Білім

Балдырған

Биылғы жыл құсы

Қазақстан биоалуандық сақтау қауымдастығы мен республикалық құстарды қорғау одағы биылғы Барыс жылының құсы қылып жұдырықтай қараторғайды белгіледі. Бұл дәстүр тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Жаңа Зеландия, Эстония секілді елдерде де бар игі салт. Әр ел өз жыл құсын белгілейді. Мысалы, 2001 жылы Ресейде қараторғай Жыл құсы атанған екен.

Қазақстанда қараторғайдың үш түрі мекендейді: қарапайым қараторғай, қызғылт қараторғай және майна есіміне ие үнді қараторғайы.

Ғалымдар қараторғайды үлкен екі топқа бөледі. Бір тобы — жыл құстары, яғни жылы жаққа ұшып кетіп-келіп жүретіндері болса, оңтүстікте ұялайтындары — тұрғылықтылар.

Салмағы бар болғаны 75 грамм тартатын қараторғайдың мойны қысқа, тұмсығы ұзын, түсі жылтыр қара. Әдетте ұяларын ағаш пен жартас қуысына, жар қарлығашының ініне, шатырға және басқа жерлерге де сала береді. Мекиені 5-6 жұмыртқа туып, оны аталығы екеуі кезектесіп басады. 13-15 күннен кейін басып шығарған балапандары үш аптадан кейін қанаттанады. Мекиені бұл кезде екінші рет жұмыртқалайды да, аталығы балапандарды қоректендіреді. Содан кейін мектені жемдейді. Күзде өсіп-жетілген балапандарымен жылы жаққа қоныс ауыстырады.

Қараторғайлардың балапандарын ұшуға баулуы да бір қызық құбылыс. Ата-аналары қанаттанған балапандарын ұядан алдандырып алып шығып, жемтікті қашықтыққа тастап жібереді де, талпынған балапан ұядан құлауға қорқып, қанаттарын қағып ұша жөнеледі. Сөйтіп балапандар өздері ұша алатынын түсініп, өз беттерінше тіршілік етеді..

Қазақстанда жыл құсының күні 1 сәуірде мерекеленеді. Осы күні елге қараторғайлар келіп үлгереді. Тек сол күнге дейін әрбіріміз қараторғайға арнап, бір-бір ұя әзірлесек, әр шатырдан қараторғайдың үні естіліп тұрар еді. Ал орнитологтар соңғы жылдары республика бойынша қараторғайлардың саны тым азайғанын айтып дабыл қағып отыр.

Әйгерім ТӨЛЕУМҰҚАНОВА,

Құмсай орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Ана

Асыл анам аяулы,

Бағып-қағып өсірдің.

Кінәм болса алдыңда,

Қабақ шытпай кешірдің.

Ана деген асыл сөз,

Ана деген ардақты ат.

Құрмет тұтып сыйлайсың,

Әр ақылын салмақтап.

Әлішер МОЛДАҒАЗЫ,

№ 24 лингвистикалық мектеп-гимназиның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ақ тон

Ақ қар жерді жалады,

Түні бойы борады.

Жол-жөнекей даланы

Аппақ тонға орады.

Жанар ҚОСТАНОВА,

Жарқамыс орта мектебінің оқушысы.

Байғанин ауданы.

Жаңылтпаштар

Ара, ара, аралар,

Гүлді аралар,

Нәрін ала алар.

Х   Х   Х

Ақ сары қыз жайдары,

Жайдары қыз айдарлы.

Ерасыл ҚУАНЫШБАЕВ,

Талдысай орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Өтірік өлең

Көбелекті ұстап ап,

Дүниені шарладым.

Есімде жүр сол кезде

Қытайға да барғаным.

Бекзат БАЙҒАЗИН,

Мұғалжар орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Мамандық

Адамдар ауырмаса…

Мектеп бітірген әрбір түлек өз мамандығын таңдайтыны белгілі. Мамандықтың бәрі жақсы, бірақ оны таңдай білу керек.

Мен өзім дәрігер мамандығын таңдасам деймін. Ауырған адамдарды тез жазып емдегім келеді. Ол үшін көп оқуым керектігін де білемін.

Қазіргі кезде емханалар мен ауруханаларға үкімет тарапынан көп көңіл бөлініп жатыр, осы Ақтөбе қаласында да бірнеше емханалар, ауруханалар салынды. Шетелдерден түрлі аппарат-қондырғылар алынып жатады. Бұл аурудың диагнозын анықтауға бірден-бір көмек деп ойлаймын. Сосын дәрігердің жалақысын да көтеріп жатыр.

Адамдар қанша көңіл бөлінсе де сырқаттанып қалып жатады. Сондықтан мен ақ халатты абзал жан мамандығын — дәрігерлікті қалап жүрмін. Қазақстандағы жоғары дәрежелі дәрігер болып, адамдарды науқастарынан құлан-таза айықтырып жүрсем деймін.

Әсел КАКИМОВА,

№ 32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Мейірім

Қарттарымыз қамықпасын

Қазіргі таңда үлкенді де, кішіні де ойға қалдыратын мәселелер көп. Соны ішінде ең маңыздысы — Қарттар үйі.

Ақпарат құралдарына қарасаң, Қарттар үйіне өз ұлтымыздың көнекөз қарияларының көптеп келіп жатқандығы айтылады. Үлкен құрметке лайық ата-ананы қалай көзің қиып далаға тастауға болады? Әке-шеше баласын мәпелеп, аялап өсіріп, тамшыдай тергенін жаңбырдай беріп отырады. Қарттар үйінде терезеге телміріп, жан-жағына жалтақтай қарап, немересінің маңдайынан бір иіскеуді аңсап, екі көзі төрт болып отырған ата-әжелеріміздің жағдайын ойлағанда жүрегің елжіреп кетеді.

Қазіргі кезде Қарттар үйлері көңілден шығарлықтай жабдықталған. Дегенмен үлкен қарияларымызға жетпейтіні — баланың, немеренің ықыласы, көңілі, махаббаты.

Менің құрбыларым өз ата-аналарын қадірлеп, құрмет тұтса деймін. Баласы ешнәрседен таршылық көрмеуі үшін барын салып, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, түн ұйқысын төрт бөле білген әке-шешені  аялау керек. Баласы қуанса шаттанып, сүрінсе таяныш, қолтығына демеу болар ата-ананы құрметтеу — әр адамның парызы,

Айсәуле СӘТТІҒҰЛОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button