Білім

Олимпиададан олжалы оралды

Ақтау қаласында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Гүлнафис Тыныштыққызы мен 10-сынып оқушысы Гүлжанар Меңдібаева 1-орынды иеленіп қайтты.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық оқушы қатысқан республикалық олимпиадада оқушыларымыз екі кезең бойынша білімдерін сынады. Олар бірінші кезеңде берілген үш тақырыптың біріне шығарма жазса, екінші кезең бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауызша сұрақтарға жауап берді.

— Бірінші кезеңде «Алаш қаламгерлерінің жаңалығы: идея, жанр, стиль» деген тақырыпта өз ойымды дәйекті пікірлермен жеткізіп, жоғары ұпайға ие болдым. Екінші кезеңде де сұрақтарға барынша тез, нақты жауап беруге тырыстым. Осылайша олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынға ие болдым. Бұл ең алдымен, менің мектебімнің, ұстаздарымның жеңісі. Сондықтан мектеп директоры мен барлық ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болғым келеді, — дейді Гүлнафис Тыныштыққызы.

Гүлнафис ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің арнайы дипломымен, алтын медальмен және Маңғыстау облысы әкімінің естелік сыйлығымен марапатталған. Сондай-ақ ол Алматы қаласындағы С.Демирель атындағы университеттің  грантына ие болды.

Айта кету керек, бұл олимпиадада Ақтөбе облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2017» номинациясын иеленіп,  жалпы командалық есепте 2- орынды иеленді.

Гүлзат ЖОЛАЕВА,

 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

 

 

.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button