Құқық

Ұсақ құқықбұзушылықтың да жазасы бар

Сот

Елбасының «Қазақстан-2050» Страгетиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру, яғни кез келген ұсақ тәртіпбұзушылықтардың жазасыз қалмауына, мәдениетсіздік пен бассыздыққа жол бермеуге баса мән берілу керектігі айтылды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне «нөлдік төзімділік» қағидаларын қалыптастыру жөнінде жауапты міндеттер жүктелді.

Елбасы «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс. Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен және мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы — қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам» — деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысының тәріпсіздік пен құқықбұзушылықтарға қоғамда «мүлдем төзбеушілік» атмосферасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданып жатқан шаралар мүдделі мемлекеттік органдардың тарапынан және азаматтық қоғам институттарының қатысуымен еліміздегі құқықбұзушылықты азайтуға оң ықпал етуде.

Бұл қағиданың негізгі мақсаты — қоғамда мәдениетсіздік пен ұсақ құқықбұзушылықтарға жалпы төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру. Сол арқылы ұсақ құқықбұзушылық жасаған тұлғаның лауазымдық, мүліктік және басқа да жағдайларына қарамастан жазадан жалтарып кетпеуін қамтамасыз етуге, азаматтардың, оның ішінде жастардың құқықтық танымы мен мәдениетін арттыруға қол жеткізу болып табылады. Сонымен бір мезгілде қоғамда мәдениетсіздік пен ұсақ кұқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» атмосферасын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шараларын іске асыру нәтижесінде елімізде құқықбұзушылық деңгейін төмендету, құқық қорғау бағытындағы қоғамдық бірлестіктер санын арттыру мақсаты да көзделеді.

Тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қоғам мен құқық қорғау

органдарының қандай да болсын құқықбұзушылық іс-әрекеттерге, яғни құқықтардың шектелуіне немесе белгілі бір заңның шеңберінде құқықтардың тыйым салынуына қарсы қатынасын білдіреді.

Егер құқықбұзушылық өзінің сипаты бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, онда әкімшілік жауаптылық туындайды. Жеке адамның, әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда) іс-әрекеті, не әрекетсіздігі әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады. Әкімшілік құқықбұзушылық абайсызда немесе қасақана жасалуы мүмкін. Егер әкімшілік құқықбұзушылық жасаған жеке адам өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) құқыққа қарсы сипатын сезінсе, оның залалды салдарын алдын ала білсе және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе, оларға немқұрайлы қараса, әкімшілік құқықбұзушылық қасақана жасалған деп танылады. Ал қасақана жасалған әкімшілік кұқықбұзушылық әрекеттердің салдары жеке тұлғаның қылмыстық әрекет жасауына ұласып кету ықтималдылығын күшейтетінін ескерген жөн.

Егер әкімшілік құқықбұзушылық жасаған жеке адам өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарының туындау мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ жеткілікті негізсіз оның алдын алуға болады деп ұшқары ойласа, не тиісті назар салған және ескерген жағдайда оның алдын алуға болса да осындай салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала білмесе, әкімшілік құқықбұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.

Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылықтар, атап айтқанда ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орында былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиісу, тұрғын жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын — саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңірегіндегілерге сыйламаушылықты білдіретін басқа да іс-әрекеттер жасалған жағдайда, сотпен жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы жазасы қолданылады.

Ал егер, нақ осы әрекеттер үшін жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалса, 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Қоғамда тәртіп болмаса ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған.

Құқықбұзушылық — қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Құқықбұзушылық — заңды, оның қағидаларын, кұқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың іс- әрекеті, қылығы, мінезі немесе әрекетсіздігімен сипатталады.

Адам өзінің іс-әрекеті, қылығы арқылы басқа адамдармен, қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынасқа түседі. Заңбұзушылық адамның мінез-құлқы арқылы байқалады. Адамның ой-желісі заңмен реттелмейді, бірақ қандай да болсын іс-әрекет, мінез-құлық, ойдың, сана-сезімнің қатынасуынсыз жасалмайды. Демек, заңды бұзушылық қоғам мен жеке тұлғаларға зиян келтіретін және құқықтық нормаларға қарсы әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады. Әрекет — бұл құқық нормаларының іс-қимыл жасай отырып жүзеге асуы, ал әрекетсіздік құқық нормаларының талаптарын ешқандай іс-қимыл орындалмаса да бұзу арқылы орын алады. Құқықбұзушылық құқықтық нормалар қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп, қоғамның, жеке адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқықтық нормалардың талаптарын орындамау нәтижесінде тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян келтіреді.

Азамат өзіне жүктелген міндеттерді орындаса немесе құқықтары мен бостандықтарын пайдалана алса, мұндай іс-әрекет азаматқа да, қоғамға да пайдасын тигізетіні сөзсіз. Азаматтар заңда белгіленген міндеттерін бұлжытпай орындаса, қоғамда зандылық орнап, құқықтық тәртіп сақталады. Азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын тиімді пайдалана алса, қоғамның жан-жақты дамуына, адамдардың тұрмыс жағдайларының жақсаруына, халық мәдениетінің өркендеуіне тиісті жағдай туады.

Сондықтан әр мемлекет, оның аппараттары мен органдары қоғамда заңдылыққа, құқықтық тәртіпке нұқсан келтірмеуді қамтамасыз етеді. Олар жеке және заңды тұлғалардың іс-әрекеттерін қатаң бақылап отырады. Сондықтан әрбір адам өзінің іс-әрекетіне қашанда жауапкершілікпен қарауға міндетті. Заң талаптарына қайшы іс-әрекет жасалғаны анықталған жағдайларда, сот арқылы құқықбұзушыларға тисті жазалар қолданылатынын ескерген жөн.

Бағатай ІЗТАЙ,

облыстық соттың судьясы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button