Құқық

Cотқа дейінгі реттеу және татуластыру

Ырғыз аудандық сотында мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдар филиалдарының өкілдерінің қатысуымен «Дауды сотқа дейінгі реттеу және татуластыру рәсімдері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел жұмысына аудандық сот төрағасы А.Бисенғали, аудандық прокуратура прокуроры С.Байділдин, аудан әкімдігінің өкілі Д.Қосаяқов, кәсіби емес медиаторлар  М.Мырзалы, С.Махамбетов, облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Ә.Қарпық, ардагерлер ұйымының басшысы Қ.Кенжебаев, жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілі Қ.Сапарбаева және басқалары қатысты.

Сот төрағасы Асқар Бисенғали дөңгелек үстел барысында «Дауды сотқа дейінгі реттеу және татуластыру рәсімдері» тақырыбында баяндама жасап, ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен бекітілген «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы» Ереженің нормаларын, татуласу, медиативтік және партисипативтік келісімдердің қолданылу рәсімдерін жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар, сот төрағасы дауды сотқа дейін татуласу арқылы шешудің ролі мен маңызын, тиімділігі мен ыңғайлылығын айтып, ол жөнінде тұрғындар арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүзеге асыру, мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің, медиаторлардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары, брифингтер өткізу, аудан аумағындағы барлық оқу, денсаулық сақтау орындарында медиация кабинеттерінің ашылуын жалғастыру, телеарна, радио желілерінен татуластыру рәсімдері туралы  ақпарат беру қажеттілігіне қатысушылардың көңілін аударды.

Өз кезегінде шараға қатысушылар тақырыпқа қатысты туындаған сұрақтарды талқылап, аталған тақырып бойынша қоғамдық маңызды шаралардың жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс болатынын айтты.

Көтерілген мәселелер бойынша қатысушылар өзара пікір алысып, бірлескен ұсынымдарын әзірлеп, осы бағытта жұмысты жалғастыруға деп шешім қабылдады.

 Н.ДӘУІРОВ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button