ЖеңісМереке

Берлинге дейін барған

Сұрапыл жылдары қан майданның қақ ортасында жүріп, ерлік көрсеткен, бергі бейбіт кезеңде ауыл шаруашылығы саласында адал еңбек еткен майдангерлер аз емес. Солардың бірі — соғыс және еңбек ардагері Бисеналы Өмірбаев.

Ол 1906 жылы Новоресей ауданы Мағаджан (қазір бұл ауыл Қарғалы селолық округіне қарайды – авт.) кеңшарындағы №5 фермада дүниеге келген. Бастауыш сыныпты бітірмей-ақ еңбекке ерте араласып, кеңшарда әртүрлі жұмыстар атқарған.

1941 жылы маусым айында ол әскер қатарына алынып, №605-атқыштар полкінде нысанашы болған. 1944 жылы №218 атқыштар полкіне ауысып, ол жерде де пулемет нысанашысы болып қызмет еткен.

Бисеналы Өмірбаев 1944-45 жылдары №48, №49, №390, №44 атқыштар полкінің құрамында болып, қалың әскермен Берлинге дейін барған.

Майдангердің қызы Ділдәш Өмірбаеваның айтуынша, майдангер 1945 жылы елге аман-есен оралған.

Әкеміз кеңшарда мал бағу, егін егу жұмыстарын атқарған. Соғысқа дейінгі жылдары анамыз Дәмелімен отбасын құрып,1939 жылы апам Жұмаш дүниеге келген. Соғыс басталған жылы Жұмаш екі жаста екен. Ал мен әкем соғыстан оралғаннан кейін, 1947 жылы дүниеге келгенмін. Әкем майдан даласында жүріп, басынан және сол жақ қолынан жарақат алған. Елге келген соң ол денсаулығына қарамастан жұмысқа кірісіп кетіпті. Себебі ол бізбен қатар ағасының да екі баласын асырап, өсірген. Соғыстан кейінгі жылдары екі отбасын асырау өте қиын еді. Соған қарамастан әкем бізді ешкімнен кем қылған жоқ, — дейді Ділдәш Өмірбаева.

Бисеналы Өмірбаев майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар ол Мәскеу қаласында Жеңістің 30 жылдығына арналған шеруге де қатысқан.

Әкем бізге: «Майдан даласында оқ жаңбырша жауып тұрды. Тіпті қалай тірі қалғанымды білмеймін. Көретін жарығым бар шығар…» деп отырушы еді.

Жыл сайын әкем Жеңіс күнінде соғыста бір полкте болған досы Крюченов пен көршісі Жалғас Дүйсенбин үшеуі бас қосып, мерекені атап өтетін. Ауылдастарына майдандағы ерліктері туралы әңгімелеп беретін, — дейді майдангердің қызы.

Бисеналы Өмірбаев майданда орыс жігіті Крюченов екеуі бір пулеметте болған. Бірі пулеметті оқтап тұрса, екіншісі жауға қарай оқ жаудырыпты.1945 жылы кеңес әскері жауды жеңген соң майдангер досы Крюченовтың ата-анасын іздеп Украина жеріне барады. Алайда ата-анасының тұратын үйі жермен-жексен болғанын көрген орыс жігіті сүйген қызы Марусяны ертіп, майдангер досымен Мағаджанға келеді. Бисеналы Өмірбаев досының отау құрып, жұмысқа орналасуына көмектеседі. Сөйтіп, Крюченов Мағаджан кеңшарында ұзақ жылдар өмір сүріп, кейін осы жерде дүниеден өтеді.

Әкеміз достыққа, жолдастыққа адал болды, өзгелерге үнемі қамқор болып жүретін. Анам екеуі үлгілі отбасы болып, бірге қартайды. Әкем 1976 жылы ауырып дүниеден өтті. Ал анамыз Дәмелі 1984 жылы қайтыс болды. Ата-анамыздың мәңгілік мекені — Мағаджанда, — дейді Ділдәш апа.

Майдангер елге оралған соң кеңшарда соғыстан кейінгі тұралап қалған шаруашылықты қайта қалпына келтіруге, халықтың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төккен. Ол тың және тыңайған жерлерді игеруге де қатысқан.

1957 жылы майдангер ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі  Президиумының «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», сондай-ақ «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысына Новоресей ауданынан (қазіргі Хромтау ауданы) 12306 адам аттанған. Олардың 3165-і майдан даласынан оралмаған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button