Жеңіс

Батыр деп бағаланған жан

Жалпы Ұлы Отан соғысының тарихына сараптама жасап, жеңістер мен жеңілістерді талқыға салғанда қазақ жауынгерлерінің рухани өрлігі, батылдығы мен тапқырлығы, қайтпас қайсарлығы жоғары бағаланады. Осындай сапта аталатын жауынгерлер қатарына Жоныс Мұхамбетов есімін батыл қосуға болады деп ойлаймыз. Оның жауынгерлік ерлік жолдары осыған дәлел.

Ең алдымен мына дерекке назар аударалық. Соғыс жылдарында майданнан Ақтөбе облыстық партия комитетіне келген бір хат күні бүгінге дейін сақтаулы. Оны жолдаушы бөлімше командирі, гвардия майоры Иванов екен. Хаттың мерзімі де сақтаулы: 1942 жылдың 23 қарашасы. Онда былай деп жазылған:

«Менің гвардиялық бөлімшемде қазақ халқының ұлы, гвардия сержанты, коммунист Жоныс Мұхамбетов қызмет етеді. Ол армия қатарына алынғанға дейін Қостанай педагогика инстиутында оқыған, ал туған жері — Ойыл ауданының 9-шы ауылы.

Атақты қазақ батыры Амангелдінің жерлесі неміс фашистерімен шайқаста өзінің батылдығымен, табандылығымен, тапқырлығымен, ерекше ерлігімен және ақылмен қимылдауымен даңқы шығуда.

Біздің батыр ұлдарымыздың бірі ретінде барлаушы Мұхамбетовті мақтан етеміз. Мұхамбетов шайқасқа шыққан жердің қай-қайсысында да жаудың оқ ату пункттері талқандаусыз қалмайды. Ол қауіпті аймақтарды тез айқындап алып, олардың көзін жойып отырады. Біздің кеңестік артиллерия оның тапқырлығы нәтижесінде талай жеңістерге қол жеткізді.

Жауынгер Мұхамбетов соңғы күндердің өзінде ғана жалғыз жүріп жаудың 3 артиллерия батареясын, 3 миномет батареясын және 19 оқ ату ұясын анықтады. Үш күн қатарынан алғы шепте жау оғы астында отырып, рация арқылы біздің артиллеристерді фашистердің ортасына бағыттады.

Ол үш рет жарақат алды. Сонда да алғы шепте қала берді. Осындай сәттердің бірінде өз қаруымен жаудың екі танкісін отқа орады.

«Ленинград үшін! Қазақстан үшін! Біздің тамаша қыздарымыз үшін!» — ол жауға қарсы шабуылға шыққанда осылай ұрандайды.

Бостандық сүйгіш қазақ халқы өз Отанына берілген жауынгер Жоныс Мұхамбетовтің ерлігі туралы біліп жатса, біз бұған ерекше қуанар едік».

Бұл хаттың біз үшін құндылығы ерекше. Өйткені, Қазақстан жауынгерлерінің соғыстағы ерлігі туралы мұндай ақиқат мойындауларға негіз болатын жазбаша деректер сирек кездеседі. Рас, Кеңес Одағының хас батырлары Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия, Мәншүк туралы ресми құжаттар жеткілікті. Ал көптеген ерліктерді біз негізінен естеліктер тұрғысындағы әңгімелер арқылы білеміз.

Ладога көлінен өзен ағысы бойынша 12 шақырым төменгі деңгейдегі Дубровка поселкесі аумағындағы Нева алаңқайы деп аталатын плацдарм соғыс жылдарында алапат адам қырғыны болған жер деп саналады. Ол осында соғысып, қанды қырғыннан аман қалған. Ленинградтықтар соғыстан кейінгі атаулы Жеңіс күндерінде Ақтөбеге жеделхат салып, қазақ жауынгерді үнемі құрметтеп шақырып отырғаны да ерлікке құрмет реті шығар, сірә.

Тұрған үйіне тақта орнатылды

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жоныс Мұхамбетовтің Қобда кентіндегі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылып, ол Жеңіс мерекесіне орай салтанатты жағдайда ашылды. Салтанатқа майдангердің көзін көрген қобдалық азаматтар, алыстағы-жақындағы ұрпақтары қатысты. Күйеу баласы Өтеміс Ұлықпанұлы мен қызы Жансұлу Жонысқызы ардагердің майдандағы және еңбектегі ерліктерін ескеріп, мемориалдық тақта орнатқаны үшін ауданның әкімшілігіне, жұртшылығына алғыстарын білдірді.

А.ҚАЗЕКЕНОВ,

Қобда ауданы.

Жоныс Мұхамбетов елге жеңіспен оралғаннан кейін Ойыл ауданындағы Қараой жетіжылдық мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Содан кейін аудандық партия комитетінің насихатшысы, ал Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң Қобда, Ойыл аумақтық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарады. Сол тұстарда елдегі тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысады. Аудандық партия комитеттерінде үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Қобда аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерінде болады. Республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шығады. Оның жауынгерлік ерліктері, бейбіт күндегі адал еңбегі ескеріліп, Ақтөбе қаласынан кезектен тыс пәтер беріледі.

Ол зейнет демалысына шыққаннан кейін жиырма жыл бойы «Білім» қоғамының облыстық бөлімшесіне жетекшілік етті, сөйтіп, халықпен тығыз байланыста болды.

Жөкең адамдармен араласып, пікірлесіп, ойларын білдіріп отырғанды дұрыс деп санайтын. Ол Әлия батырдың нағашысы Әубәкір Молдағұловпен сыйластықта қатысып тұрды. 1960 жылы республикалық ДОСААФ ұйымының съезіне делегат болып барғанда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов екеуі етене танысып, содан бергі уақытта достық, жолдастық, жауынгерлік жақындықта болды.

Халық қаһарманы, қазақтың ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова және оның жұбайы, экономика ғылымдарының кандидаты Шәку Әміровпен оны Алматы жоғары партия мектебіндегі оқу жылдары табыстырды.

Жоныс Мұхамбетовтің жауынгерлік және бейбіт күндегі еңбектері «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, сондай-ақ бірнеше әскери медальдармен атап өтілді.

Майдангердің әскери костюмі Қобда ауданындағы Әлия батыр мұражайында ілулі тұр.

Жоныс Мұхамбетовтің қызы Жансұлу қазір Ақтөбеде тұрады. Немерелері Ардақ, Жанна, Дана, Бибігүл, Ерлан, тағы да басқа ұрпақтары әр түрлі салада еңбек етуде.

Ұзақ жылдар бойы облыста басшылық қызметте болған, тарихымызды түгендеп отыратын ілгері буын өкілі Кеңес Нокин «Жөкең омырауында Алтын жұлдызы жоқ батыр ғой» деп айтып отыратын. Шамасы, өзінен он жас үлкен шамадағы абзал ағаның майдандағы да, бейбіт күндегі де азаматтық, ел сүйгіштік, жан-жағына жанашырлық қасиеттерін бағалағаны болса керек. Сол бағалауды біз қазір де қайталап айтқымыз келеді.

 Өтеміс ӘКІМОВ,

еңбек ардагері.

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button