Ауыл

Қолдау және несие

Мемлекеттік бағдарлама

Темір ауданы Қопа ауылының тұрғыны Толғанай Әмірова өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы 1 миллион 800 мың теңге несие алып,

4 сиыр, 2 өгіз сатып алған. Алдағы уақытта кәсіпкер ауылда мал санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың тиімділігін білген Толғанай алған несиесіне ауылдан, сондай-ақ Шұбарқұдықтан ірі қара сатып алады. Бүгінде алған сиырлары төлдеп, қазір тегін сүт өнімдерін қолданып отыр. Ауыл тұрғыны кей кездері сенбі күні аудан орталығында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге барып, жинаған сүт, май, қаймағын сатып келеді.

— Ауылда тұрып мал ұстаған дұрыс қой. Біріншіден, өз-өзіңді жұмыспен қамтамасыз етесің, екіншіден, таза сүт өнімдерін тұтынасың.

Қыста отбасымызбен қорадағы малды күтіп, баптап қараймыз. Жазда бақташыға ақы төлеп бақтырамыз. Биыл сәуір айының ортасынан бастап мал далаға шықты. Шаруамыз бірқалыпты, — дейді Толғанай.

Ол өткен жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Алған несиесіне ірі қарадан басқа 15 қой, 10 ешкі сатып алған. Қазір олардың саны көбейіп келеді.

Өткен жылы малға азық дайындау үшін несиеге қоса 320 мың теңге берді. Сол қаржыға жемшөп алдық. Ал биыл малдың жемшөбін сатып аламыз. Сондай-ақ аулада шағын бақшамыз да бар. Көктемде қияр, қызанақ, қызылша сияқты көкөніс түрлерін егеміз, — дейді Толғанай Әмірова.

Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған Толғанай жуырда аудан орталығында «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында өткізілген қысқа мерзімді курстан өтіпті. Болашақта кәсіпкер ауылдан азық-түлік дүкенін де ашқысы келеді. Алайда оған қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр. Егер алған несиесін уақытында қайтарса, ол тағы да мемлекеттік қолдауға ие болып, несие алмақ.

  • Әзірге өзім жұмыссызбын. Негізі, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша оқу орнын бітіргенмін. Жұбайым Жаңажолда мұнай саласында қызмет етеді. Балаларымның ең үлкені 7-сыныпта оқиды. Алдағы уақытта отбасылық бизнес ретінде өз кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Ал ауылда еңбек еткен адамға жұмыс та, кәсіп те табылады. Ол үшін ынта-ниет керек, қолдау мен қаржы қажет. Еңбек етсең, көп ұзамай оның жемісін көресің, одан мерейің артады, — дейді ол.

P.S. Темір ауданында мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын несие алып, Толғанай сияқты кәсіпкер атанып отырғандар көп. Олардың дені — жастар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button