МәдениетРухани жаңғыру

Елдікті қозғаған екі еңбек

Белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанұлының екі кітабы Алматыдағы саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық бағыттағы әдебиеттер баспаларынан шықты.

Оның бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген «Парыз бен пайым» кітабы болса, екіншісі — негізінен әлеуметтік-мәнді мазмұндағы кітаптар басып шығаратын «Отан» баспасынан жарық көрген «Тұлғалар тағылымы» атты көлемді еңбек.

Облысымызға танымал ғалым-ұстаздың бұл еңбектерінде оның ұзақ жылдардағы әлеуметтік, саяси, мәдени және рухани салалар бойынша әр кезде жазған мақалалары, жеке мәселелер бойынша оқшау пікірлері, журналистерге берген сұхбаттарының бір бөлігі қамтылған.

Автордың «Парыз бен пайым» кітабының мазмұнымен танысқан оқырман оның бүгінгі заман талабынан туындаған еңбек екеніне көз жеткізеді. Еліміз жұртшылығы ҚР Президентінің Бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқып, талқылау үстінде. Онда ХХІ ғасырдағы ұлттық сана қандай болуы керек, таяу жылдардағы міндеттеріміз қандай, тағы басқа өзекті мәселелер талданады. Және бұл мақсаттарға жету үшін рухани жаңғыруымыз басты ұстаным делінеді. Кітап авторы өз еңбегінде Президент алға қойған осы мақсаттарға үн қосып, оны көпшілікке жеңіл тілмен түсіндіруге қадам жасаған. Олардың қатарында жаһандану заманындағы ұлт болмысы, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі, не нәрсеге де прагматистік тұрғыдан, ұлт пен мемлекет тұрғысынан қарау, ұлт бірлігі, ұлттық рух пен намыс т.б. мәселелер қамтылады.

Еңбекте ұстаз-ғалым білім мен тәрбие, дін, ғылым мен өнер, мемлекеттік тіл сияқты аса өзекті мәселелерге де көңіл аударған. Қазіргі заманда да Абай заманындағы кемшіліктерден тұтас арыла қойған жоқпыз. Бұның мысалын автордың «Надандық, екіжүзділік — соңғы ғасырдың жемісі», «Өмірдің қатаңданып бара жатуы – рухани жұтаңдықтың көрінісі», «Өзін-өзі сынауға жеткен халық – болашағы бар халық», «Адам парасатын отырған креслосымен, беделін – байлығымен өлшейтін халге жеттік», «Ректор үлкен интеллект иесі болуы керек», тағы басқа атаулармен кітапқа кірген, кісіге ой салатын мақалаларынан көруге болады. Кітапта сондай-ақ дін саласындағы түсінігі төмен жастарымыз бен кейбір азаматтарымыздың келеңсіз іс-әрекеттеріне де парасат пайымы тұрғысынан баға берілген.

«Тұлғалар тағылымы» деп аталған екінші кітаптың мазмұны да бүгінгі күнгі Президент көрсеткен басты бағдарларымыздың бірі – «Туған жерге туыңды тік» деген бағыттағы рухани жаңғыру проблемаларын қамтыған. Онда ұлтымызға үлгі және ұран болған Қожа Ахмет Яссауи мен Пір Бекет Ата, Махамбет сияқты тарихи тұлғалардан бастап, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне, өркендеп өсуіне ат салысып жүрген бүгінгі көзі тірі азаматтарымызға дейін қамтылған. Автор замандастарымыздың жетістіктерін жаза отырып, «Жаныңда жүр жақсы адам» деп жас ұрпақ санасына ой салады.

Жалпы алғанда екі кітап та өзінің мазмұнымен де, көтерілген өзекті ойларымен де көпшілік ойынан шығатын еңбектер, бүгінгі руханият мәселелерін жас ұрпақ санасына ұялатуда кәдеге жарайтын құнды дүниелер деуге толық болады.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button