Білім

Көп тақырып қамтылды

Ембі қаласындағы №2 орта мектепте «Жалпы адамзаттық құндылық – тәрбие негізі» деген атпен  сынып жетекшілерінің аудандық семинары өтіп, оған мектептер мен ауылдардан келген 55 мұғалім қатысты.

Семинар жұмысы мұғалімдердің әр түрлі тақырыпта дайындаған баяндамаларымен басталды. Мысалы, «Сынып жетекшісінің портфолиосы – тәрбие жұмысын айқындайтын құжат» деген баяндаманы оқыған Қ. Көшербаева «портфолио» деген сөзге түсінік бере отырып, онда қандай құжаттар болу керектігі жөнінде мәлімдеді. Ал, «Ұстаз жетістігі – шәкірттерінде» деген тақырып бойынша сөз алған Ж.Қалиева сынып оқушыларының жетістіктерге жету жолдарын сөз етті.

Семинардың екінші бөлігі ашық сабақтармен жалғасты. Бастауыш сынып мұғалімі Б. Жарылқапова «Ақтөбем – құт мекенім» атты тәрбие сағатында ауданның тарихы, ондағы атақты тұлғалар мен батырлар жөнінде мәлімет берді. Г.Мусинаның Жеңістің 65 жылдығына орай ұйымдастырған «Біз жерлестерімізді мақтан тұтамыз» атты кездесу кеші де тартымды болды. Оған Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысының ардагерлері қатысты.

Достық  жайында өткізілген пікірсайыс сабағы мен А.  Жұмағалиеваның «Үйінде ұл-қызы бардың, көгінде сөнбес жұлдызы бар» атты ата-аналармен өткізген сұхбаттасу сағаты қызу пікірталас тудырды.

Көптеген  спорттық сайыстардың, білім додаларының, ғылыми жобалардың және әртүрлі интеллектуалды ойындардың жеңімпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шықты.

Аудандық білім бөлімінің мамандары  семинарды ұйымдастырған №2 орта мектеп ұжымына  алғысын айтып, іс-тәжірибе алмасуда мазмұнды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

А. ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

Ембі қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button