Ауыл

Радиосы бар мектеп

Шалқар ауданындағы №8 орта мектепте мектепішілік «Шалқар шабыт» радио торабы өз жұмысын бастады.

Күн сайын өткізілетін хабарға мектептегі сыныптар белсенділік танытып, үзіліс кезінде жүргізілетін бағдарламаларға оқушылар қызықты мәліметтерін әкелді.

Радионың «Ойлан тап» айдарында оқушылар логикалық сұрақтардың жауабын тауып, сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болса, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» айдары бойынша оқушылар пән мұғалімдерімен бірлесе отырып, үш тілде  шағын әңгіме, шешендік сөздер, тәрбиелік мәні бар мәтіндер, өлеңдер оқуды дәстүрге айналдырды.

Радионың «Адам болам десеңіз, Абайды оқы, ерінбе» атты айдарында Абайдың қара сөздері оқылса, «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» атты айдарда поэзияға жаны құмар оқушылардың авторлық шығармалары жарияланды.

Сондай-ақ жуырда «Ең үздік радио тілшісі», «Ең үздік радио дикторы» атты радио жүргізушілерінің кастингі өтті. Кастингке әр сыныптан үміткер ретінде белсенді оқушылар қатысты. Сайыстың шарттары бойынша берілген мәтіннің дұрыс оқылуы, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнері ескеріліп, екі минуттық репортаж дайындау кезінде кейбір оқушылар шеберлік танытты. Бұл кезеңде бейнежазбаның сапасы, қойылған сұрақтардың өзектілігі, жауаптың ұтымдылығы қазылар алқасының назарында болды. Сайысқа қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар үздік операторлардың жұмыстары да ескерілді. Радио тілшілердің дайындығы мен ізденімпаздығы да тыңдармандарды таңғалдырды. Жас дикторларды іріктеп, оларды дайындаған сынып жетекшілерінің де еңбегі ерекше.

Айта кету керек, бұл сайыста Назерке Нұрмұханбетова, Аяулым Махтымханова, Амангүл Достанова, Томирис Қуанышева, Томирис Жеткергенова, Венера Тұрдиева, Аружан Рашидова, Ақниет Әскербековалар жүлделі орындарға ие болды.

Зәуреш МАХАЕВА,

директордың оқу-тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары,

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button