Білім

Жоспарының негізі — жаңашылдық

Ұстаз

Білім негізі бастауыш сыныптарда берілетіні анық. Ал бастауыш сынып мұғалімдерін әрі оқытушы, әрі тәрбиеші деуге болады. Олай дейтініміз, бастауыш сынып мұғалімі мектеп табалдырығын жаңа аттаған, әлі де балалықтан арыла алмаған, тіпті мектептің не екенін сезіне де қоймаған бүлдіршінге білім беру мен тәрбие ісін үздіксіз қатар жүргізіп отырады. 38 жыл бойы мұғалім болып еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты ұстаз Гүлзира Бердімұратовадан білім мен тәрбие алған шәкірттер қазіргі кезде түрлі кәсіптің иесі атанып, жақсы-жақсы қызметтерде қоғамның белсенді азаматтары атанып жүр. Ұстаз шәкірттерін мақтан етеді.

Гүлзира Бердімұратова ұстаздық жолын 1979 жылы Шалқар ауданы Бершүгір орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып бастады. 1995 жылдан бері Ақтөбе қаласы Кірпішті ауылындағы №18 орта мектепте еңбек етіп келеді. Айта кету керек, сол жылы мектепте бастауыштан шығып отырған алғашқы 5-қазақ сыныбына жетекші болып, 9-сыныпты бітіртіп шығарды. Бұл оқушылар мектепті алғаш бітірген қазақ сыныбы болып саналады. Осы мектепте ұстаздық еткен 22 жылдың 8 жылында қазақ тілі мен әдебиеті және музыка пәндерінен сабақ берсе, қалған 14 жылында бастауыш сынып мұғалімі болып келеді.

Оқушыдан жақсы нәтиже күту үшін мұғалімнен аса сауаттылық, жоғары деңгейдегі білім дәрежесі талап етіледі. Ол үшін үнемі ізденіп, жаңалық жаршысы атанып, сабағы оқушыны қызықтыратындай, білім мен тәжірибені ұштастыратындай, нәтижелі білімге жетелейтіндей болуы шарт.

— Сабақ бір сарынды, бірізді емес, заман ағымына сай жаңа технологиялық әдістерді пайдаланып, пәндерді кіріктіріп оқыту арқылы түрлендіріп отыру керек деп ойлаймын, — дейді ұстаз. — Мен өз тәжірибемде пәндерді кіріктіре оқыту арқылы оқушыларды шығармашылыққа үйрете отырып, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбие беруді ұштастырып келемін.

Гүлзира Жұмабайқызы оқушылардың шығармашылығын арттыратын сабақтарды өткізу жоспарын жасау кезінде оқушылардың қабілеттерін ескеріп отырады. Шығармашылық сипаттағы сабақтардың жоспарын жасау үшін тақырыбы, мақсаты, әрекет түрі және нәтижелері бір-біріне жуық, байланысты сабақтарды топтастырып, таңдап алады. Көбіне ол әдебиеттік оқу пәнін музыка пәнімен ұштастыра оқытады екен. Бұл екі пән де өнер пәніне жатады. Ал екі өнер пәнін кіріктіре оқытқанда оқушы үлкен әсер алып, мол деректер жинақтап, білімнің нағыз қайнар көзімен сусындайды.

Пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың жеке шығармашылық дағдыларын дамытуды мақсат еткен Гүлзира «Қос өнер әлемі» атты арнайы курс бағдарламасын дайындап, 2-4 сыныптарда өткізіп келеді. Мақсат — сөз өнері мен саз өнерінің тізгінін қатар ұстаған Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Біржан сал, Махамбет, Сәкен сынды тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жете таныстырып, өмір жолдарын үлгі етіп, балалардың ұлтына деген мақтаныш сезімдерін ұялату. Осылайша оқушылардың шығармашылығын дамыту, ақындық, сазгерлік қабілеттерін ашу мақсаты да жүзеге асады.

Үнемі ізденісте жүретін тәжірибелі ұстаз 2010 жылы қалалық «Әдістемелік жұп» тобының құрамында болып, «Үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс» тақырыбында 4-сыныпқа арналған әдістемелік құрал жазуға қатысты. Сол жылы «Бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту жолдары» атты облыстық семинарда «Жаяу Мұса мен Махмұт» тақырыбында әдебиеттік оқу пәнінен панорамалық сабақ жүргізді. Тек облыстық қана емес, сондай-ақ республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, өзінің тәжірибесін бөлісіп отырады. Мәселен, 2011 жылы өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда «Қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесінің тәрбиесі негіздері» тақырыбында баяндама жасап, ол баяндама конференция материалдарының жинағына енді.

№18 орта мектеп директоры С.Тойшымановтың Гүлзира туралы берген мінездемесінде былай депті: «2013 жылы Астана қаласында өткен «Менің педагогикалық мамандығым» атты І халықаралық педагогикалық шеберлік конкурсында «Педагогикалық біліктілікті жетілдіру» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. 2014 жылы облыстың ғылыми-тәжірибелік орталығынан «Әдебиеттік оқу сабақтарын музыка өнерімен кіріктіре оқытудың тиімділігі» атты бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралы шықты».

Облыс ұстаздарының іс-тәжірибелерін көрсетуге арналған «Ұстаз» газетінде, «Өрлеу» ақпараттық-әдістемелік журналында ғылыми-әдістемелік материалдары жарияланып тұрады.

Гүлзира Бердімұратова жетекшілік еткен шәкірттері де әр жылдары түрлі сайыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Бір шәкірті Әсемгүл Дауғарина зияткерлік мектебіне қабылданды. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Тәуелсіздікке жол» шығармалар сайысында А.Жақсығалиева Алғыс хатпен марапатталды. Төрт шәкірті — А.Жақсығалиева, Ж.Жақсығалиева, А.Таңатова, А.Раматулла «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Сократ» математикалық ойын-байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Б.Ержан, М.Мұратова сынды оқушылары «Зерде» республикалық конкурсының қалалық, облыстық кезеңдерінде жүлделі екінші-үшінші орындардан көрінді.

Педагогика саласындағы шығармашылық еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары үшін Гүлзира Бердімұратова екі рет облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Түрлі педагогикалық конкурстар мен интеллектуалдық марафондарда, байқауларда алған дипломдары мен сертификаттары, Алғыс хаттары бір бөлек.

Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button