Денсаулық

Туабітті кемістік сәби өліміне әкеліп отыр

Конференция

Облыстық балалар клиникалық ауруханасында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 60 жылдығына орай  «Туа біткен даму ауытқулары», «Антеонталды және неонаталды диагностика мәселелері»,  «Басқару тактикасы», «Хирургиялық түзетулер мүмкіндіктері» тақырыптарында  ғылыми-практикалық конференция өтті. Мақсаты —  туабітті кемістіктерден болатын сәбилер өлімін азайту.

Облыста туабітті кемістіктердің әсерінен сәбилер өлімі жиі тіркеледі. Мамандар сәби өлімін азайту үшін жыл сайын материалдық-техникалық база нығайтылғанымен,  ауруға нақты диагноз қою, хирургиялық түзетулер енгізу секілді медициналық көмектерді әлі де жетілдіре түсу керектігін айтады. Конференцияға қатысқан неонаталог және неонаталдық хирургтар мен ультра дыбыстық диагностиканың мамандары, педиатр дәрігерлер балалардағы туа біткен даму кемістігін емдеу, ауруды ерте анықтау, жақ-бет, аноректал аумағының даму кемістігі, туабітті жүрек ақауы секілді сырқат түрлерін емдеу, алдын алу мәселелерін ортаға салды. Сондай-ақ жүктілік кезінде және ерте неонаталдық кезеңде ұрықтың туа біткен даму кемістігін анықтау мәселелеріне тоқталды.

Туа біткен ақаулардың түзетілетін де, түзетілмейтін де түрі болады. Кейбір кемістіктерді сол сәтте емдеп, түзетуге  болады. Ол үшін жан-жақты диагностика жасалуы қажет. Мәселен, ауруханада сәбиде қандай да бір ақау байқалса, барлық мамандарды жинаймыз, ақылдасамыз. Соңғы кезде жаңа технологияларды қолдана бастадық. Оның ішінде эндоскопиялық ота жасау жолға қойылды. Бұндай ота жарақатты аз түсіреді, әрі отаның дәл, сәтті жасалуына ықпал етеді. Жаңа туған сәби үшін бұл — өте тиімді әдіс, — деді лапароскопиялық хирургия бөлімінің меңгерушісі Владимир Котлобовский.

Дәрігерлердің айтынша, баланы туабітті ақаулардан сақтаудың ең тиімді жолы —ананың жүктілік кезінде өзін-өзі күтуі. Алайда аналардың көпшілігі материалдық жағдайының төмендігіне және әртүрлі жағдайларға байланысты тіркеуге кеш тұрады.  Соның кесірінен баладағы кейбір ақаулар уақытында анықталмайды. Жиында балалар хирургі Болат Жаналаев туабітті ақауларды хирургиялық жолмен түзету туралы пікірін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button