Құқық

Жол қозғалысы жөнге салына ма?

Облыстық мәслихаттың бұл күнгі сессиясында күн тәртібіне қойылған маңызды мәселенің бірі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы болатын. 2006-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы депутаттарға  облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Алтынбаев баяндап берді.

Аталған бағдарлама аясында бұрыннан келе жатқан бірқатар проблемалық мәселелер шешімін тапқандығы баяндамада атап өтілді. Нақтырақ айтқанда, қаладағы он жеті мектептің жанында стандарттарға сәйкес жасанды жол бұдыры орналастырылды, тәртіп бұзушылықтарды бейне құралымен қарап, жылдамдықты бақылайтын отыз жеті  өлшеуіш құрал алынды, жол полициясы қызметкерлерінің саны жүз бірлікке арттырылды. Мұның үстіне былтырғы жылдың тамыз айынан бастап республикада төрт облыста енгізілген автопатрульдеу қызметі аясында Ақтөбе облысы да жаңа әдісті меңгеруде. Жол сақшылығы басшылығының мәлімдеуіне қарағанда, қазірдің өзінде оң нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, қаладағы көше қозғалысын сырттан емес, нақ ортасында жүріп бақылау арқылы көптеген тәртіп бұзушылықтар ашылған немесе тосқауыл қойылған. Қазіргі уақытта елу алты патрульдік көлік қызмет бабында пайдаланылады. Е. Алтынбаевтың айтуынша, негізінде нормаға сәйкес көлік саны сексен беске жетуі тиіс екен.

Баяндамашы депутаттар назарын жол қозғалысының бүгінгі қалыптасқан ахуалына аударды. Өткен 2009 жылы көлік құралдарын ішімдік ішкен күйінде жүргізгені үшін 5274 жүргізуші ұсталған. Он алты мың жүргізуші белгіленген көлік жылдамдығын арттырғаны үшін тәртіпке шақырылған. Сондай-ақ он үш мың шамасында құжатсыз көлік басқару деректері анықталған.

Егер 2006 жылы тәртіп бұзушыларға  айыппұл салу мөлшері 63 млн. теңге құраса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 535 млн. теңгеден асты.

Ерлан Алтынбаев осындай көрсеткіштерді алға тарта отырып, бүгінгі күні орын алып отырған елеулі проблемаларды қозғады. Бұның ең бастысы, көлік санының жедел өсуі мен көшелердің қозғалыс талабына сай келмеуі. Қазір қалада 1000 тұрғынға шаққанда 339 автокөліктен келеді, ал жол-көлік инфрақұрылымы аумағы бұдан төрт еседей кем мүмкіндікті құрайды.

Баяндамашы депутаттар алдында автовокзал аумағында, сондай-ақ Әбілқайыр хан және Әлия даңғылдарының қиылысқан жерінде  жер асты жолдарын салу, сондай-ақ қосалқы айналма жолдар жүргізу мәселелерін қойды. Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу де көп проблеманы жеңілдетпекші.

Депутаттар жол қозғалысы қызметін жақсарту бағытындағы ұсыныстарды мақұлдаумен қатар, жол полициясы қызметкерлері арасындағы келеңсіз құбылыстарға да қатысты сұрақтарына жауап алды.

Сессияда сондай-ақ «2010-2012 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2009 жылғы 21 желтоқсандағы №232 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің және соларға теңестірілген адамдардың, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектердің, он алты жасқа дейінгі жастайынан мүгедектердің квотамен емделуге жол жүру төлемдерін бүгінгі бағамен төлеу мәселесі бекітілді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button