеті науқасты шақырады. Оның ішінде тек қана 1971 және 1973 жылы туған екі әйелдің ғана сараптамалары сәйкес келеді.

— Науқастың біреуі 2014 жылы Омск қаласында бір бүйрегін ауыстырған.  Алайда үш айдан кейін ағзасы бүйректі қабылдамай, қайта алып тастауға мәжбүр болады. Содан бері науқас гемодиализ алып жүр. Екінші науқас та ұзақ жылдардан бері гемодиализбен өмір сүріп келеді. Донор табылғаннан кейін біз науқастарды шақырдық. Барлық медициналық сараптамалардан өткіздік. Ал донордың туысқандарымен алдын ала келісім жасалды. Олар барлығына түсіністік танытып, ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Психолог мамандар жұмыс істеді. Реципиенттерге  сараптамалар жасалғаннан кейін бірден ота жасауға кірістік. Ота сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты, жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер бақылап отыр, — дейді бас хирург.

Айта кету керек, бұл — жыл басынан бері мәйт трансплантациясы бойынша жасалып отырған алтыншы ота.  Және бүйрек ауыстыру отасын қазір ақтөбелік хирургтер ешкімнің көмегінсіз өздері жасап жүр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, бұған дейін дене мүшелері тек қана туған-туыстарынан алынып келген. Соңғы уақытта ғана тұрғындар мәйіт донорлығына оң көзқарас танытып жүр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button