Билік

Онжылдықтың тапсырмасын бес жылда орындауға мүмкіндік бар

Облыс әкімінің есебі

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ:

Кеше облыстық әкімдік үйінің үлкен мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кеңейтілген кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті.

Сессия облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың Ақтөбе облысының 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2010 жылға арналған міндеттері туралы есебін тыңдады.

Облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге сессияға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Марат Анарқұлов, еліміздің Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, қала және аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыс жұртшылығының, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, соғыс, еңбек ардагерлерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мақсатымыздың арқауы мен бағдары

— Тағы бір тарихи жылды артқа қалдырып, еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Өткенімізді саралап, алдағы мақсатымызды айқындар сәтте Қазақстан жаңа экономикалық өрлеуге бағыт алды, — деп бастады сөзін әкім. — Бірақ әлем экономикасын дүрліктірген дағдарыс әлі толық суыған жоқ.

Осындай уақытта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы халқымыздың рухын көтеріп, болашаққа сенімін орнықтыра түсті. Президент Қазақстанның онжылдық даму бағдарламасын, аумақтық даму мәселесін ұсынды. Алдағы жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің стратегиясы айқындалды.

Бұл тарихи құжаттың «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталуы жаңа міндеттер жүктеп қана қоймай, келешектегі жаңа жетістіктерге жетелейді.

Ел болып, есемізді жібермей, жұрт болып, жұмыла көтеретін жүгіміздің арқауы мен бағдары — осы Жолдау.

Елімізде «Қазақстан — 2030» Даму стратегиясында белгіленген алғашқы онжылдық міндеттері шешілді, жоспарлар мен көздеген мақсаттар орындалды.

Облыс басшысы Жолдауда келтірілген негізгі мәліметтерді атап, Қазақстанның осы қол жеткен жетістіктерінде — ақтөбеліктердің де үлесі ұлан-ғайыр екенін айтты.

— Ақтөбе облысы экономикада және әлеуметтік мәселелерді шешуде еліміздегі көшбасшы өңірлер тобының қатарында келеді, — деді ол. — Біз әлемдік жаппай дағдарыс жағдайында да нәтижелі жұмыс істей алатындығымызды көрсеттік.

Қаржы дағдарысы экономикамызға қауіп төндіріп тұрған күрделі кезеңде Елбасының ұстанған саясаты  даңғыл жол болды. Біз сол жолмен жүрдік. Бұл жолда Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет жасаған дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары үлкен қолдаушы күш берді.

Дағдарысқа қарсы бағдарламаны қолға алған күннен бастап, индустриялық саясат экономиканы дамытудың шешуші түйіні екенін көрсетті.

Атап айтқанда, облыстың экономикалық даму қорытындыларының негізгі көрсеткіштері бойынша 2009 жылы едәуір өсімді байқауға болады.

Мысалы, өнеркәсіп өндірісінің физикалық көлемі 105,6 пайыз (республикада – 101,7%), жалпы өңірлік өнім 104 пайыз (республикада – 101,1%) құрады.

Бұл — сіз бен біздің ортақ жеңісіміз. «Ынтымақ ырысыңды тасытады» деген халық даналығының көрінісі.

Ел­ба­сы бізге сенім артты. Сол се­німді ақтадық.

Әрқашан ынтымақты мұрат еткен баршаңызға шексіз алғысымды айтамын.

Осылай ұйысып, ұжымдаса түссек, алар асуымыз бұдан биік, бұдан еңселі боларына сенемін.

Біз осы қарқынмен 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясында белгіленген міндеттерді бірінші бесжылдықта орындап шығуға мүмкіндігіміз бар екенін көріп отырмыз.

Соның нақты дәлелі ретінде облыс басшысы қол жеткен көрсеткіштерге тоқталды.

Өндірілген өнім түрлері бойынша негізгі көрсеткіштер: мұнай өндіру 5,2 %, ілеспе мұнай газы – 1,2 есе, мыс рудасы – 12,3 %, мыс концентраттары – 1,2 есе, хром рудасы – 11,2 %, хром концентраттары – 5,2 % ұлғайды. Осы мерзімде облысымыздағы ең ірі мұнай өндіру компаниясы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы көмірсутегі шикізатын өндіруді ұлғайтып, 6 млн. тонна мұнай шығарды.

Өткен жылы облыс экономикадағы тұрақтылықты сақтап қана қоймай, дағдарыстан неғұрлым жаңарған және бәсекеге қабілетті экономикамен шығу жөніндегі Елбасы тапсырмасын іске асырды. Экономиканы жаңартудың жаңа жолдары игерілді.

Күрделі кезеңнің ауыр салмағына қарамастан жалпы құны 260 млрд теңгеден астам қаржыға 240-қа жуық өндірістік және әлеуметтік нысандар іске қосылды.

Ал инвестиция тарту мәселелері бойынша 2009 жылы шын мәнінде озық істерге қол жетті. Еліміз ел болғалы өңір экономикасын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 300 миллиардтық шектен асып түсті. Тұрақты және қарыштап дамып келе жатқан облыс экономикасына инвестиция салуға ықылас білдірушілер жиіледі.

Индустриялық-инновациялық жобалар ішінде өзінің маңыздылығы жағынан ерекшеленетін күйдірілген хром шекемтасы (окатыш) фабрикасы және  ұсақ класты руда байыту фабрикасының екінші кезегі, ұялы бетон бұйымдарын шығару зауыты, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры, әуе қозғалысын басқаратын заманауи Орталық және тағы басқалары бар.

Мемлекет Басшысы үдемелі индустрияландыру мен инновация, еңбек өнімділігінің еселене өсуі ғана Қазақстанның дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде ұтымды әрі берік позицияны иемденуге мүмкіндік беретінін дәлелді түрде айқындап берді, — деп түйді Елеусін Наурызбайұлы. Алдағы 2020 жылға дейінгі кезеңге құны 12 жарым млрд. доллар құрайтын 112 индустриялық-инновациялық жобалар тізбесі жасалғанын айтты.

Ертеңіміз бүгінімізден биік

Баяндамада айтылғандай, біздің облыс тарапынан республикалық индустрияландыру Картасына жалпы құны 6,7 млрд. доллар болатын 28 жоба ұсынылған.

Биылғы жылы болашақта өңірдің, тіпті еліміздің экономикасын алға сүйрейтін көптеген индустриалдық-инновациялық жобалар іске асырылады. Олардың қатарында жаңа, әлемде теңдесі жоқ ферроерітінді зауыты, жылына 500 мың тонна түйіршік шойын шығаратын металлургия зауыты, «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бірқатар маңызды нысандары, темір, никель, кобальт рудаларын өңдейтін тау-кен байыту комбинаттары, битум шығаратын зауыт, көліктік-логистикалық орталық, барлығы 43 индустриялық-инновациялық жоба іске асады.

— Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асырудың шынайы бір көрінісі осы, — деді әкім.

Сонымен бірге биылғы жылы облыс капиталына тартылатын инвестиция көлемі өткен жылға қарағанда бір де үш есе көбейіп, 390 миллиард теңгеден астам қаржы құрайтынын, Мемлекет Басшысының отандық тауар өндірушілерді қолдау тапсырмасы бойынша ауқымды шаруалар атқарылып жатқанын атап өтті.

Елбасының тапсырмасы бойынша Республика Үкіметі жасаған «Жол картасы-2009» бағдарламасы облысымызда өз деңгейінде іске асырылды. Соның арқасында шалғайдағы, ықылас болып, көңіл жетсе де не қаржы, не қол жетпей жүрген көптеген мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, мәдени-әлеуметтік орындар, жолдар жөндеуден өткізілді.

«Жол картасы» бағдарламасы арқылы және облыс аумағында жаңадан іске қосылған мекеме, өндіріс орындары есебінен барлығы 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

Облыс әкімі бұл жұмыстардың 2010 жылы да жалғастырылатынын айтты. Осы мақсатқа 5,5 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Бағдарлама аясында және пайдалануға берілген басқа да өндіріс орындары мен мекемелер арқылы тағы да 25 мың жұмыс орны ашылады.

Елбасы экономиканы әртараптандырудың өзегі, қозғаушы күші кәсіпкерлік болатындығын атап көрсеткені белгілі. Осыған орай облыста шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға үнемі жағдай жасалып келді. Бизнесті қолдау үшін 77 млрд. теңгеге қаржылық-несие көмегі берілді.

Бұдан жақсы қайтарым болды. Субъектілер саны 4,5 пайызға, оларда жұмыс істейтіндер 103 пайызға, ал өндірілген өнім көлемі 105 пайызға (152 млрд. теңге) ұлғайды.

— Жолдауда Елбасы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Жол картасын» қолға алу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға да жұрт ұйысып, жүкті жұмыла көтереді және оның игілігін көреді деп сенемін, — деп жалғады сөзін әкім. — Бизнес өкілдері осы бағытта аянып қалмай, мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс. 2011 жылы кәсіпкерлікті тіркеп, жүргізуге байланысты операциялық шығындар 30 пайызға, 2015 жылы тағы да сонша қысқартылады. Бизнесті жаңадан бастаушылар үшін бұл үлкен жеңілдік. Олар да мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті, қамқорлықты жете ұғынуы тиіс. Онжылдықтың соңында шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 40 пайызға дейін арттыруға жұмылуы қажет.

Өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту қамтамасыз етілді. Бұл мақсатта алдыңғы жылдан бір жарым еседей артық мемлекеттік қаржы, яғни 9 млрд. теңге жұмсалды. Соның нәтижесінде бұл салада едәуір ілгерілеу байқалды.

Мал шаруашылығында өнім өндіру көлемі мен мал басының барлық түрі ұлғайды.

Ақтөбе қаласы аймағында азық-түлік белдеуі жасалуда.

Биыл жылына 1500 тонна көкөніс беретін жылыжай, 3200 тонна ет өндіретін мал шаруашылығы кешені, жылына 7 мың тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасы пайдалануға беріледі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге жаңа технологиялар енгізіледі.

2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділік кем дегенде екі есе артады.

Ол үшін ұқсата біліп, сапалы өңдеуді меңгеру қажет. Өңделген кезде ауыл шаруашылығы өнімінің бастапқы бағасы екі-үш есе өседі.

Бұдан бұрын да, Елбасының жаңа Жолдауында да азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Ел сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, тұрғындарымыздың сұранысы толық өтелуі қажет.

Мұнымен бірге, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарудың пәрменін арттыру міндеті қойылды.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін елді мекендерге жалғастыратын жол қатынасын жақсартуымыз қажет.

Бұдан кейін облыс басшысы жолдың қазіргі жағдайына тоқтады.

Соңғы бес жылда біраз жол салынды. Облыс орталығын айтпағанның өзінде облыстық маңыздағы жолдар жөнделді.

2009 жылы ғана 300 шақырымнан астам тас жолдары салынып, күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Оған 12 млрд. 300 млн. теңге жұмсалды.

Облыс әкімі:

— Үстіміздегі жылы 350 шақырымнан астам тас жол салынып, күрделі және ағымдағы жөндеу жасалады. Бұл мақсатқа 22 млрд. теңге қарастырылуда. Оның ішінде Қарабұтақ-Қызылорда бағытындағы 116 шақырым жол салынады. Ол Ырғыз селосына биылғы тамыз айында жетеді. Сонда Ақтөбеден Ырғызға жеңіл автокөлікпен үш сағатта жетуге болады, — дегенде, бұл хабарды көпшілік ду қол шапалақтап қабылдады.

Сонымен бірге 100 шақырымға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Ақтөбе-Атырау облысының шекарасына дейін тас жол салу жұмыстары 2011 жылы басталып, 2014 жылы аяқталады.

2012 жылдан бастап Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз жолдарын күрделі жөндеуді бастап, 2015 жылы аяқтау көзделуде. Шалқар мен Ырғыз арасына тас жол төселінеді.

Барлық қамқорлық — ауылға

Ауылды қолдау, ауыл халқына қамқорлық туралы да әкімнің есебінде жақсы айтылды.

— Жердің шетінде, желдің өтінде жүріп,  ауылдың түтінін түтетіп отырған ағайындардың тұрмысын жақсарта түсуге міндеттіміз, —  деді әкім. — Көгілдір отын – ауылдың ғасырдан-ғасырға жалғасқан түйінін шешеді. Бұл бағытта әзірленген өңірлік Бағдарлама бар. Біз барлық мүмкіндіктерді қарап, тағы да бірқатар елді мекендерге газ тарту мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз.

Соңғы алты жыл ішінде 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, облысымыздың 50-ден астам елді мекеніне газ жүргізілді. Мәртөк селосына магистралдық газ құбыры тартылды.

2010 жылы газ жүргізу жұмыстарына 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Байғанин және Қобда аудандарына газ құбырын салу одан әрі жалғасады. Алға ауданының Тамды, Павловка, Қайнар ауылдарына газ тарту жұмыстары аяқталады. Байғанин мен Қобда аудандарының орталықтары 2011 жылы көгілдір отынды пайдаланатын болады.

Сонымен қатар биыл Ақтөбе қаласының Ясный-2, Елек-1 және 12 «б» шағын ауданындағы аз қабатты құрылыстар газбен қамтамасыз етіледі.

Сол сияқты Мәртөк кенті, Қарғалы ауданының Петропавловка, Благодарный ауылдық округінің Шилісай, Хромтау ауданының Көктау-2 ауылдарына ілеспе мұнай газы жеткізіледі.

Мұғалжар ауданының Жем қаласын газбен жабдықтайтын газ тарату желісін салу жұмыстары аяқталып, Ембі қаласы, Бірлік, Құмжарған, Алтынды елді мекендері көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Алдағы 2011-2015 жылдары 77 елді мекенге газ тартылады. Бұл жұмыстың жалпы құны – 41 млрд. теңге көлемінде белгіленіп отыр.

Неғұрлым шалғай жатқан елді мекендерге көгілдір отын тартуға қол жеткізу — менің игі арманым. Енді оның да ауылы алыс емес.

Осылай деген әкім газ баратын бірнеше елді мекендерді атады. Олар: Мәртөк ауданының Родниковка, Нагорное, Қаратоғай, Шалқар ауданының Жылтыр, Қотыртас, Байқадам, Шыманұлы, Есет ауылы, Ойыл ауданының Көптоғай, Берсиев, Құрман, Саралжын, Ойыл, Қобда ауданының Әлия, Талдысай, Бестау, Новоалексеевка, Хабаловка, Калиновка, Әйтеке би ауданының Белқопа, Еңбекту, Қарабұтақ, Қызыл жұлдыз, Комсомол, Ырғыз ауданының Ырғыз, Шеңбертал, Жаныс би, Қызылжар, Ақши, Қарғалы ауданының Шәмші Қалдаяқов, Қос Естек, Жосалы, Степное, Ащылысай, Темір ауданының Ақсай, Алтықарасу, Теректі, Дружба, Алға ауданының Қарабұлақ, Черноводск, Үшқұдық, Маржанбұлақ, Мұғалжар ауданының Ақкемер, Жұрын, Мұғалжар, Талдысай, Хромтау ауданының Табантал, Никельтау, Аққұдық, Абай, Байғанин ауданының Жарлы, Ноғайты, Қараши, Көкбұлақ, Қарауылкелді елді мекендері. Бұл ауылдарға 2016 жылға дейін көгілдір отын барады.

Ал Ақтөбе қаласының аумағындағы барлық елді мекендер өңірлік бағдарлама бойынша келесі жылдан бастап, екі жыл ішінде газбен толық қамтамасыз етіліп болады.

Енді 90 елді мекенге газ жүргізу үшін 2016-2020 жылдарға арналған бағдарлама әзірленуде.

Облысымыздағы бірқатар ауылдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмей, ұзақ жыл қиындық көріп келді. Енді бұл мәселелер де шешілуде. Соңғы алты жылда «Ауыз су» Бағдарламасы бойынша 71 елді мекенге су құбыры жүргізілді. 53 ауылдың тұрғындарын сумен жабдықтау жақсартылды. Осы мақсатта 7 млрд. 300 млн. теңге жұмсалды. Облыс әкімінің есебінде айтылғандай, 2010 жылы барлық аудандардың 22 елді мекенінде су құбырлары салынып, қайта жарақталады.

Ал 2011-2015 жылдары қалған 66 ауылдың сумен жабдықтау жүйесіне 15 млрд. теңгеден астам қаржы көзделіп отыр. Сонымен біздің өңірде ауыз су мәселесі шешіледі.

Өңірімізде халықтың тұрмыс деңгейін көрсететін негізгі индикаторлар динамикасы өсіп келеді. Халықтың ақша кірісі 2009 жылы 6,1 пайызға, орташа айлық еңбекақы 7,6 пайызға ұлғайды. Бұл дағдарыс дауылы соқты деген 2009 жылы халықтың банктердегі салымдарын 15 пайызға өсіруге ықпал етті.

Облыс тұрғындарының сатып алу қабілеті едәуір ұлғайды. Жан басына шаққандағы бөлшек сауда айналымының көлемі 204 мың теңге, яғни 2008 жылмен салыстырғанда 128 пайыз құрады. Бұл — ел өңірлері арасында сауда көрсеткіштері бойынша ең жоғарғы жетістік.

Баяндамада тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы  жұмыстар да толық қамтылды.

— Біз барлық тұрғындар үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруды жалғастырып келеміз. Соңғы бес жылда 1 млн. 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. 70 мың адам жаңа қоныс тойын тойлады, — деп мәлімдеді облыстың бірінші басшысы. Осы қарқынның 2010 жылы да бәсеңдемейтінін еске салды. Ол үшін тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесіндегі зор әлеует есебінен тұрғын үй құрылысын дамыту саясаты жетілдіріледі.

Осы арқылы тұрғындар өз тұрғын үйлерінің құрылысына толық құқылы қатыса алады. Төлем қабілетіне сұраныс та, құрылыстың бақылануы да қамтамасыз етіледі. Бұл «сақалды құрылыстардың» орын алмауына, үлескерлердің алданып қалмауына жағдай жасап, басқа да келеңсіздіктерге жол бермейді.

2009 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс және жемқорлық қылмыс саны төмендесе де,  қылмыстың аса ауыр түрі, жемқорлық құқық бұзу азайған жоқ. Мұнан кейін әкім құқық қорғау орындарының білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының жұмыстарына тоқталды.

Мектепке дейінгі балалар мекемелері жүйесін кеңейтіп, оларда балаларды қамтуды 80 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын хабарлады. 2012 жылы 100 пайыздық меже толық игеріледі. Қазіргі қарқынмен бұл мәселе 2011 жылы шешіліп қалуға тиіс.

Мемлекеттік тіл туралы айта келіп: «Тіл жанашырларына жыл сайын көрсетіліп жатқан құрметіміздің шегі жоқ. Тілге жан салып қызмет ету қажет», — деді.

Өңірлік даму реформасына Елбасы Жолдауында ерекше маңыз берілгенін алға тартып, соңғы бес-алты жылда Ақтөбе қаласы едәуір өзгергенін атап көрсетті.

Елбасының болашақта миллион тұрғыны бар қала болатын қуаты бар, құтты мекен деп баға берген қаланың алда да қарқынды дамуға тиістілігін айтты.

Көптің тілегі, қолдауы

Баяндама бойынша бірінші сөз алған «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Сейітпағанбетов:

— Елбасымыз биылғы халыққа арнаған Жолдауында өткен жылдардағы қол жеткен толағай табыстарға тоқталып, алда да елдің ынтымағын сақтай отырып, биік асулардан асатынымызға сенім білдірген болатын. Жаңа міндеттер белгілеп, оларды қалай орындаудың жолдарын, шешу тетіктерін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі де, бұрынғыдан айырмашылығы да осында деп ойлаймын. Жаңа онжылдыққа қадам басқан еліміздің экономикалық жағдайы жан-жақты талқыланды. Оның мүмкіншіліктері сараланды. Экономикалық-әлеуметтік салалардың дамуын жеделдету міндеті айтылды. Бүгін біз Елбасы тапсырмаларын жедел орындаудың куәсі болып отырмыз. Өзінің есебінде облысымыздың басшысы Елеусін Наурызбайұлы  онжылдыққа белгіленген жоспарды бес жыл көлемінде орындау туралы бүгін алдымызға міндеттер қойды. Біз, депутаттар, Ақтөбе облысының экономикалық әлеуеті бұған мүмкіндік береді деп есептейміз. Біз мұны толық мақұлдаймыз. Компанияның мұнайшылар қауымы осы бағыттағы өзінің атқаратын жұмыстарын мерзімінен бұрын жүзеге асыруға күш салады деп сенім білдіремін. 2009 жылы «қара алтынның» бағасы төмен болғанына қарамастан, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнай өндіру көлемін 6 млн.50 мың тоннаға, газ өндіруді 2 млрд. 763 млн. текше метрге, сұйытылған газды 125 мың тоннаға жеткізді.  Өткен жылға белгіленген инвестициялық жобалар түгелдей орындалды. Компания өткен жылы Темір өзені арқылы өтетін көпірді жөндеуден өткізіп, «Кеңқияқ-Жаңажол» автокөлік жолына күрделі жөндеу жүргізді. Алдағы жылдары индустриалды-инновациялық бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыруды жопарлап отыр. Ол жобалар Елбасының Жолдауында айтылған. Сол жобаларды жүзеге асыру үшін компания 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы тартуды көздеп отыр, — деді.

Депутат мұнан кейін жыл ішіндегі облыс көлемінде атқарылған игі істерді әңгімеледі. Ауылдың тұрмысы жақсарғанын, оған облыс әкімінің көп еңбек сіңіргенін айтты. Компания басшысы өндірістік және әлеуметтік мәселелерді шешуде облыс басшысының  компанияға тікелей қолдау көмек көрсеткені үшін ұжым атынан алғысын білдірді.

— Осы саланың ыстық-суығына күйіп жүргеннен кейін маған ауыл шаруашылығы мәселелері етене жақын, — деп бастады сөзін «Степное» ауылшаруашылық бірлестігінің, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе стансасының басшысы, депутат Аманқос Төлеуов. — Елбасы Жолдауында бұл салада  2014 жылға еңбек өнімділігін  екі есе көтеру талабы қойылды. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін облыста алда бірқатар шараларды жүзеге асыруы қажет деп ойлаймын. Дәнді дақылдар бойынша ылғал-қор сақтаушы технологиялар енгізу, қысқа ротациялық тұқым себу айналымын қолдану арқылы дәнді дақылдар өнімділігін екі есеге дейін көтеруге болады. Бидайдың шөлге төзімді «Ақтөбе-39», «Степное-2»сорттарын мол өндіріп, таяу жылдарда облыста танаптардың 35 пайызына бидайдың осы сорттарын еккен жөн. Мұнымен бірге, депутат егіншілікті диверсификациялау аясында ең заманауи технологияларды және жоғары сортты тұқым қолдану арқылы майлы дақылдардың көлемін көбейту, ауыл шаруашылығы мамандарын көптеп даярлау қажет деп есептейді. Бұл бағыттарда өзі басқарып отырған шаруашылықтардың мысалына жүгінді. Осы заманғы техникалардың арқасында қазір егін орағына көп адам қатыстырылмай атқарылып жүргенін алға тартты.

Облысымызда өзекті мәселелердің дұрыс шешімін тапқанына куә болып жүргенін әңгімелеп, облыс басшысының көздеген мақсаттарын қолдайтынын және олардың ойдағыдай орындалуына игі тілегін білдірді.

Облыс әкімінің есебі бойынша лебіздерін білдірген еңбек ардагерлері Бекет Есенжолов, Мақсот Кереев, С.Бәйішов атындағы Ақтөбе университетінің студенті Гүлдәурен Өсербаева, тағы басқалары жыл ішінде облыс көлемінде жасалған көптеген игі істерді атап, бұл негізінен облыс басшысының еңбегі деп түйіндеді.

Сөз тоқтатылғаннан кейін де залдан, «Шалғай аудандардан келдік, тілегімізді білдірсек деп едік» деушілер көп болды. Олардың бірсыпырасы, Шалқар, Қобда, Байғанин аудандарынан келген жұртшылық өкілдері еді. Олардың да әңгімелерінің тоқетері: Елбасы, облыс басшылығы жүргізіп отырған саясатқа риза. Әр жылда бұрынғы он жылда істелмеген шаруалар тындырылуда. Елдің тұрмысы түбірімен жақсарды. Газдың келуі, ауыз судың жақсаруы, жолдың жөнделуі халықтың қолын ұзартты. Әрине, сондай игілікті істердің басы-қасында жүрген басшыға айтар алғыстары, тілектері ұшан теңіз. Егер облыс әкімі: «Рақмет. Біраз айттыңдар. Енді шұбыртпай, сұрақтарыңды қысқа ғана қойыңдар. Уақыт қымбат болып тұр» демегенде, ол әлі де жалғасуы әбден мүмкін еді.

Облыс әкімі сессия барысында жазбаша түскен және залдан ауызша қойылған сауалдарға толық жауап берді. Бірсыпыра мәселелерді сол жерде шешті, қайсыбірін тиісті мекемелердің басшыларына тапсырды. Енді біразын  қаперге алды. Жалпы, дұрыс, заңды көтерілген бірде-бір мәселе шешусіз қалмайды деп мәлімдеді.

Облыс басшысы қорытынды сөзін ұлы Абайдың халықты ынтымақ-бірлікке шақырған қарасөзімен аяқтады. Бұған дейін табысқа жеткеніміздей, ынтымақтаса жұмылсақ, біз алмайтын қамал жоқ деген оймен түйіндеді.

Облыстық мәслихаттың сессиясы облыс әкімінің есебі бойынша тиісті шешім қабылдады.

Бір сүйсінерлік жағдай, сессияның жүргізілуі, облыс әкімінің есебі, сөйлеушілердің сөздері түгел қазақ тілінде болды. Кейбір тұстарда ғана орыс тілінде түсінік беріліп отырды. Мұның өзі мемлекеттік тілге көрсетілген құрмет еді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button