ЖеңісМереке

Сержант Құдайберген

Құдайберген Төребаев соғыс басталған кезде жиырма сегіз жаста болатын. Сол кезде ол теміржол күзетінде қызмет істеп жүреді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты оларға деген талап күшейіп, жауапкершілік жүгі арта түседі. Ембі қаласындағы темір көпір, су айдайтын желі секілді маңызды нысандар күзеттің қырағы назарына алынады.

Осындай жауапты қызметте жүрген Құдайбергенді көп ұзамай армия қатарына шақырып, алғашқыда Чкаловтағы әскери бөлімде жаттығудан өтеді. Осында екі ай бойы таңның атысынан күннің батысына дейін оларды соғыс әдісіне үйретеді.

Жауынгердің кейінге қалған күнделігі беттерінде: «Сол жерде үш полк жасақталды. Олар: 18-ші, 22-ші және 31-ші полктер. Мен солардың ішіндегі 22-ші гвардиялық полкте аға сержант шенімен бөлімше командирі болып тағайындалдым» деп жазылыпты.

Жаттығу кезеңінен өткен жауынгерлер эшелонға тиеліп, батысқа қарай жол тартады. Олар Мәскеуге жеткенде осында үш күн кідіріп қалады. Себебі, жаудың әуе күштері үсті-үстіне бомбылап, одан әрі қарай жолды жауып тұрған болып шығады.

Қолайлы сәтте батысқа қарай тағы да жолға шыққан пойыз кілең кідіріспен екі-үш күн жүрген соң, бір бұрылысқа аялдайды. Сонымен үш полктің жауынгерлері енді қолдарына қару алып, саппен жаяу жорыққа шығады. Олардың алдарына ілгерідегі қалың орманға жедел жету міндеті қойылады. Сол орманнан шыққан шеру Смоленск бағытын ұстанады. Жауынгерлер осы тұста соғыстың салмағын шынайы сезініп, атылған оққа тап болып, үрейлі тұрғындардың жүзінен қауіп-қасірет табын көреді.

Жоғарыдан келген бұйрық бойынша жаңа жасаққа Великие Луки аймағына жету тапсырылады. Тағы да күнделікке үңілсек, «Жаяу жолға шықтық. Күн батып бара жатқанда сапқа тұрып, ілгері тартамыз, ал таң сарғайып атып келе жатқанда бір орманға барып тоқтаймыз. Онда да көп демалыс берілмейді, кешке дейін ағаш кесеміз немесе қорғаныс үшін жер қазамыз, блиндаж әзірлеп кетеміз. Тағы да жол. Артымызда келе жатқан азық-түлік тиеген көлік бізге жете алмай қалады, өйткені жол көбінесе батпақты. Жорыққа шыққан жеті күн ішінде бізге екі күнде ғана нан таратты. Жол қиындығына шыдамай, жүруге жарамай қалған жауынгерлер де болды. Олардың қаруын біз қоса арқалаймыз» деген жолдар сол уақыттың көрінісін бергендей.

Құдайберген Төребаев қызмет ететін полк сол Великие Луки түбінде соғысқа кіреді. Осында жаумен кескілескен шайқастар жүреді. Үш батальонның адамы шабуылға үш рет көтерілгенде бастапқы қарақұрым жауынгерден отыз адамдай ғана қалады. Сол топта Құдайберген де алғы шепте жүреді. Ол басқарған бөлімше аз күнде тәжірибе жинақтап, оңтайлы ұрыстар жасау, жауды шегіндіру секілді маңызды міндеттерді орындауда көзге түседі.

Сержант Құдайберген өзі жаумен батыл шайқасып қана қоймай, қарамағындағы жауынгерлерін де соңынан ерте біледі. Соның нәтижесінде олар неміс фашистеріне бірнеше рет аяусыз соққы ұйымдастырады.

Неміс фашистерімен шайқастардың бірінде Құдайберген Төребаев оң қолынан екі жерден жаралы болып, Челябинскідегі әскери госпитальда сегіз ай емделеді.

«Әкем соғыс жолдары туралы әңгіме айта бермейтін. Бірақ қан майданда қыршын кеткен жолдастарының тағдырына қынжылып отыратын. «Бейбіт күннің қадірін біліңдер» деуші еді ылғи», — деп еске алады жауынгердің қызы Күләш Құдайбергенқызы.

«Отан соғысы» орденінің, бірнеше жауынгерлік медальдардың иегері Құдайберген Төребаев соғыстан соң Бершүгірдегі әк шығаратын зауытты басқарады, ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарады. Отбасында алты перзент дүниеге келеді.

1992 жылы дүниеден өткен қадірлі қарттың ұрпақтары бүгінде тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі жолында қызмет етуде.

 Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.                    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button