Әлеумет

Кім қашан зейнетке шығады?

Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістердің бірі — әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының ұлғайтылуы.

«Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес 2001 жылдан бастап елімізде ер адамдардың зейнет жасы — 63 жас, әйел адамдардың зейнет жасы 58 жас болып белгіленген еді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін өзгерістер бойынша, әйел адамдардың зейнет жасы 63 жасқа ұлғайтылып отыр. Бұл 2018 жылдан 2027 жылға дейінгі аралықта, яғни 10 жыл бойы бірте-бірте жүзеге асырылады. Әр жылы зейнет жасына 6 ай мерзімнен қосылып отырады. Мысалы, 1960 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген әйелдер зейнетке 2018 жылдың 1 шілдесінен, яғни 58,5 жасқа толғаннан бастап шығады. Тек 1960 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусымы аралығында дүниеге келгендер ғана 58,5 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Ал туған күні 1960 жылдың 1 шілдесі болса, онда 59 жасқа толған күннен бастап шығады. Өйткені 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер үшін зейнет жасы 59 жасқа ұлғайтылады. Осылайша бірте-бірте ұлғайту арқылы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы 63 жас болып белгіленбек.

Зейнет жасының бірте-бірте ұлғайтылуы, бір жағынан, макроэкономикалық талаптарға байланысты болса, екінші жағынан, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бергі, яғни жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілін көбейту қажеттілігімен байланысты болып отыр.

Сондай-ақ, мына жағдайларда әйелдер зейнеткерлікке ерте шыға алады:

— «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық жарылыстар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес, 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында өте жоғары радиациялық қауіп аумағында кемінде 5 жыл өмір сүрген әйел адамдар 45 жастан бастап;

— 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды кемінде 8 жасқа дейін тәрбиелеп-өсірген әйелдер 53 жастан бастап шығады.

 А.МҰХИТОВ,

Ақтөбе облысы бойынша еңбек,

әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button