ДенсаулықЖаңалықтар

Шетел травматологтары ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Екі күн бойы Ақтөбеде АҚШ, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Қытай, Түркия елдерінен келген травматолог-ортопедтер мен еліміздің мамандары жол-көлік оқиғасы мен апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету жолын талқылады. Шараның соңында облыс әкімдігі мен шетелдік мамандар ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев сырт елден келген қонақтарға алғысын айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың денсаулығына көңіл бөледі. Және осы бағытта елімізде  арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірде халық денсаулығын жақсарту үшін қыруар жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер біз әлемнің озық елдерінің тәжірибесін енгізсек, бұл жұмысымыз нәтижелі болады. Осы мақсатта біз медицинасы дамыған Оңтүстік Корея, Израиль, Қытай, Түркия елдерімен байланыс орнаттық. Мәселен, мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі негізінде елімізде тұңғыш рет жедел жәрдем бекеті Ақтөбеде салынып жатыр. Түркиялық инвесторлар осы шаруаны қолға алды. Қазірдің өзінде солардың есебінен 33 реанимобиль жедел жәрдем көлігі әкелінді. Сондай-ақ балалар тіс емханасы мен офтальмологиялық аурухананың құрылысы басталды.  Барлығы да мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салынып жатыр. Медициналық кластерді дамыту мақсатында Оңтүстік Корея, Израиль, Ресеймен арада ынтымақтастық орнады. Нәтижесінде былтыр көрші мемлекеттерден келген науқастар болды. Барлығы 8 мыңға жуық адам ем алды. Ал сіздер екі күннен бері ақтөбелік мамандарға шеберлік кластарын өткізіп жатырсыздар. Бұл да облыстағы травматология саласын дамытуға үлкен ықпалын тигізбек, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ облыс басшысы Оңтүстік Корея елінің мамандарымен бірлесе отырып 25 бүйрек, 7 бауыр ауыстыру отасы жасалғанын айтты. Соңғы кезде бүйрек ауыстыру отасын ақтөбелік хирургтердің өздері жасап жүр.

— Ақтөбеде  қатерлі ісік, жүрек-қан тамыр ауруларынан кейін жол-көлік оқиғасынан көз жұматындардың саны көбейіп отыр. Және тағы бір мәселе — кадр тапшылығы. Қаладағы ауруханалардың барлығы халықаралық талаптарға сай материалдық-техникалық базамен жабдықталса да дәрігерлердің біліктілігі талапқа сай келмей жатады. Сондықтан Елбасы үнемі дәрігерлердің  біліктілігін арттыруға тапсырма береді. Осы ретте шетелдің үздік ғалымдарын шақырамыз, өзіміздің мамандарды сыртқа жіберіп оқытамыз. Қайткен күнде де білікті дәрігер даярлаудың жолын қарастырамыз, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы жыл соңына дейін Ақтөбеде батыс аймағы бойынша травматология орталығы ашылатынын айтты.

Кездесуде АҚШ, Германия, Қытай елдерінен келген профессорлар облыс басшысына алғысын білдіріп, алдағы уақытта травматология саласы бойынша кеңес беруге дайын екендіктерін айтты. Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халықтық ауруханасының  профессоры Миао Сюа Ганг   және   Сент Луис университетінің ортопедиялық госпиталының директоры Жолдас Құлжанов өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, Қазақстанда туып, бүгінде АҚШ-та еңбек етіп жүрген профессор Жолдас Құлжанов Мемлекет басшысының «Туған жер» патриоттық жобасына үн қосып, қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматология бөліміне 15 млн теңгенің құрал-жабдығын әкеп берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button