ЖеңісМереке

Жеңісті Берлинде қарсы алған

Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагері Ажар Оразғалиеваның  үйіне  бардық. Биыл 93-ке қараған кейуананың қимылы ширақ, сөзі түзу. Соғыс жылдарындағы қиындықтарды әңгімелеп берді.

Ажар Оразғалиева —  жеңісті Берлинде қарсы алғандардың бірі, Атырау өңірінде туған. 18 жасында соғысқа сұранып барған.

— Мен үш жасқа толғанда  әкем қайтыс болып, анам  сіңлім және інім үшеуімізді алып  Атыраудан Доссорға көшкен. Доссорда 8 жылдық мектепті аяқтадым. Соғыс басталғанда 17 жаста едім. Аудандағы есеп бөлімінде жұмыс істеймін. 1942 жылдың жазында азаматтарды соғысқа жіберу үшін іріктеу жүрді. Құрбым Жәния Берниязова  «ауданнан 17 адам кетеді екен, біз де барайық» деді. Дереу екеуіміз арыз жаздық. Бір аптаға жетпей бізді Атырауға алып кетті. Сол кезде Атырауда 416-әуе атқыштар дивизиясының пойызы тұрды. Барлығымыз сол дивизия құрамына қабылданып, бір ай дайындалдық. Бізді зенитші болуға машықтандырды. Қаруды қалай пайдалану, мергендік әдістерді үйретті.  Әлі есімде, майданға аттанар сәтте ұзын шашымды қиып, анама беріп кеттім. Анам жылап жүр. Ал мен баламын ба, әлде соғыстың қандай екенін көрмегесін түсінбедім бе, білмеймін, жүрегімде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Тіпті оқ пен оттың ортасына бара жатырмын  деп те ойламадым,— дейді ардагер.

Бір айдан соң зенитші қыздарды нағыз шайқас жүріп жатқан Курск түбіне жібереді. Бұл жерде соғыс үш айға созылады. Әйгілі Курск доғасындағы ұрыста солдаттар  күні-түні ұйықтамай жаумен алысады. Ажар әже зеңбіректің қасынан бір қадам ұзамай, ай бойы жауға қарсы тұрады.

Орел, Харьков, Брянск қалалары жаудың қолында. Немістер енді бір күш жинаса,  Курскіні басып алуы мүмкін. «Қаланы жауға бермейміз» деп сарбаздар күні-түні ұрыс жүргізіп жатты. Біз тіпті зеңбіректің қасынан бір қадам ұзаған жоқпыз. Қаруды құшақтап отырамыз. Ұйқы жоқ. Адам ұйқысыз  өмір сүре береді екен, тіпті көзіміз ілінбейді. Аспаздар тамақты өздері әкеліп береді. Күні-түні әуеде ұшақтар ұшып жүреді. Күнде бомба, күнде өрт. Ұшақтармен бомбалап жатады. Зенитші қыздар немістің ұшақтарын  атып түсіреді, — дейді ардагер.

Үш айдан соң ғана жау әскері әлсірей бастайды. Кейін дивизияны  Украина даласындағы ұрысқа жібереді. Киев түбіндегі шайқасқа қатысады. Осы ұрыста Ажар әже ауыр жараланып, құрбысы Жеміс көз жұмады.  Жамбасына жарықшақ тиіп, жүре алмай қалған Ажар Оразғалиеваны госпитальға алып кетеді. Бірақ қайсар қыз кері қайтпай, майдан даласына қайта оралады. Украина, Румыния, Беларусь далаларындағы ұрысқа қатысады. Ауыр зеңбіректерді сүйреген кезін, сүйектен өтер суыққа тоңғанын, оқ пен оттың ортасындағы ауыр күндерді Ажар әже ешқашан ұмытпайды.

7 мамыр күні Берлинге келген соң, неміс әскерлерінің әлсірегенін естідік. Бірақ сарбаздар оны айқайлап айта алмайды. Бәріміз өзара сыбырласамыз. Соғыстың аяқталғанын 8 мамыр күні түнде естідік. Сол күні сағат  түнгі 2.00-де қасымдағы қыз бекетті маған тапсырды. Ай сүттей жарық болатын. Бір кезде біздің майор ұзын эшелонды бойлап жүгіріп келе жатыр. Қуанышында шек жоқ. «Қыздар, жігіттер, соғыс аяқталды!» деп қуана айқайлап келеді. Мен де қуанғанымнан қыздарды ояттым. Барлығы атып тұрды. Бір-бірлерін құшақтап, қуаныштан көз жастарына ерік берді, — дейді Ажар әже.

Берлинде Жеңісті үш күн тойлайды. Кейін Венгрияның Будапешт қаласында қаруларын тапсырып, елге қайтады. Туған үйіне келгенде алдынан сіңлісі жүгіріп шығады. Ал анасы қуаныштан құшақтай бергені әлі күнге дейін есінде.

Ажар әже отбасының жадау тұрмысын көріп, еңбекке бірден араласады. Өзі секілді майдан даласынан оралған Ғабидолла Оразғалиевқа тұрмысқа шығады.

Ғабидолла Оразғалиев  — екі бірдей соғысқа, яғни фин соғысы мен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер. 1941 жылы елге қайтқалы тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, майдан даласына қайта оралады. Соғыста  мергендігімен аты шығады. Ол атқан зеңбіректің оғы жау танкісін жайратып салатын болған. Кейін Челябі қаласы маңындағы ұрыста танк командирі болады. Оның басқарған танкісі талай жаудың бетін қайтарған. Ажар әже шалының сол еңбегі жазылмай қалғанына қынжылады. Үйдегі ескі альбомдағы Ғабидолла атаның танкке мініп түскен суреттерін көзінің қарашығындай сақтап жүр. Ғабидолла ата осыдан он шақты жыл бұрын қайтыс болыпты. Екеуі төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары өз алдына отау тігіп, қыздары тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Қазір екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі бастаған көптеген марапаттардың иесі, «Батыр Ана» Ажар әженің 10 баласынан 12 немересі, 15 шөбересі бар. Әженің ендігі тілегі —  елдің амандығы мен жұртының тыныштығы.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button