ЖаңалықтарСпорт

Марафонға 3 мыңнан астам тұрғын қатысты

Жексенбі күні Ақтөбе қаласы 148 жылдығын дүркіретіп тойлады. Мерекеге орай, таңертеңнен бастап тұрғындар жартылай марафонға шықты.

Ақтөбе қаласында бұқаралық жартылай марафон осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бұқаралық старт 3 шақырымнан аспады. Әуесқой спортшылар 10 шақырымға жүгірді. Ал ұзақ қашықтықты бағындыруға денелері шыныққан кәсіби спортшылар 21 шақырымды қаусырды.

Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, жалпы шараға 3 мыңнан аса тұрғын қатысты.

— Жүгіруге ниет білдірген адам өте көп және олардың саны жыл сайын көбейіп келе жатыр. Биыл алдын ала тіркеу жасадық. Яғни тұрғындарға 2 апта бұрын ескерттік. Старттың алдында да тіркедік. Соның өзінде тіркелуге үлгермегендер өте көп болды, — дейді бөлім басшысы.

Евгений Гончаров Ақтөбедегі марафонды әрмен қарай жетілдіру жөніндегі ойларын айтты. Оның айтуынша, келесі жылғы марафонда Алматыдағыдай электронды фиксатор қолданылады. Яғни телефонға нешінші боп мәреге жеткендігі туралы хат келеді.

Айта кетейік, биылғы марафонның жол бағыты өзгерді. Бұған дейін желаяқтар Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақты бірнеше мәрте айналып жүгіретін. Ал биылғы маршрут Әбілқайыр хан даңғылынан бастап, Сәңкібай батыр даңғылы арқылы Нокин даңғылына дейін қамтыды.

— Қала әкімінің қолдауы арқасында маршрут өзгертілді. Көбі қарсы болды. Өйткені біз жарты қаланың жолын жабатын едік. Спортшылар бір жерде айнала берсе, тез шаршап қалады. Бұл қалалықтар үшін спортты насихаттау мақсатымен жасалды. Тіпті Нью-Йорк, Париж, Лондон қалаларында да жол жабады. Біз де одан қашпауымыз керек, — дейді Евгений Гончаров.

Бұқаралық стартқа облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов пен қала әкімі Ілияс Испанов қатысты. Ал қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров 10 шақырымға жүгірді.

Анастасия Мещерякова қатарынан үш рет 10 шақырым қашықтықта бірінші боп келді. Ол кәсіби спортшы екен. Қазір ол дәрігер Бубновский орталығында оңалту бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

— Жүгіру үшін дайындық керек. Денсаулықты күшейту үшін күнде таңертең ең болмағанда 15 минут жүгіру қажет. Өзім күнде кемінде 1 сағат бойы жүгіремін. Келесі марафонда 21 шақырымды бағындыруға тырысамын, — дейді ол.

Ерлер арасында 21 шақырым қашықтықта мәреге бірінші болып Шамиль Терегулов келді. Ол да кәсіби спортшы. Жүгірумен, жүзумен, граната лақтырумен айналысады.

— 21 шақырым қашықтықта жүгіргендегі менің жеке рекордым — 1 сағат 17 минут. 10 шақырымды 33 минутта жүгіріп өтемін, — дейді Шамиль Терегулов.

Жарыс соңында жүлделі орын алғандар мақтау қағазымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бірінші орынға — 30 мың теңге, екінші орынға — 20 мың теңге, үшінші орынға 10 мың теңге берілді.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button