Ауыл

400 гектар алқапқа мақсары егілді

Ауыл тынысы

Калиновка  ауылындағы «Қазақстанның 30 жылдығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылма-жыл Бегалы мен аталған ауылдың аралығындағы құнарлы кең алқапқа егіс салады. Биыл да 1000 гектар жерге дәнді дақыл себуді жоспарлап отыр. Қазір Абат Қаржауов басқаратын серіктестік көктемгі далалық жұмыстарды жедел қарқынмен жүргізуде. Ылғал жабу жұмыстарын ыждағатты аяқтады.

Қобда ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов мұндағы көктемгі науқандық жұмыстардың барысы туралы:

— Бұл шаруашылық биыл да бидай, арпа дақылымен бірге, жылдағыша тары, мақсары өсіреді. Кеше ғана аралап, көріп келдім.  Қазірдің өзінде 400 гектар алқапқа мақсары егіп тастаған. Арпа дақылын себуді бастап кеткен. Өткен жылы себілген 110 гектар қара бидай егісі жақсы көктеп шығып тұр. Серіктестік көктемгі егіс науқанын мамыр айының ортасынан ұзатпай аяқтауды көздеуде, — деді.

А.ҚАЗЕКЕНОВ,

Қобда ауданы.

ОЛАР ШЕКАРАНЫ КҮЗЕТЕДІ

Отан қорғаушы қай заманда да мәртебелі мамандық саналған. Кеше ғана 7 мамырда біздің еліміз Қарулы Күштерінің құрылғанына ширек ғасыр толуын мерекеледі.

Біздің шекаралық ауылымыз Жайсаңда елге қызмет етіп жүрген әскери адамдар аз емес. Соның біразы  теміржол шекара бақылау бөлімінде қызмет атқарады. Бөлімді  майор Ерлан Нысанов басқарады. Шекара күзететін бөлімдегілердің көбі отбасылы жандар және осы Жайсаң ауылында тұрады. Әскери адамдардың алтауы жергілікті жердің тұрғындары. Ақтөбе облысының өзге аудандарынан келгендер де аз емес.

Тыныштық сақшыларына мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жылдың  төрт мезгілінде киім-кешек, үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Шекарашылар жасағына арналған спорт зал, көлік тұрағы, күнделікті сабақ өтетін арнайы кабинеттер бар.

Аманат ҚАЛПИЕВА,

Мәртөк ауданы.

БӘЙГЕНІ АУЫЛДЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ АЛДЫ

Жеңіс мерекесіне арналып Ембі-Алтынды  тасжолының оң қапталында ат  бәйгесі өткізілді. Атжарыс Ембідегі балалар жасөспірімдер спорт мектебінің  және жеке кәсіпкерлер Жайылхан Сәрсенбаев, Ибадулла Биманалиннің демеушіліктерімен ұйымдастырылды.  Атжарыста тай жарысы үш шақырым, құнан жарысы алты  шақырым, аламан бәйге  он бес шақырым болып  белгіленді.

Тай жарысының  қорытындысы  бойынша Жағабұлақ  ауылынан  Ержан Нұрланұлының «Алау» атты тайы  І орынды, Бірлік  ауылынан  Қасым Қалдықараның  «Ызғар» атты  тайы ІІ орынды  және тағы да  Бірлік ауылынан  Ислам Амановтың   «Бәйтерек» атты арғымағы ІІІ орынды  жеңіп алды.

Құнан жарысы бойынша  бірінші болып Алтынды  ауылынан  Асқар Батуалиннің «Назқоңыр»  атты жүйрігі, екінші болып  Алтынды  ауылынан Мырзаш Батуалиннің «Еркетай» құнаны келді. Ал  үштікке  Жаңажол  ауылының  «Падишақ»  атты, Аслан  Балтөре  баптаған  құнан ілікті.

Аламан бәйгеге  он тұлпар қосылған еді.  Қорытындысында  мәре сызығынан бірінші  болып  Бұлақты ауылынан  Ажар Асхаттың  Морпех атты тұлпары  өтсе, екінші болып  ембілік  Жарасхан Бисекеновтің  қара тұлпары және  үшінші болып Темір  қаласынан Жасұлан Ахметқалидың Теміртасы келді.

Аталған атжарысқа Ақтөбе  қаласынан, Хромтау, Темір, Шалқар және  Мұғалжар  аудандарының ауылдық  округтерінен де тұлпарлар қосылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге  арнайы  ақшалай  сертификаттар, мақтау қағаздар  тапсырылды.

М. ИСМАЙЛОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button