БілімБасты жаңалықтар

Соңғы қоңырау: 432 мектеп. 131 мың оқушы, 6582 түлек

Облыстағы 432 мектептің 131 мыңнан астам оқушысы үшін оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиындар ұйымдастырылды. 285 мектепте 6582 түлекке арналып соңғы қоңырау рәсімі өтті. 12 733 оқушы бастауыш сыныппен қоштасып, орта буынға көшті. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алған 1-сыныптың 15 502 оқушысы алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болды.

Салтанатты түрде өткен шаралардың біріне — Ақтөбе қаласындағы Заречный-4 елді мекеніндегі №55 мектепке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барды.

Алдымен сөз алған өңір басшысы 2016-2017 оқу жылы түлектерінің мектеп бітіру салтанатының еліміздегі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келгенін айтты.

11 жыл бойы білім алған мектеппен  қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Бұл оқу жылының сіздер үшін, жалпы биылғы мектеп түлектері үшін ерекшелігі былтыр еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланды. Биыл елімізде тұңғыш рет «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Сол себепті, бұл жылдар жадыларыңызда мықтап сақталатын болады, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайым білім саласына ерекше көңіл бөліп, баса мән беретінін тілге тиек етті.

Елімізде білім саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Соның айқын дәлелі — заман талаптарына сай еңсе тіктеген ғимараттардың көптігі. Мысалы, біздің облыста қазірдің өзінде 23 мектеп салынып жатыр. Биыл сол құрылыстың жартысы аяқталып, ел игілігі үшін пайдалануға беріледі.

Әрбір мемлекеттің дамуы адами капиталға тікелей байланысты. Неғұрлым тәрбиелі, білімді, денсаулығы мықты азаматтар көп болса, соғұрлым  сол мемлекеттің болашағы жарқын болады. Қазақстанның тезірек әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі үшін ел жастары әлемдік стандартқа сай білім алуы тиіс. Үш тілді еркін меңгеруі керек, — деп Бердібек Сапарбаев педагогтерді, ата-аналарды, оқушыларды мерекемен құттықтап, түлектерге ақжол тіледі.

Айта кету керек, биылғы түлектердің 444-і «Алтын белгі» аттестатына үміткер.

Жиында ата-аналар атынан сөз алған Сәуле Қайыржанова ауылдарында кең сарайдай еңселі мектеп салынғаны үшін Елбасына, облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түлектермен бірге ақ көгершін ұшырды.

Бұдан кейін өңір басшысы бастаған топ мектептің тыныс-тірлігімен танысты. 2014 жылы бой көтерген бұл мектепте қазір 856 бала білім алады. Биылғы оқу жылында 115 бала 1-сыныпты бітірді. Түлектердің саны — 21.

Мектепте 10 үйірме жұмыс жасайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубы бар. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен «Жас қыран» ұйымына 307 оқушы (2-4 сынып), ал «Жас ұланға» 357 оқушы мүше (5-10).

Мұнда жылыжай да бар. Мектептің ауласындағы гүлдердің дені осы жылыжайда өсірілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button